Ұлттық құндылықтар – ұлтымыздың болмысында ғасырдан-ғасырға ата-бабалармыздан мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттарымыз. Ол халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті, өнері яғни ұлтымыздың рухани байлығы.
Осы құндылықтардың арқасында әрбір ұлт өзінің болмысын сақтап келеді. М.Әуезов атындағы ОҚУ ғалымы, магистр Нұрлыбек Досыбай ұлттық құндылықтар тақырыбын зерттеп жүрген мамандардың бірі. Ғалыммен бүгінгі сұхбатымыз осы тақырып аясында өрбіді.
– «Ата-бабадан қалған мәдени-мұраны заман талабына сай жаңғыртып, әлемге насихаттау қажет». Ұлттық құрылтайдың әрбір отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырып келеді. Осы сөздің мән-маңызына тоқталып өтсеңіз?
– Қазақ халқында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтардың алар орны ерекше. Жалпы, құндылықтар екіге бөлінеді: әуелгісі – ұлттық құндылық, екіншісі – діни құндылық. Ұлттық құндылықтар адамдардың табиғи, тарихи және әлеуметтік бірлігін қамтамасыз ететін этникалық кеңістікте қалыптасады. Ол сан алуан жолмен, әр түрлі формада көрініс тауып, адамдардың санасына, өмір салтына ерекше әсер ететіндігі айтылады. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды адамдардың өзара қарым-қатынасында, қоғамдық іс-әрекетінде ерекше көзге түсетінінен және осы көзқарастардың, іс-әрекеттердің, мақсаттардың, қажеттіліктер мен тілектердің адамгершілік негіздерінен байқауға әбден болады. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен олардың байланысының көрінісі болып табылатын әдет-ғұрып жүйесі халқымыздың тарихының, заман өзгерістерінің, түрлі қоғамдық-саяси процесстердің әсерінен қалыптасты.
Ұлттық құндылықтар шариғат талаптарына қайшы болмағандықтан дін оны жоққа шығармастан, бір-бірін қуаттап тұрады. Әрі қалыптасқан діннің де өркендеуіне қызмет етеді. Мәселен, Пайғамбар (с.а.с.) хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі»,- дейді. Адам баласы жас шағында үлкенге қалай қараса, қартайғанында жастар да оған дәл солай қарайтын болады делінген. Бұл тұрғыда Майлықожа ақын: «Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар. Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар»,- деп тәмсіл өлеңімен көрсеткен. Бұл дегеніміз – дін мен дәстүрдің біте қайнасқанының бір белгісі. Халқымыз өзге ұлт пен ұлыстармен бірлік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Татулықты ту еткен халқымыздың мұндай даналық басқаруы да біздің құндылығымыз қатарында. Ал рухани байлыққа кенелудің жолы – әрбір адамның өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қастерлеп, оны өзгелер арасында көрсете отырып таратудан, құрмет көрсетуден бастау алады.
Ислам дінінің дәстүрімізді дамытудағы маңызы мен рөлі өте зор және ол рухани байлығымызды байыта түсті. Мәселен, дәстүрлі ислам діні әкелген гуманистік идеялар халқымыздың рухани құндылықтарының кемелденуіне орасан зор ықпал етті. Ислам діні келгеннен кейін Орталық Азия халықтарының өміріндегі діни құндылықтар жүйесі жаңарып, жерімізден көптеген ойшылдар мен энциклопедистер шықты. Сондай-ақ, сәулет ескерткіштері мен қалалардың пайда болуына себепші болды.Ұлттық құндылықты дамытуда ерекше орын алатын бұл діннің идеялары мен нұсқаулары табиғи-тарихи дамуымен, қоғамдық өмірімен, тұрмысымен, өткенімен, болашағымен, мәдениетімен, руханиятымен, салт-дәстүрімен, тілімен тығыз байланысты. Ол халқымыздың дәстүрімен қарым-қатынаста түрлі формада көрініс тауып (біртұтас сенім, мәдени-рухани жақындық, мұралар және т.б), ұлттық құндылықтардың бірегей жүйесін қалыптастырды. Олар ұлтымыздың тарихи даму барысында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени ерекшеліктері мен қырларынан көрініс табады.
Сөзімізді қорытындылай келе, мұндай баға жетпес байлықты ешқандай күшпен, үгіт-насихатпен немесе тыйым салумен өзгерту мүмкін емес. Өйткені, олар ұлтымыздың ажырамас бір бөлігіне айналды. Елімізде қашанда кең көлемде аталып өтетін ұлттық мерекелер мен қатар діни екі айт мерекесі, қарияларға құрмет, кішіге ізеттілік таныту, жетім мен жесірге қамқорлық көрсету сынды іс-әрекеттер соның бір дәлелі іспеттес.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Зертттеулерге сәйкес Қазақстанда 133 ұлт бар. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуден бастау алады. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың мәңгілік қорғаушы шамшырағы. Ұлттың қорғаны – бұл біздің ұлттық болмысымызды көрсететін тіліміз, дәстүріміз және рухани мұрамыз. Кезінде ата-бабаларымыз елімізді «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қалай қорғаса, ұлттық болмысымыз бізді жаһандану секілді алып айдаһардан дәл солай қорғайтындай. Ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген.Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Сол ұлттық құндылықтарымыздың арқасында біз өзіміздің ұлттық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз. Сондықтан да кешеден бүгінге сол құндылықтарымыз қалай жетті, ертеңгі күнге жеткізе аламыз ба? – деп алаңдауымыз керек.
– Ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселесін нақты 5 бағытқа бөліп, қарастыру мәселесі көтеріліп жүр. Сіздің ойыңыз қалай?
– Абай Құанбаев айтқандай: «Адамды заман билемек, заманға жаман күйлемек»- дейді. Бұл әлемдік даму жолын түсінуге мүмкіндік береді. Біз үшін жасанды, виртуалды, әлемде жоғалып кетпеу, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық болмысымызды, ұлттық бірегейлігімізді және рухани ерекшелігімізді сақтап қалу аса маңызға ие. XXI ғасырда рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай белес тұр. Бұл ең маңызды мәселелердің бірі. Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына. Әрине, халқымыздың ұлттық құндылықтары өте көп. Оларды іріктеп, бес бағытта қарау заман талабы секілді. Оларға тоқталсам...
Бірінші құндылық – тәуелсіздік және тарихи таным деп атаған жөн. Тәуелсіздіктің арқасында, қазақ елін, Қазақстан халқын әлем таныды және мойындады. Тәуелсіздік символы – мемлекеттік Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз. Ту – ұлттың бірігуіне ықпал етеді. Ұлттық сананың биіктігін көрсетеді. Тәуелсіздік – еркіндік пен азаттықты ғана алып келмей, сонымен қатар, ұлтымыздың санасын өзгертті, сапасын жақсартты, өзін танытты. Тарихи танымның ар жағында тек өткен жылдар мен көнерген ғасырлар сыры тұрған жоқ. Ұлттың болмысы, санасы, дәс¬түрі мен салты, кәсібі, ұстанымы, тәрбиесі бірде әлсіреп, бірде жетіліп ғасырлармен бірге жаса¬сып келеді. Тарих – тәр¬бие-ші, ұлт¬¬тың бағдары, жол сілтеушісі. Тарихы бекем жасалған халық дұрыс бағыт алады. Бірегей көп томдық мемлекеттік тарихымызды өзіміз жазбай ұлттық құндылықтарымызды орнықтыра алмаймыз.
Екінші құндылық – ел мен жер деп білемін. Қазақта: «Егесіз ел азар, иесіз жер тозар» деген мақал бар. Ұлан ғайыр даланы бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтады. Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғады. Қазақтың жері – қасиетті. Ол бүгінгі жаһандық тайталас кезіндегі ұлттық бірігейліктің символы болып қала береді.
Үшінші құндылық – тіл, әдебиет және руханият. Тіл мен әдебиет – ұлттың жаны мен жады, оның бет-бейнесі, өткені, бүгіні мен болашағы. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,-деп тілдің ұлт үшін қандай маңызы бар екенін бір ғана ауыз сөзге сыйдырған еді. Тілді қорғау – ұлтты қорғау. Ана тілі – ұлт жүрегі, ұлт тілегі. Тілдің болашағы – ұлттың болашағы! Тілде халықтың бүкіл болмысы, рухы, ішкі жан-дүниесі көрініс табады деп жатады. Қазақтың тілінен қазақ халқының қаншалықты кемеңгер халық екендігін аңғаруға болады. «Дауға салса алмастай қаған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған әрі байырғы, әрі мәңгі жас отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! «Туғанда дүние есігін ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,-дегендей, Қазақтың ұлттық болмысын ұлы кемеңгеріміз Абай Құнанбайұлы секілді бір ауыз сөзбен шеберлікпен ешкім суреттеп бере алмас.
Имандылық бар жерде – тәртіп те, бейбітшілік те, адами құндылықтар да сақталады. Сонда ғана ұлттық құндылығымызды жаңғырта аламыз, дамыта аламыз. Ұлы Абай бабамыз өзінің 38-қара сөзінде«Толық адам» концепциясын ұсынған. Алла жолымен жүрген, білімді адам ғана толық адам деп есептеледі деген. Бұл – дүниенің тіршілігін ұмытып, сәждеге бас қою ғана емес. Бұл – білім, ғылымды дамытып, елге адал қызмет ету, әділдіктің ақ жолынан таймау, кісі ақысын жемеу деген сөз.
Төртінші құндылық – ұлттық дәстүр және отбасы. Ұлттық болмыс, оны дәріптеу отбасынан, ошақ қасынан басталады. Отбасы – тәрбиенің тамаша мектебі. Үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиеленсек, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерімізде сол құндылықтарды дәріптейміз. Расында, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы екенін ұмытпайық. Баланы бесіктен тәрбиелеу – ұлттық ұғым кепілі.
Бесінші құндылық – білім мен біліктілік. Білімді ел – озады, ғылымсыз ел – тозады. Елімізде білім мен ғылым саласына үлкен қамқорлық жасалды. Өйткені, кез келген қоғам – адами капитал арқылы дамиды. Ұлттық құндылықты қалыптастыратын да, дамытатын да білімді, білікті кәсіби мамандар. Әл-Фараби бабамыз: «Дүниеде тәрбиесіз берілген білімнен қауіпті нәрсе жоқ» деген екен. Сондықтан да білім мен тәрбиені бір процестің екі жағы деп қарау қажет.
Ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден басталады. Ұлтты құрметтеу – атап өткен барша ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құрмет көрсету, сақтау. Ұлтсыздану ұлтты, мемлекетті әлсіретеді. Қоғам дамуын тежейді. Бұл – тарихи шындық. Сондықтан тарих, замана алдындағы ұлы сынақ кезінде біз өз таңдауымызды жасадық. Әлемдік озық құндылықтарды игере отырып, оны ұлттық құндылықтарымызбен байыта береміз. Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес. Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан - ғасырға жеткен халықтың қазынасы –тілі, діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы.
– Ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруде қандай бастамалар қажет?
– Біздің ата-баларымыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі - әлемде теңдесі жоқ тәрбие десек артық айтқандық емес. Баланың жастайынан ұлттық құндылықтарды дәріптеуінің, елімізді, туған жерімізді, дініміз бен тілімізді құрметтеуінің негізі осы ұлттық тәрбиенің негізінде жатыр. Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат тәрбиелеу үшін ұлттық құндылықтарымызды басшылыққа алу қажет. Оның маңыздылығы мен қажеттілігі зор. Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына. Осы ұлттық тәрбиені балалардың бойына сіңіру мақсатында Мағжан Жұмабаев атындағы №137 жалпы білім беретін мектептің ұстаздарының, ата-аналарының атқарып жатқан жұмысы мен тәрбиеге қосып жатқан үлесі өте көп. Балалардың ұлттық санасының қалыптасуында әрбір жүргізілетін іс-шаралардың алатын орны ерекше. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті колледжінде жүргізіліп отыратын тәрбиелік мәні зор іс-шаралар осының дәлелі десек болады. Атап айтатын болсақ, бүгінгі өткізіліп отырған, «Әңгіменің хас шебері» Бейімбет Майлиннің туылғанына 130 жыл толуына орай, оқу-орынның 1 курс студенттері арасында, халқымыздың ұлттық құндылықтары мен әдебиеті мен аударма ісіне қатысты құнды мәліметтерді тәрбие сағатында айтып өттік. Тәрбие сағатына құнды мәліметтерді бірнеше бөлікке бөліп атап өттік. Олар:
Ең бірінші кезекте, әрине, құндылықты сөз еткенде – тәуелсіздік және тарихи танымынан бастап, Тәуелсіздіктің арқасында, қазақ елін, Қазақстан халқын әлем танып мойындағаны сөз етілді. Тарих – тәр¬бие¬ші, ұлт¬¬тың бағдары, жол сілтеушісі. Тарихы бекем жасалған халық дұрыс бағыт алады. Бірегей көп томдық мемлекеттік тарихымызды өзіміз жазбай ұлттық құндылықтарымызды орнықтыра алмаймыз. Келесі кезекте ел мен жер, ұлттық рух, тіл, әдебиет және руханият, қолөнер, ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр, отбасылық тәрбие туралы айтылды.
Сөз соңында Мұхтар Әуезов атамыздың «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» дегендей, ертеңгi ұрпақтың тәрбиесiн бүгiннен бастап қолға алып, жастарымызды ұлтын сүйетiн ұлтжанды, Отанын сүйетiн патриот етіп тәрбиелеу, Ұлттық тәрбие мен құндылықтарды қолға алу біздің басты міндетіміз дегім келеді. Қазіргі заманда бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін, алдымен, өзіміздің ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, мәдениетімізді сақтай отырып, келешек ұрпақты сол арқылы рухани адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Салауатты да саналы ұрпақ қамын ойлар болсақ, сол қоғам иелерін жан-жақты, ақыл парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ұстаздың, әрбір ата-ананың қоғам алдындағы борышы деп білеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!