«Мемлекеттік тілді меңгеруге ынта мен қабілет болса, жеткілікті»

Қазақстан Үкіметі Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітіп,  онда 2029 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін 84 пайызға жеткізу көзделген. 

Screenshot_14.jpg

Мемлекеттік телеарналардағы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың үлесі 2029 жылға қарай 84 пайызды құрауы тиіс. Ал мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесін 94 пайызға жеткізу жоспарланған. Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-де Тілдерді дамыту бөлімі жұмыс істейді. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және қазақ тілінің мәртебесін көтеруде орталық қандай жұмытар атқаруда. Бөлім жетекшісі, п.ғ.м., аға оқытушы Жамантаева Ақтолқын Әлиярбекқызымен сұхбаттастық. 

Мәлімет:

Жамантаева Ақтолқын Әлиярбекқызы-п.ғ.м.,аға оқытушы, қазақ, орыс тілдерін жетік меңгерген. Мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар арасында 2008 жылы өткен «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы АҚ-ның қолдауымен Германия Федеративтік Республикасы Дюссельдорф қаласының INTAMT халықаралық бөлімінде «Жоғары білім аймағындағы университет педагогикасы мен әдістемесінің инновациясы» атты біліктілікті арттыру тағылымдамасынан өтіп, арнайы сертификат алды. «М.Әуезов атындағы ОҚМУ үздік тіл маманы» номинациясының иегері, (2016ж.)

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ә.Қабаевтың атынан «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 

– Ақтолқын Әлиярбекқызы,  алдымен оқу ордасындағы Тілдерді дамыту орталығының мақсаты мен міндеттерін атап өтсеңіз?

– М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан  университетінде мемлекеттік тілдің сапасын арттыру және оның қолданылу аясын кеңейту бағытында келелі істер атқарылып келеді. Аталмыш шаралар «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасын» және « 2023-2029 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын» негізге ала отырып жүзеге асырылады және Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік  орталығымен бірлесе отырып, жұмыстар атқарады. М.Әуезов атындағы ОҚУ-да  Басқарма төрағасы - ректордың бұйрығымен  қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және мемлекеттік тіл мен орыс, шет тілдерін оқыту, ОҚУ этникалық топтарының тілдерін курс аясында іске асыру, ОҚУ қызметкерлері, оқыту-профессорлар құрамы, студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін мемлекеттік тіл курстары жұмыстарын күшейту мақсатында ҚР Конституциясының 7 және 33-баптарын жүзеге асыру барысында  университетімізде  Тілдерді дамыту бөлімі  құрылған болатын. Тілдерді дамыту бөлімі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығына  бағынады және өз қызметін Стратегиялық даму және интернационализация жөніндегі проректор бекіткен жоспар негізінде іске асырады.

Тілдерді дамыту бөлімінің  негізгі мақсаты мен міндеттері үлкен ауқымды қамтиды. Себебі, біз мемлекеттік тілмен қатар орыс, ағылшын және өзге де шет тілдерін үйрету бойынша жұмыстар атқарылады. Яғни, атап айтқанда:

    - Мемлекеттік тілді мемлекеттік басқару тілі ретінде пайдалануды қамтамасыз ету;

    - Түркістан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қалалық  тілдерді оқыту-әдістемелік орталығымен  бірлесе отырып, ішкі және сыртқы құжат айналымының мемлекеттік тілде жүргізілу барысын қадағалау;

    - Мемлекеттік тіл, орыс тілі және шет тілдерін оқыту курстарын ұйымдастыру;

    - Студенттердің еңбек нарығындағы ұтқырлығы мен бейімділігін дамыту, оларды лингвистикалық капиталды байыту арқылы заманауи қоғамға бағыттау. Бұл бойынша 4 кабинет жұмыс істейді. Дәрісханалардың  барлығы  талапқа сай жабдықталған.

– Оқу ордасында 28 мыңға жуық білім алушылар бар екен. Арасында шет елдік студенттер де бар. Мемлекетік тіл саясатын жүзеге асыру қай деңгейде жүріп жатыр?

