2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?

2200 жылдық тарихы бар шаһар түрлі даму жолдардан өтті. Келбеті мен сәулеті келіскен қаланың тарихында түрлі құрылыстар салынды. Ұлы Жібек жолы бойындағы қала бір ғасырларда көркейді, бір ғасырларда сыртқы жаудан зардап шекті. 

Screenshot_1.jpg

М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжі, Ғимараттар мен құрылыстарды  салу және пайдалану мамандығының оқытушысы Ерболат Ақданаш Әлиқызының 2200 жылдық тарихы бар ескі де жаңа шаһар туралы ізденген қызықты да қажетті мәліметтерін ұсынамыз.

Шымкент қаласы – Қазақстандағы республикалық маңызы бар қала, халық саны бойынша елдегі қалалар арасынан үшінші орында. 2018 жылғы 19 маусымға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған бұл қалада қазір 1 миллионннан астам адам тұрады Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда тұрғыны жөнінен 3-орында. Осымен қатар, Шымкент Қазақстанның негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірі болып табылады. Шымкент қаласы ТМД-ның 2020 жылғы мәдени астанасы мәртебесіне ие болды.   

Осы уақытқа дейін ғалымдардың көпшілігі қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI−XII ғасырларда болған деп болжаған. Сонымен қатар Шымкенттің бұдан да ертеректе пайда болғаны жөнінде болжам бар. Бұған дәлел — археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған қабырлардың жерлеуші, мамандардың болжамы бойынша, біздің заманымызға дейінгі V–VІ ғасырларға тән.

Өткен ғасырдың басындағы қала қамалы болған жерде жақында бір еркек пен әйелдің мәйіті табылды, және ол зороастрлық салтпен жерленгендігі анықталып отыр, олай болса бұл мәйітке 1500 жыл. Бірқатар археолог-ғалымдардың пікірлері бойынша, бұл жерде үлкен қорым болған, егер бұл расталса, онда қаланың пайда болған мерзімі қайта қаралуы мүмкін. Біздің заманымызға жеткен жазба деректерде Шымкент алғаш рет елді мекен ретінде парсы тарихшысы Шараф ад-Дин Әли Йаздидің (1425 жыл) біздің жыл санауымыз бойынша 1365–1366 жылдардағы Әмір Темірдің әскери жорық-тары туралы жазған «Зафар Наме» атты («Жеңіс кітабы») кітабында кездеседі.

Шымкент қаласының аймағы жүздеген жылдар бойы көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған. Қала бірнеше рет басқыншылардың жойқын шабуылдарына ұшыраған. Шыңғыс хан жорықтарға жасақтарымен қала арқылы өтіп, ақырында Шымкент Шыңғыс хан ұрпақтарының қол астына өткен. Ақ Орда және Алтын Орда хандары жүргізген соғыстардың нәтижесінде қала Әмір Темірдің қол астына кіреді. XV ғасырдың басынан Шымкент XVIII ғасырдың жартысына дейін Жоңғар шапқыншыларының тонауына ұшырайды. Сансыз соғыстар мен өзара тартыстар жергілікті халықтардың өміріне қайғы-қасірет әкелгенімен, Сайрам оазисі-жер өңдеу мен бау-бақша және қол өнері өркендеген аймақ болып қала берді.

XVII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында Шымкентті билеп алу мақсатында Қоқан және Бұхара хандықтары күрес жүргізді. 1810–1864 жылдары Шымкент Қоқан хандығының билігіне өтіп, хан өкілінің резиденциясы болды. Мұнда Қоқан әскерлерінің саны жағынан үлкен гарнизоны тұрақтап, қала негізінен әскери қамал ретінде пайдаланылды.

