Наным-ырымшылдыққа негізделген аңыз, оған сенуге де, сенбеуге де болады, алайда бұл – тәжірибеден және дәстүрден туған халық өмірінің мысалы. Ырым дегеніміз өз алдына бір жақсылықтың немесе жаманшылықтың хабаршысы, адамды сақтандыратын белгі.
Сонымен қатар, қазақтарда нені істеуге болмайтыны туралы «тыйым» ұғымымен байланыстағы «ырымдар» да бар. Сонымен қатар, біздің заманымызға дейін жеткен ырым-нанымдардың көпшілігі пұтқа табынушылықтың (тәңіршілдік, шамандық, сопылық, т. б.) іздері де бар. «Қазақтар киеге үлкен мән береді. Табиғаттың кейбір апаттарын, отты, кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажет заттарды киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым жорасын жасап тұру, адам баласына байлық пен бақыт — құт әкеледі деп түсінеді. Ал, осы кәделерді ұстамау, киелерді құрметтемеу жоқшылыққа душар етеді. Сондай құдіретті күші бар жан-жануарларды киесі бар дейді, ал олардың өзін киелі деп атайды. Жан-жануарлар мен заттардың киесін қадірлемеу киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары — кесір деп аталады». Ш.Ш. Уәлиханов былай деп жазады: «Төрт түлік малдың арасындағы ерекше белгілері барлары құтты жануар болып саналады. Мысалы, жалы мен құйрығында ақ қылы бар жылқылар құтты саналып, сатылмайды, ешкімге берілмейді, себебі, сол малмен бірге құт-береке кетеді, ал әртүрлі себептермен беріле қалған жағдайда, сілекейін алады, ол үшін жылқының жалынан қыл жұлып алып, кететін малдың аузына салып сілекейлеп қалтасына салып қояды».
Г.Н. Потанин бұл дәстүрді төмендегідей нақтырақ сипаттайды: «...иесі сататын малының бір уыстай жүнін жұлып алып, оның ауызына сұғып, сілекейіне шылайды... Қырғыздарда бұл дәстүр (қазақтарда) сілекей алу деп аталады... сілекейленген жүнді аттың жалына қадайды, егер ол аттан алынса, қойдың желкесіне, т. с. с. қадайды; кейбіреулер жүннің орнына өзінің кепешін (бас киімін) сілекейге тигізумен шектеледі. Егер сілекейді сүртпесе, мал өспейді деседі; бұл ғұрыпты орындауды ұмытып кеткен жағдайда, бір-екі күн өткен соң сатылған малды қуып жетеді; сатып алынған мал ауырып қалса, ал оны сатқан иесі бес күн өтсе де сілекейін сүртпесе, сатып алған адам дәстүр бойынша оны бұрынғы иесіне қайтарып: «Сен мұның сілекейін сүртпедің, бұл ауырып қалды, қайтадан өзің ал» деуіне болады. Анау малды қайтарып алуы тиіс».
Диваев діни көзқарастар жөнінде этнографиялық материал жинай жүріп, қазақ халқының өміріндегі баяғы заманнан қалған «пұтқа табынушылықтың» мынадай белгілерін анықтаған:
1. Жас келін қайын атасының үйіне алғаш рет қадам басқанда ошақтағы отқа қой майының кесегін лақтырады;
2. Көктемде, қырғыздар қыстаудан алғаш рет жайлауға көшкенде әдейі екі жерден жалындатып от жағып, үстіне тең-тең жүк артылған түйелерді солардың арасынан өткізеді;
3. Бала таппаған әйелді әкесінің үйіне қайтармайды, әулиелі жерлерге қонып, шырақ жағуға немесе от жағуға жібереді;
4. Отағасы... яғни, от иесі деген сөзден шыққан, сондай-ақ «түтін» деген сөз бар;
5. Кісі өлгеннен кейін 40 күн бойы майлы білтемен 40 шырақ жағып отырған. Осының бәрі ерте заманда мұсылман дінінен бұрынғы қазақтарда отқа табыну культі болғанын дәлелдейтіні анық деп көрсетеді Диваев.
Ә.А. Диваев қазақ ырымдары жөнінде былай деп жазады: «Бір отар қойдың алдынан немесе ортасынан жарып өтуге болмайды, себебі олар жайылып жүрген жерде Қызыр пайғамбар жүреді». Әрі қарай ол қазақ халқында үй иесі ауыз тимей тұрып тамақ жеуге болмайды деген ырым (дәстүр) бар екенін айтады. Диваев бұл ырымнан өткен тарихтың іздерін аңғарады. В.П. Наливкиннің «Қоқан хандығының қысқаша тарихы» атты еңбегін зерттеп, ақпарат берушінің мағлұматтарын пайдалана отырып, ғалым Қоқан үстемдігі кезіндегі тарихи жағдайлар қазақтардың осы ырымын қалыптастыруға әсер етті деген болжам жасайды. Автор дерек көздеріне сүйеніп, мынадай жағдайды мысалға келтіреді. Қоқан бектері үстемдік еткен кезеңде Перовск уезінде халық мүддесін қорғаған қазақ батыры Игібайды Яккубек у беріп өлтірген екен. Осындай жағдайдың қайталануынан қорыққан қазақтар бөтен үйде бірінші болып тамақ пен сусын алудан сақтанған. Осылайша, қазақ халқының тарихында ертеден келе жатқан ырымдар мен нанымдар адамдардың көп ғасырлық дәстүрі мен тәжірибесінің, моралінің, адамгершілігінің және ата-бабалардың жас ұрпаққа қалдырған белгілі бір өсиеттерінің өзіндік көрінісі болып табылады. Бұл мәселеге арналған профессор, педагогика ғылымының докторы С.Қ. Қалиевтің, белгілі жазушы, журналист, доцент А.Құралұлының, Ж.М. Саурықованың еңбектері бар. Олар өз еңбектерінде қазақ ырымдары мен нанымдарының тақырыбы әр алуан екенін атап айтады, бұл — адамдарға арналған өмірлік ақыл-кеңестер мен ескертулер, аңшылықтағы, тұрмыстағы сақтандыру, мал мен шаруашылыққа қамқорлық, ғұрыптық нанымдар, ырымшылдық және шынайы өсиеттер, қуанышты немесе жағымсыз оқиғалардың хабаршысы.
Қорыта келе айтқанда, қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы мифтік табулардың орны ерекше. Көптеген ырым-тыйымдар арқылы болашақ ұрпақты табиғатты аялауға, үлкендерді қадірлеуге, жанашырлыққа, ізгілік пен мейірімділікке, төзімділік пен сабырлылыққа, жалпы адамзаттық және қоғамдық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеуге болады деп есептейміз.
Әдет-ғұрып және салт – дәстүр орталығының қызметкері А.Орынбекова.