– Иә, бізде тіл үйренушілер тек студенттер ғана емес. Жоғары атап өткенімдей оқу ордасының қызметкерлері, оқытушы-професорлар құрамы бар. Тілді үйрену қатысушылардың өтінішіне қарай топталады. Бөлімде тыңдаушыларды  тіл курстарына тарту жұмыстары жыл бойы  барлық деканаттар мен құрылымдық бөлімше басшыларына қызметтік хаттар  таратып, университеттің ресми сайты, фейсбук, инстаграм, бөлім инстаграмы т.б. әлеуметтік желілер парақшаларына жариялап, жүйелі түрде ақпарат жүргізіліп келеді. Аталған құжаттарда Тілдерді дамыту бөлімі тарапынан ұйымдастырылатын курстарға жазылу және қатысу тәртіптері, курс сабақтарының ережелері, тыңдаушыларға қойылатын талаптар мен міндеттемелер туралы толық ақпарат беріледі.

Тыңдаушылар құрамының нақты тізімі анықталып, деңгейлік топтарға отырғызылғаннан кейін курс сабақтарының сабақ кестелері бекітіледі. 

Жыл сайын   3 тіл бойынша (қазақ, орыс, ағылшын ) курс сабақтары  ұйымдастырылады. Олар: 

    - орыс топтарына арналған қазақ тілі мен ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу курсы;

    - бастапқы және орта деңгейдегі орыс тілі курсы;

    - ағылшын тілінен Beginner,  Elementary,  Pre-intermediate,  intermediate деңгейлері. Топтар түрлі бағытта оқытылады: Қазтест бағдарламасы бойынша, Аккредиттеу және қайта аккредиттеу мен пәндерді ағылшын тілінде оқытатын ОПҚ-ға арналған ағылшын тілі, Болон процесі және академиялық ұтқырлық бағдарламасына дайындау, жалпы ағылшын тілі (түрлі деңгейге  байланысты) және speaking club (сөйлеу әрекетіне байланысты)

Университетімізде 28 мыңнан астам білім алушылар оқиды. Тілдерді дамыту бөлімінде Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда жыл сайын орыс топтарына арналған қазақ тілі, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу курстары үздіксіз өткізіліп тұрады. Арасында мұхит асып, қазақ тілін меңгеруге ниет етіп келген тыңдаушылар да жоқ емес. Атап айтсақ, Жапония елінің Ниигата қаласынан келген – Ихира Кадзуя, Франция мемлекетінен келген – Гомериз Виктор, ТМД елдерінен Горлыев Алымердан – Түркменстан, Абдурасулов Жамшид – Өзбекстаннан келген тыңдаушылар да бар. Көпұлтты мемлекетіміздің орыс, украин, азербайджан, өзбек, татар, еврей, кәріс, күрд, армян, т.б. этнос өкілдері де қазақ тілі курсына қатысып, А1-қарапайым, А2- базалық деңгейде сабақ алуда.

Курс сабақтарының негізгі міндеттері – тыңдаушылардың (студенттердің) қазақ, ағылшын тілдерінің тілдік дағдыларын (сөйлеу, тыңдау, оқу, жазу) жан-жақты дамыту, әр деңгейге (бастауыш, орта,  жоғары деңгейге) сай  оқу бағдарламалары мен әдістемелерін әзірлеу, когнитивті және мәдениетаралық қабілеттерін дамыту, сөздік қорды байыту және дұрыс қолдануға үйрету; жаңа технологиялар мен ресурстарды қолданып, түрлі әдістемелер мен құралдарды пайдалана отырып, білім алушыларға сапалы және жан-жақты білім беру.

– Жеке тұлғаның тіл үйренуінде қандай тиімді онлайн-платформалар бар?

– Жеке тұлғалардың қазақ, ағылшын тілдерін үйрену үшін көптеген жобалар, цифрлық құралдар мен платформалар, білім бағдарламалары бар. Олар тіл үйренуде өз бетінше жұмыс істеуге, қарым-қатынас дағдыларын жақсартуға көмектеседі. Мысалы онлайн платформалар мен мобильді қосымшалар түрлі деңгейде сабақтар мен жаттығулар ұсынып, тіл үйренуді қызықты әрі тиімді етеді.     Duolingo – бұл қосымша тіл үйренушілерге қызықты ойын түрінде жаттығулар ұсынып, прогресті бақылауға мүмкіндік береді. Babbel - грамматикалық құрылымдар мен сөз тіркестерін үйретуге бағытталған, сонымен қатар нақты өмірдегі ситуацияларға арналған материалдар ұсынады. Memrise - бұл платформа студенттерге ағылшын тіліндегі сөздер мен сөз тіркестерін есте сақтауға арналған ойындар мен тесттер ұсынады және интерактивті тәсілдерді пайдаланады.