1864 жылы қала орыс әскерлерінің тіке шабуылымен алынды. Қазақстан мен Орталық Азияның Ресейге қосылуы аяқталған соң, Шымкент Жаңақоқан бағытының құрамында болып, соңынан Түркістан уезінің, ал 1867 жылдан Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария облысының уездік қаласы болды. Осы кезден бастап Шымкент Еуропалық Ресей мен Батыс Сібірді Орта Азиямен жалғайтын, маңызды транзиттік мекенге айналды. XIX ғасырдың соңында қалада сауда-саттық дамыған: 19 мануфактуралык, 70 ұсақ-түйек дүкені, 50 шайхана, 10 керуенсарай, 9 тамақ-тандыру орны, 27 ұн дүкені, ал XX ғасырдың басында — 3 май шайқататын, 5 тері илейтін, 15 кірпіш шығаратын, 26 диірмен, 4 мақта тазалайтын, ұсақ өнеркәсіп, 15 ұстахана және 15 сабын қайнататын өндіріс орындары бар үлкен өнеркәсіп қалаға айналды. Қала экономикасының дамуында 1883 жылы ашылған дәрі-дәрмек өндіретін сантонин (кейінгі «Химфарм» АҚ химия-фармацевтикалық зауыты) зауыты маңызды рөл атқарып, оның өнімдері экспортқа шығарылатын. Шымкент сантониносының сапасы өте жоғары болды, сондықтан ол ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие болды. Оңтүстік Қазақстанның табиғи-климаты дермененің өсуіне қолайлы, ал дермене сантонино өндіріс жершарында өте сирек кездеседі. Сондықтан да Шымкенттің алғашқы және қазіргі таңбасында дермене бұтақшасы бейнеленген

1914 жылы Қазақстанның Ресей империясына қосылуының 50 жылдығына орай қалаға орыс генералы Михаил Черняевтің Черняев тегі берілді. 1921 жылы қала Шымкент атауына қайта ие болды. XX ғасырда қала тарихының жаңа кезеңі басталды. Қала халқы елдегі үлкен өзгерістер нәтижесінде жаңа жетістіктерге жете бастады. Қалада жаңа өндіріс орындары салынып, оқу орындары мен ғылым, мәдениет ошақтары ашылды. Қала келбеті жаңа тұрғын үйлер, гүлзар, көшелері, саябақтарымен ажарлана түсті. 1930 жылдары Шымкентте қорғасын зауыты салынды. Бл алып өндіріс орны КСРО-дағы өндірілетін қорғасынның 70%-н беріп отырды. Қалада май комбинаты, шұлық және айна фабрикалары іске қосылды. 1932 жылы ауылшаруашылық авиациясының базасы құрылып, бұл Шымкент әуежайының негізін қалады.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Шымкент қаласы КСРО-дағы маңызды қалалардың біріне айналды. Соғыс жүріп жатқан аймақтардан бұл жерге елдегі бірқатар өндіріс орындары, 17 зауыт пен фабрикалар көшіріліп әкелінді. Қала танктерге қажетті қосалқы бөлшектер, снарядтар, металл, қорғасын, оптикалық қүралдар және басқа да өнімдерді өндірді. Шымкентке өсімдіктер ғылыми-зерттеу институты және Харьковтегі авиация училищесі көшірілді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында ондаған мың шымкенттіктер жаумен шай-қасып, 7 жерлесімізге Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Соғыстан кейінгі 1950–1980 жылдары экономика дами бастады. Қалада жаңадан ірі кәсіпорындар құрылды. Олардың ішінен мақта-қағаз комбинаты, қаракөл, цемент, гидролиз зауыттары, «Восход» тігін фабрикасы, металлқұрастыру және тұрғын үй құрылысына қажетті материалдарды өндіретін кәсіпорынды, «Электроаппарат» зауыты, ал, тамақ өнер-кәсібінен ет, сүт, сыра, салқындатылған сусындарды шығаратын кәсіпорындарды атауға болады. Химия өнеркәсібі жедел дамыды. Шымкентте фосфор, шина және мұнай өңдеу сияқты алып зауыттар салынып, Омбы–Павлодар–Шымкент мұнай құбыры тартылды. Тұрғын үй салу қарқындап жүріп жатты. Жаңа мөлтекаудандар, көшелер, даңғылдар, саябақтар, скверлер пайда болды. Білім беру, медицина және мәдениет мекемелерінің саны өсіп, спорттық-сауықтыру кешендері салынды. Кейін салынған демалыс кешені құрамында дендробақ, зообақ, жасанды көл және ипподром бар.

Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласы инфраструктурасы барынша дамыған,  еліміздің ең сұлу да таза қалаларының біріне айналды. Осыған сай, Шымкент қаласының атап өтер  бір ерекшелігі ол-саябақтар, скверлер мен аллеялар саны бойынша  Қазақстанның басқа қалалары арасында көш бастап тұрғаны. Сондықтан да Шымкенттің қала-бақ деп аталуға құқығы бар.  Оның үстіне теміржол вокзалы ауданынан, жерасты суларынан бастау алатын Қошқарата өзені қаланың микроклиматтық  жағдайын реттеуге зор әсерін тигізіп отыр.

2011 жылы қала «Ірі қалалар мен астаналардың халықаралық ассамблеясының» шешімімен ТМД елдеріндегі ең үздік қала атағын жеңіп алса, ОЛХ сервисін тұтынушылар арасында 2016 жылы өткізілген «Идеалды қала» зерттеуі бойынша қала «өмір сүруге ең қолайлы қала» деп танылды.

2021 жылы National Geographic Qazaqstan жазған ақпарат бойынша тәуелсіздіктен бері Шымкентке 2,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Шетелдік инвесторлардың көмегімен бірге жалпы сомасы 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 жоба жүзеге асқан. Журнал жазуынша «келбеті түбегейлі өзгерген» бұл қалада 1991 жылғы желтоқсаннан бері 98 мектеп, 470 балабақша және 6 мемлекеттік, 21 жекеменшік аурухана ашылды. Шымкенттің әр екінші тұрғыны, оған қоса, — тәуелсіздік тумасы. Журналдың жазуынша «келбеті түбегейлі өзгерген» қала делінген.

 Қала көркейіп, өсіп келеді. Шымкент қаласының құрылыс басқармасының мәлімдеуінше, 2024 жылы құрылыс басқармасы тарапынан 275,0 мың шаршы метрді құрайтын 3 382 пәтерлі 77 көп қабатты тұрғын үйдің, Тұран шағынауданынан 2 үй, Бозарықтан 42 үй, Ақжайық шағынауданынан 33 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, 144,1 млрд. теңгеге 103 жоба немесе 137 нысанның құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде 116 нысанның құрылысы жыл соңына дейін тапсырылатын болады. Қалған 21 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі. Жоспарланған нысандардың қатарында 77 көп қабатты тұрғын үйден бөлек, 12 инженерлік инфрақұрылым жүйелері, 11 білім, 4 мәдениет, 2 спорт нысандары бар.Басқарма басшысының айтуынша, биыл наурыз айында 77 тұрғын үйден 180 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға тапсырылса, 2 670 пәтерлі 66 үй – 62 кредиттік, 4 арендалық үй жыл соңына дейін беріледі. Ал, 712 пәтерлі 11 тұрғын үй – Ақжайық шағынауданынан 7 үй, Бозарық шағынауданынан 4 үйдің құрылысы келесі жылы бітеді. Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 1900 пәтер сатып алуға бюджеттен 34,9 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 900 пәтер және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1000 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарланған.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, бюджет есебінен 11 білім нысанын салу жопарланған. Оның ішінде, №39, №50 мектептерге қосымша ғимараттар салу, Тұран шағынауданында салынып жатқан 500 орынды Оқушылар сарайы, Сайрам шағынауданындағы №10 колледжге қосымша 300 орынды ғимарат, №2 мектеп-интернатқа 40 орынды ғимарат, №8, 48, 80, 120 мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, Шымкент аграрлық-техникалық колледжі ғимаратынның құрылысын осы жылы тапсыру жоспарланса, қалған 1 нысанның – Тельман бөлімшесіндегі 1200 орынды мектептің құрылысы 2025 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында Ұлттық жоба аясында 28 000 орынды 18 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 

Қорыта айтқанда Шымкент қаласы көшелерінің ұзындығы бойынша абсолюттік рекорд орнатқан қала. Қалада 2000-ға жуық көше бар, олардың көпшілігі қазақ батырлары  мен мәдениет қайраткерлерінің және ғалымдардың есімімен аталған.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • «Алтын Орда - Жошы ұлысының негізгі тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Ұлттық құндылық – тәрбиенің сара жолы
  • 2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер