Қазақ поэзиясындағы өр мінезді, асау, арқалы ақындардың бірі һәм бірегейі – айтулы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақытжан Алдияр десек, қателеспеспіз.
Ақынның «Қазығұрттың қоңыры» атты кітабын оқыған боларсыз. «Көк бөрінің жыры», «Ауылға жазған арзулар», «Қаратау қызына хат» және «Сезімдер сөйлегенде» деп аталатын бөлімдерден тұратын кітап жырсүйер қауымның жоғары бағасын алған-ды. Жырлары қазақтың қара өлеңіне тән ұлттық ерекшеліктерімен, лирикалық терең иірімдерімен, қуаттылығымен, шынайылығымен ерекшеленетін Бақытжан Алдиярды осы кітабы жарық көрген соң да Қазығұрттың қоңыры деп атайтындар көбейген болатын. «Оңтүстікте мен білетін сұрапыл бір сары бар. Ол – Бақытжан Алдияр», депті Қадыр Мырза Әли. Сол сұрапыл ақын бүгінде ердің жасы – елуге толып отыр. Осы орайда ақынның мерейтойы Оңтүстік өңірінде барлық сән-салтанатымен атап өтілмек. Яғни, ертең 14 қараша күні сағат 16.00-де Түркістандағы «Фараб» кітапханасында, ал 15 қарашада сағат 16.00-де Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығында ақын Бақытжан Алдиярдың шығармашылық кештері өтеді
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық, республикалық мүшәйралардың, «Сорос-Қазақстан» халықаралық қоры әдеби сыйлығының жүлдегері, Республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың, Президент тағайындаған арнайы стипендияның екі дүркін иегері, сондай-ақ Сорос қорының, Түркістан, «Серпер» жастар сыйлықтарының жүлдегері Бақытжан Алдиярмен осынау мерейтойы қарсаңында жүздесіп, сұхбаттасқан едік.
Атақты Мәулана Атаи біздің Тұрбатта дүниеге келген
– Бәке, өлеңді қай кезден бастап жаза бастадыңыз? Ақындық қанмен, тектілік тінімен келетінін айтушылар көп, өзіңіздің ақын екеніңізді қай кезден бастап сезіндіңіз?
– Менің әкем өлең жазған жоқ. Бірақ соған жақын болды. Мен атам Алдиярдың қолында өстім. Оның әкесі Ержан да шешен болған кісі. Алдияр атаммен кішкентай кезімде айтысатыным еміс-еміс есімде. Ол кезде сол 5-6 жаста болуым керек. Сонда атам «Бақытжан пұшық, мұрын кетіп барады аспанға ұшып» дейтін. Мен домбыраммен, домбыра тартуды бес жасымда үйреніп алғанмын, оған пұшық болсам өзіңе тартқанмын да деген секілді жауап беретінмін. Бұрын шопандардың тойы, слеті болатын. Сол тойда айтысқаным есімде. Ол кезде қазақша киім жоқ. Шешем барқыттан қолдан тігіп берген. Суреттері әлі бар. Бесінші сынып оқып жүргенімде ауылға жездеміздің досы, ақын Әбілхан Әбіласанов келді. Сол кісі менің өлеңдерімді жазып алып кетті. «Қазақ тілі мен әдебиеті» деген республикалық журнал болған. Сол жерде менің «Мектебім» деген өлеңім шыққан. Бұл 1985 жыл еді. Содан он жылдай айтысқа қатыстым. Ең соңғысы 1994 жылы Көкшетауда Мәлік Ғабдуллиннің 80 жылдығында айтыстым. Содан кейін айтысты қойып кеттім. Тастамас па едім, рухани ұстазым, өнердегі әкем Мархабат Байғұт жазба ақындыққа кетуге кеңес берді. Кітабым шыққанда алғы сөзінде Махаң: «Егер мен тоқта демегенде Бақытжан інім он көлік болмаса да 5-6 мәшине мінер еді» деген еді. Өзім де айтыстан кеткім кеп жүрген, Махаңның сөзі соған әдемі түрткі болды. Айтысқа сонша құмар болған жоқпын, сосын бойымда әртістік қабілет те жоқ еді. Сөйтіп әрі-сәрі күйде жүргенімде ғой Махаңның «осы айтыста қоя салсаң қайтеді» деп ақыл айтқаны.
– Биыл ердің жасы елуге толып жатырсыз. Елге есеп беру мақсатында өткізетін шығармашылық кешіңіз жайлы тарқатып айтсаңыз.
– Негізі елу жасты онша тойлай қойғым жоқ еді. Достарым, аға, іні бауырларым қоймады, атап өтпесе болмайды деп. Өзімді өмірде бір нәрсе тындырған адам деп санамаймын. Өлең жазсам, өзім үшін жазам. Оны жазбасам ауырып қалам. Маған бір ауырлық түседі. Бақсылық деген болады ғой. Оны ұстамасаң өзіңе кесірі тиеді. Бұл да сол сияқты ғой. Қиын нәрсе қысқасы. Өзім соңғы кезде өлең жазбай кеттім. Бірақ түсімде жазам. Жазғанда да керемет өлеңдер туады. Оянған соң бәрін ұмытып кетем. Бірақ кейін өлең жазғанда түсімдегі өлеңдердің кейбір элементтері сол жерде жүреді. Жазып болып оқыған соң «е, мен мына өлеңді баяғыда түсімде көріп едім ғой» деп сол кезде барып есіме түседі. Иә, шығармашылық кеш өткіземіз, оған өнерде жүрген елімізге белгілі азаматтар қатысады деп отырмын. Сондай-ақ қонақтардың ішінде Президент кеңесшісі, Мәжіліс, Сенат депутаттары да болады.
– Мақтан етерліктей өлеңдеріңіздің көптігі елге мәлім, яғни оқырман қауым сізді ерекше дарынды ақындардың бірі санайды. Демек жарты ғасырдың босқа өтпегені, дегенмен өткен күндердің «әттеген-ай» дейтін тұстары бар ма?
– Еңбегімді халық бағалар, ал «әттеген-ай» деген тұстарым өте көп негізі. Бірақ артымда із қалдыратын туынды жасағым келді. Шығыстың поэзиясында жұлдыз болған ақындар бар. Шығыстың жеті жұлдызы деп жатады. Негізі ол одан да көп. Соның бірі әрі бірегейі – өзбек жазба әдебиетінің негізін қалаған Әлішер Науаи. Ал оның пір тұтқан ұстазы Мәулана Атаи. Атаи – аталардың баласымын деген сөз. Мәулана парсы тілінде данышпан деген сөз. Мәулана Атаи Әлішер Науаидың ұстазы болғаны үшін өзбек ағайындар оны өзбек қылып алды. Біз одан кезінде айырылып қалдық. Мәулана Атаи Тұрбатта дүниеге келген. Ясауи бабамыздың немере ағасы хазіреті Ысмайылдың ең кенже баласы. Бірақ ілім-білім іздеп, өмірі Иран, Ауғанстан, Үнді жерінде Иракта өткен. Қабірі Ауғанстандағы Балх қаласында қалған дейді. Біреулер қартайған соң елге келгенін айтады. Мен сол Балхта қалған шығар деп ойлаймын. Сол жерлесім, ауылдасым Атаиды қазаққа қайта қайтарып бердім. Оның өлеңдерін тұңғыш рет көркемдеп аудардым. Ол бір. Екіншісі, мына шах Бабырдың шығармаларын қазақша көркемдеп тәржімаладым. Шах бабыр десе есімізге Бабырнама түседі. Ол Моғолстан империясын құрған ұлы патша ғана емес, мықты математик, сұмдық астроном болған адам. Сосын керемет ғажап ақын, шайыр болған кісі. Мәуереннахрдың ресми жазуы – шағатай тілі еді. Бірақ сол заманда Бабыр жазуы деген болған. Ол мықтылығының бір айқын дәлелі. Мысалы, Әлішер Науаидың жазуы деген жазу жоқ қой. Ал тарихта Бабыр жазуы деген жазу қалған. Соның толық шығармаларын, ғазалдарын қазақ тіліне тағы да көркемдеп аударып шықтым. Ол дегеніміз үлкен-үлкен, қалың-қалың кітаптар. Үшіншісі, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Жаһаннама» деген Шығыс ертегілерінің желісімен жазылған үлкен шығармасы бар. Соны да көркемдеп қазақшаға аудардым. Осы үшеуі – менің мақтан етер еңбегім. Ал қалған жазғандарым түк те емес. Кейде Шалкиізді, Қазтуған, Ақтамберді, Доспамбеттерді оқимын ғой, бұлар жыраулар поэзиясының жауһарлары, сол кезде өзімнің жазғаныма намыстанамын. Жыраулардың қасында біздің жазғанымыз әншейін-ақ. Олардың алдында басқа ақындардың да жазғандары түк те емес. Осы жерде мен Абай Құнанбаевтың толық адам ілімі, басқа да пікілерімен толық келісемін. Бірақ Шортанбай, Дулат Бабатайұлы жайында айтқандарымен келісе алмаймын. Өйткені олар да ұлы ақындар.
Ол кездегі БАҚ беделді еді
– Сіз біраз салада қызмет атқардыңыз. Соның ішінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде редактордың орынбасары болып істедіңіз. Сол кездегі БАҚ пен қазіргі БАҚ-ты салыстырып айтып бере аласыз ба?
– Сұрағыңа орай мына әңгіме еріксіз есіме түсіп отыр Байекең, Байдулла Қонысбек айтқан, көп жәйтті аңғартатын бір оқиға бар еді, бұрынғы кеңес заманында колхоздың ба, совхоздың ба бір директоры әйеліне қиянат жасап қойып, ажырасады. Сол кездегі газеттің құдыретін қараңыз, «Оңтүстік Қазақстаннан» журналистер барса, анау: «маған ең ауыр нәрсе партиядан шығару, мейлі шығарса, шығара берсін. Одан да ауыры газетке шығу, айналайындар сол үшін мені жазбай-ақ қойыңдаршы» деп жылап аяқтарына жығылыпты. Мен өзім осы газетте екі рет қызмет істеген адаммын. Алғашында бас редактор Нұрғали Ораздың шақыруымен әдебиет және мәдениет бөліміне жай ғана тілші болып бардым. Сабырбек Олжабай аға мен Асхан Майлыбаева апаймен бір бөлімде қызмет атқардым. Бір жарым жылдай сонда істеп, мемлекеттік қызметке ауысып кеттім. Одан Бейсен Тәжібаев бас редактор кезінде ол шақырды. Үлкен облыстық басқарманың бастығы болып, ұрылып-соғылып сотталып жүрген кезімде Бейсен қызметке шақырып алған. Бас редактордың орынбасары болып барғанмын. Бірақ онда да көп істеген жоқпын, бір жылдай қызметте болдым. Басқарма басшысы боп тұрғанымда біреу менің сыртымнан арыз жазып, әйтпесе мен өмірімде біреудің ала жібін аттаған адам емеспін, сол қайтадан арызын бастап тыныштық бермеді. Тіпті сонау Президентке шейін жазған. Арызында облысқа ақыл айтатын газетте сотты болған адам неғып жүр деп тиісіпті. Әр лездеме сайын Бейсен таяқ жейді, жоғары жақта ана қызметкеріңді не істейсің деп шұқи берген құсайды. Сосын бір күні мен оны естіп қойдым. Сөйттім де Бейсенге мен үшін таяқ жеме, екеуміз де екі дүниеде бауыр болып қаламыз дедім де жұмыстан шығып кеттім.
Ол кезде БАҚ, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы өте ынтымақты еді. Қазір 5 жыл оқуды бітірген кәсіби журналистер далада қалды. Айлықтары ары кетсе 200-250 мың-ақ теңге. Бүгінде қорқытып, үркітетін бопсалаушы журналистер пайда болды. Қоқан-лоққы жасайды. Ол кәдімгі қылмыстың бір түрі. Бізде БАҚ туралы заң жұмыс істемейді. Оны қайтадан қарау керек. Екіншіден, кәсіби журналистердің орнына телешоуларды жүргізетін аты бар, атағы бар бірақ басында тауықтың миындай миы жоқ адамдар шықты. Қазір бізде аты-жөнді жаза алмайтын әншілер мен әртістер журналист, тележүргізуші. Үшінші бір қауіп, қоғамда блогер дегендер пайда болды. Олар да мүлдем сауатсыз. Жаптым жала, жақтым күйе деген қағидамен жұмыс істейді. Әйтеуір біреуді «ұру» керек. Бір болмашы нәрсені іліп алып, астынан жел беріп бықсытып отырады. Блогерлердің 90 пайызы сауатсыз. Тіпті болмайтын жерден грамматикалық қателер жібереді. Мен филологпын. Тілдерді дамыту басқармасында басшы болғанмын. Бір жерде қате жазу көрсем жаным шығып кете жаздайды. Мархабат Байғұттың кадрлары деген сөз қалған. Мен сол кісінің нөмірі бірінші кадрымын. Блогерлер кейде фейсбукте дұрыс нәрсе көтереді. Бірақ үтір, нүкте дегенге мән бермейді. Бір сөйлемді шұбатып, қырық бес сөзбен әрең аяқтайды. Бұрын кеңестер одағы кітап оқудан, газет оқудан дүниежүзінде бірінші орында еді. Қазір Қазақстан ең соңынан санағанда бесінші, алтыншы орында шығар. Осы күнде газет-журнал керек болмай қалды. Тіпті телевизия мен радио да. Көлікте кетіп бара жатпасаңыз радионы ешкім тыңдамайды да. Мысалы, менің балаларым мүлдем теледидар көрмейді. Керекті ақпаратты интернеттен ала салады. Ауылға барсам, кез келген қалада жүрсем алдымнан шыққан кітапханаға кіремін. Оқу залын ана басынан мына басына дейін әдейі аралап шығамын. Қарасам әдебиетті оқитын жастар көп екен. Біз жоқ-жоқ дейміз. Бірақ бар екен. Бір кездері интернет жылдамдығынан Жапониядан озып кеттік деп бір-бірімізге күлдік қой. Шын мәнінде жылайтын нәрсе негізі. Министрлердің интернет күшті деп қайсы ауылды айтып тұрғанын білмеймін. Астананың іргесіндегі Қосшы ауылын айтып тұрған болар, бәлкім. Мысалы, біздің ауылда интернет нашар. Бірақ соған кейде қуанамын. Себебі балалар телефон шұқи бермейді да, арасында кітап оқиды. Әлде де ауыл оқиды газет-кітапты. Қаланы білмеймін.
Мархабат Байғұтты мен неге әке деймін?
– Бір сөзіңізде Мархабат Байғұт рухани әкем деп қалдыңыз. Махаң туралы айтып бересіз бе? Кезінде ол кісінің тәрбиесін көрдіңіз, орталарыңызда байланыс қандай еді?
– Институт бітіріп жұмыссыз сандалып, жүріп қалдым. Ауылға баруға бет жоқ. 1996 жыл ең қиын кез еді. Болат Қалыбеков деген кісі, қазір ол осындағы жоғары оқу орындарының бірінде ұстаз, әрі айтыс өнеріндегі ұстазым болған, өзі сол Қазығұрт жақтың адамы, сол азаматпен жолығып қалдым. Менің жағдайымды сұрап, білген соң Мархабат ағаның үйіне ертіп барды. Бұрыннан танимын ғой ол кісіні. Шай ішіп отырып, «мына жігітті танисыз ба» деп сұрады. Махаң «танимын ғой» деді. Айтыста көріп жүрді, оның алдында газеттерге де шығып жүргем. «Жібек жолы» деген журналға шығарған мені талай рет. «Айран сұрап келіп, шелегімді жасырмаймын, осы жігітке жұмыс керек» деді. Махаң күлді. Ертең келші деді. Бардым. «Арызыңды жаз, бүгін боссың ертең тоғызда жұмыста бол» деді. 1996 жылдан Алматыға көшкенге дейін Махаңның қасынан қалған жоқпын. Пәленбай жыл бірге жұмыс істедік. Ол кездің адамдары мүмкін болса істей бергісі келетін. Зейнеткерлікке шыққан соң да он жылдап отырып алушы еді ғой. Жоқ ол кісі тура 63-ке толған күні 25 мамырда барды да облыс әкіміне зейнеткерлікке шығуға байланысты жұмыстан босату туралы арызын жазып кеткен. Сөйтіп Махаң орнына мені қойып кетті. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы болып сол кісінің орнында қалдым. Қызметтен бұрын Махаңмен әке мен баланың арасындай сөзбен айтып жеткізе алмайтын байланыстар болды. Мысалы, мен әкемнің тәрбиесін көрген жоқпын. Өйткені ол ерте өмірден өтті. Мен атамның, шешемнің тәрбиесін көрген жанмын. Махаңмен арамызда рухани байланыс болды. Ол кісіні менің әкем дейтінім содан. Кезінде маған әкем жасамаған жақсылықтарды жасаған. Мен де мүмкіндігінше ол кісінің жүзін төмен салдырмауға тырыстым. Жалпы мен Мархабат Байғұтқа жақсы бала болдым ғой деп ойлаймын. Келесі жылы Махаңның 80 жылдығы. Ол алты Алаштың жазушысы ғой. Сондықтан Махаңның 80 жылдығы қалтарыста қалмаса екен, ескерусіз қалып кетпесе екен деген ой ғой біздікі.
– Кезінде өлеңдеріңіз Қазығұрт аудандық газетінде де жарияланған шығар? Аудандық газетпен байланысыңыз қалай?
– Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап бүгінге дейін өлеңдерім аудандық газетте жарияланып келеді. Осы жерде бір мәселені айтқым келеді, қазір бүкіл Түркістан облысындағы аудандық газеттерді жекеменшікке сатып жіберді. Сол сияқты біздің аудандық «Қазығұрт тынысы» газеті де жекешеленіп кетті. Содан қазір оның тиражы құлап, оқырманы азайып қалды. Газет ол халықтың сауатын, көзін ашатын құрал. Сол құралдан айырылып қалмасақ екен. Қазақты көркемсөзден айырмау, сауатсыздандырмау саясатының жүргізілгенін қалаймын әрі қолдаймын. Баяғыдай қалалық, аудандық газеттер қазір қалған жоқ. Талан-таражға кетті барлығы да. Бәрі жабылып қалмаудың әрекетін жасап, иллалап шығып жатыр.
– Өзіңізге өлеңдеріңіздің ішінде қайсысы ұнайды? Қайсысы жаныңызға жақын?
– Бәрі де ұнайды. Сөздің желі деген болады. Ол қазақтың бәрінде де бар. Сондықтан жұртқа қайсысы ұнайтынын білмеймін, өзіме өлеңдерімнің бәрі ұнайды. Бөлектей алмаймын. Бірақ бұрынғы бабалардың қасында түкке де тұрмайды. Неге дейсіз ғой. Мысалы, мен коммунистік ортада өсіп, тәрбиелендім. Есейген шағымда капиталистік қоғамға ауыстық. Ал олар кәдімгі таза қайнап шығып жатқан қайнарлардан нәр алған. Мысалы, Қазтуған жырау әлі қазақ пен ноғай бөлінбеген кезде өмір сүрді. Ал біз мектепте Мағжандарды оқымадық. Үш арыс, бес арысты кейін таныдық. Жыраулардың өлеңдерінде жан, рух бар. Ал бүгінгі патриоттық сарындағы елім, жерім дейтін өлеңдердің бәрі жәй болмайтын дүниелер. Мысалы, Доспамбет, Қазтуғандар бәрі батыр болған. Доспамбет мың қолды басқарған. Қазіргі ақындарда сөздің желі бар, басқа түк те жоқ. Мен сонау Асан қайғыдан бастап өзімнен отыз жас кіші ақындардың өлеңдерін оқимын да солардың керемет жолдарын өзіме ұстаз санап аламын. Ал менің өмірдегі ұстаздарым көп. Маған дейінгі бүкіл ақындардың бәрі менің ұстазым. Мен Жұмекеңмен, Мұқағалимен, Төлегенмен, Қадырмен, Тұманбаймен көп «ауырдым». Облысқа келсек, біздің Нармахан ағамыз қандай. «Жиде гүлдегенде» деген кітабын оқығанмын жас кезімде. Тұнып тұрған сурет. Егер ағамызға суретшілік өнер берілгенде Әбілхан Қастеевтің жанында тұрар еді. Сосын Қаныбек Сарыбаев менің ұстазым болды. От еді. Қабылан мінезді Қаныбек дейтін. Лап-лап етіп жанып, сол күйі өз отына өзі өртеніп кетті. Әбілда Аймақ та қандай керемет еді. Ол тағдырлы ақын болды.
Тағдыр салса не күйді кешесің де,
Темірланның көп жүрдім көшесінде,
Көз алдымда ластау сырахана,
Одан өзге түк те жоқ еш есімде,
Содан кейін әлгіден тартып алып,
Қандай ойға дейсің бір малтымадық,
Көз таныстар кезігіп қалар ма деп
Жүретінмін қолымда жарты балық,
деп жырлаған ақынды құрылыста істеп жүрген жерінен суырып алып, мықты ақын болуына мүмкіндік жасаған Нармахан, Мархабат ағалар мен Ханбибі апа. Менің ұстазым Ханбибі. Қазақтың әр қатыны Ханбибідей болсын. Егер біздің биліктегі біраз жігіттерге Ханбибінің мінезін бергенде біз оқ бойы озып кетер едік. Қазіргі жас ақындар да жақсы. Ұлықбек Есдәулет айтпақшы, «ең ұлы ақын – жас ақын». Мен сол оймен келісемін. Өйткені жастық шақта жазған өлеңің өзіңе сондай керемет бір туынды болып көрініп тұрады. Қазіргі жастар ақылды сосын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен А.АБДРАХМАН