Қазақ тілі бойынша «Тіл-Қазына» тарапынан да көптеген оқу бағдарламалары ұсынылған. Егер де аудиторияларды интерактивті тақталармен жабдықтаса, сабақ барысында қолдануға өте тиімді. Технологиялар мен онлайн ресурстарды пайдалану арқылы қазақ, ағылшын тілдерін үйрету және үйрену процесі оңай әрі қызықты өтеді, сонымен қатар білім алудың ауқымын кеңейтеді.

– Мамандарыңыздың арасында қазақ тілін жақсы меңгерген шет елдік оқытушылар бар екен. Мәселен, Костер Рензе мырза. Осындай азаматтар туралы кеңірек айтып берсеңіз?

– Бөлімімізде үш тілді оқыту курстары болғандықтан сабақтарды шетелдік азаматтар да жүргізеді. Атап айтсақ, Голландиядан келген Костер Рензе. Төрт баланың әкесі. Қазақ тілін тұрмыстық деңгейде меңгерген. Сабақты қазақ тілінде де түсіндіре алады. Бірнеше сертификаттың иесі. Он бес жылдық іс-тәжірибесі бар оқытушы. Американдық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақтарды оңай әрі тиімді үйретеді. «Speking clab, « Leadership» курс бағдарламаларының ұйымдастырушысы. 

Уакар Ахмед Пәкістаннан Қазақстанға 2009 жылы келген. Оның басты мақсаты қазақ тілін үйрену болған. Осы мақсатпен алдымен Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бір жылдық қазақ тілі дайындық курсынан өткен. Өз сөзінде «Бастапқы кезеңде қазақ тілін үйрену маған өте қиын болды. Алайда, университетте бір жыл оқығаннан кейін мен қазақ тілінің негіздерін меңгердім. Бірнеше жылдан кейін тілді еркін меңгере бастадым. Қазақ тілін үйренуге маған бірнеше факторлар көмектесті. Ол тәжірибелі ұстаздарым, қазақ тілді орта,

менің ана тілім мен қазақ тілінің арасындағы ұқсастықтар. Тілді үйрену барысында мен ең алдымен сөйлеу дағдысына көп көңіл    бөлдім. Маған тілді тез игеруге көмектесті. Қазақ тілін үйрену – менің өмірімдегі ең маңызды жетістіктерімнің бірі. Бұл тіл маған жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстан мәдениетін терең түсінуге көмектесті » –дейді.

Уакар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бакалавр дәрежесін алған. Одан кейін Шымкент қаласындағы Халықтар достығы университетінде магистратураны аяқтаған маман. Қазіргі уақытта Тілдерді дамыту бөлімінде 5 жылдан астам уақыт бойы оқытушы болып қызмет етіп келеді.

– Жалпы, тілді жылдам меңгеруге көмектесетін жобалар бар ма? 

– Тілді жылдам, қарқынды түрде меңгеру үйренушінің өзіне және оқытушыға байланысты. Қазіргі цифрализация кезеңіне байланысты түрлі техникалық құрылғыларды пайдалана отырып, жұмыс жасау. Оған тыңғылықты, жауапкершілікпен, сабырлықпен қарау керек. Уақытты тиімді пайдалану керек. Ағылшын тілін жылдам меңгеруге арналған түрлі тиімді жобалар мен әдістемелер бар. Мультимедиялық және ойын түрінде оқу. Memrise – бұл қосымша визуалды жаттығулар мен сөздік қоры бар ойындар арқылы ағылшын тілін үйретеді. Студенттер өз деңгейлері бойынша дайындалған интерактивті жаттығулар мен аудио материалдар арқылы үйренеді. Тілдік тәжірибе алмасу үшін Tandem немесе HelloTalk сияқты қосымшалар арқылы тіл үйренушілер басқа тіл үйренушілермен және ағылшын тілінде сөйлейтін адамдармен қарым-қатынас жасап, өздерінің сөйлеу дағдыларын жақсартады.

Шымкент қаласында да ағылшын тілін үйретуге байланысты бірнеше маңызды жаңашылдықтар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр. "English for All" жобасы. Жаңа жоба шымкенттік ғалымдар мен білім беру мекемелері арасында қолға алынып жатқан бастама болып табылады. Оның негізгі мақсаты - әртүрлі деңгейдегі адамдарға ағылшын тілін үйрететін онлайн ресурстарды әзірлеу. Шымкенттік ғалымдардың ағылшын тілін үйрету саласындағы зерттеулері көбінесе, интерактивті оқыту әдістемелерін енгізу; цифрлық платформалар мен онлайн оқыту құралдарын пайдалану; мәдениетаралық қарым-қатынас және глобализация жағдайындағы тіл үйрету әдістерін дамытуға бағытталған жобаларды қамтиды.

– Шымкент ғалымдарының қазақ тілін үйретуде қандай жаңашылдықтар немесе зерттеулері бар?

– Біздің оқытушыларымыз Шымкент қалалық  тілдерді оқыту-әдістемелік орталығымен  бірлесе отырып, көптеген семинар-тренингтерге, атаулы іс-шараларға қатысып отырамыз. Онда әдістемелік құралдар жазылып, көпшілік назарына ұсынылып отыр. Сабақ барысында осы оқу-құралдары пайдаланылып отырады. Айталық Г.Иманбаева ның «Parts of speech» әдістемелік нұсқаулығы, Г.Қалдыбаеваның «Ресми құжат үлгілері» әдістемелік құралы, А.Шайхудинованың «Қазақ, орыс, ағылшын тілінде мақал-мәтелдер мен жұмбақтар» көмекші құралы басылып шықты. 

Сондай-ақ Г. Есепбаеваның «Қазақ тілін  жеделдетіп оқыту курсының базалық (А2) деңгейіне арналған  жұмыс дәптері» және М. Болаттың«Қазақ тілін  жеделдетіп оқыт у курсының базалық (А1) деңгейіне арналған  жұмыс дәптері» баспаға дайындалуда.

– «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтылмаған. Яғни, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықтығы жоқ. Оқу ордасында полиглот жастар бар ма?

– Расында, көптілділік қазіргі заманның маңызды дағдыларының бірі болып табылады. Қоғамда түрлі мәдениеттер мен елдер арасындағы қарым-қатынас барған сайын маңызды болуда. Сондықтан көп тіл білу адамның жеке және кәсіби өмірінде үлкен артықшылықтарға ие болуы мүмкін. Қазіргі таңда Тілдерді дамыту бөлімінде полиглот жастар саны артып келеді. Бұл тіл үйренуге қызығушылықтың өсуін және жастар шетел тілдерін үйренуге үлкен назар аударатынын көрсетеді. Мысалы, «Сәулет, құрылыс және көлік» факультетінің 1 курс студенті Азимова Калбинур  қазақ, орыс, ағылшын, ұйғыр, өзбек тілдерін біледі. Қожахмет Нұрай -  қазақ, орыс, ағылшын, корей тілдерін меңгерген. «Химиялық инженерия және биотехнология» Жоғары мектебінің 1 курс студенті Халық Айғаным  қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдері жақсы біледі. Осы секілді Исағали Баян, Бабажанова Әсем, Ақжігіт Әмір, Мықтыбек Аяулым, Кошенова Асел, Мирабдуллаева Надира, Изжанов Алдияр, Моминова Камила, Пазылбекқызы, Сабирова Данагүлді мақтаныш тұтамыз.  Жалпы, жыл сайын бөлімде 500-ге жуық тыңдаушылар курс сабақтарынан өтеді. Сондықтан бұл цифр еселене түседі. Сонымен қатар, Болон процесі және академиялық орталық тарапынан Ресей, Польша, Германия, Испания, АҚШ елдерінде де семестрлік оқуларын оқып келген студенттердің жетістіктерін айтуға болады.

– Тіл саласының маманы ретінде айтсаңыз, қазақ тілін үйренудің қиындықтары бар ма? Мәселен, Қытай альфавитінде 50 мың, соңғы кезде 90 мың әріп бар дейді. Салыстырмалы түрде сұрағаным ғой? 

– Қазақ тілінде бірнеше дыбыстар мен айтылымдар бар, олар кейде дұрыс айтылмайды. Мысалы өзара ұқсас ұ, ү, у дыбыстарының сөздегі айтылымы өте ұқсас. Көпшілігі ажырата алмай жатады. Бірінші кезекте дауысты дыбыстардың классификациясын жақсылап меңгеру қажет. Сонда ғана жазуда да, айтылымда да сауатты жазуға болады. Соңғы кезде қазақ тілінің орфография заңдылығының алтыншы басылымы жарық көрді. Әлі күнге дейін көпшілік қатемен жазуда. Сол үшін түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізілу керек. Әрине бөлім тарапынан жыл сайын семинар-тренингтер өткізілуде. Ол аздық етеді. Сонымен қатар, тыңдауға және айтылымды жаттауға көп көңіл бөлу қажет. Қатаң ережелер мен ерекшеліктер, сөздік қордың кеңдігі, олардың көпшілігі түрлі контекстерде әртүрлі мағыналарға ие болуы мүмкін. Бірақ әр тілдің үйрену қиындықтары мен жеңілдіктері жеке тұлғаның тіл үйренуге деген қабілетіне, ынтасына және мотивациясына байланысты өзгеріп отырады. Жалпы алғанда, кез-келген тілді үйрену белгілі бір күш-жігерді қажет етеді. Дегенмен, тұрақты түрде жаттығу арқылы және заманауи оқыту әдістерін қолдана отырып, тыңдаушылар тілдерді  сәтті меңгере алады. Кез келген тіл сияқты ағылшын тілін үйренудің өзіндік қиындықтары мен артықшылықтары бар. Бұл қиын немесе оңай болуы бірнеше факторларға, соның ішінде ана тіліңізге, ағылшын тілін білуіңізге және сізге қолжетімді ресурстарға байланысты. Ағылшын тілін үйрену қиындықтарына келсек, ағылшын тілі фонетикасына көптеген ерекшеліктер бар. Мысалы, "rough," "though," және "through"сияқты сөздердің жазылуы ұқсас, бірақ мүлдем басқаша айтылады. Грамматикасына келсек, ағылшын тілінің грамматикасы орыс тілі секілді SVO (Subject, Verb, Object) жүйесіне келеді. Қазақ тілінде SOV жүйесі. 

I go to school  -  Я иду в школу  -  Мен мектепке барамын. Сөздік мөлшері де қиындық туғызады. Оқушылар синонимдерге, идиомаларға және фразалық етістіктерге шамадан тыс әсер етуі мүмкін.

Ағылшын тілін үйренудің жеңілдігіне келсек, Қытай сияқты мыңдаған таңбалары бар тілдерден айырмашылығы, ағылшын тілі 26 әріптік алфавитті пайдаланады. Бұл оқу мен жазуды жеңілдетеді. Екіншіден, ағылшын тілі- глобализацияға бір қадам. Бұқаралық ақпарат құралдарында, білім беруде және бизнесте кеңінен қолданылады және қолданылады, бұл тыңдаушыларға тәжірибе жасау үшін көптеген мүмкіндіктер береді.  Үшіншіден, ағылшын тілінде, қазақ тілінде секілі, гендерлік зат есімдер немесе кеңейтілген етістіктер жүйесі жоқ, бұл оны неміс немесе орыс тілдерімен салыстырғанда қолжетімді етеді.

– Ұлттық құрылтайда Президент «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық» деді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде қандай шаралар қолға алынуы қажет? 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев : «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады» деді. «Орыс және ағылшын тілдерін оқып үйрену білімнің, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсетін, экономикалық мүмкіншіліктерімізді арттыратын бірден-бір тетігі» дей келе, жаһандануға бейімделуді, замана көшінен қалмай, осы үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз, — деді. Сондықтан ұйымдастырған іс-шаралардан гөрі қажеттілік туындату керек сияқты. Атап айтқанда, ғылыми жобалардың, ғылыми мақалалардың мемлекеттік тілде жазылуын арттыру керек деп ойлаймын. Барлық халыққа қызмет көрсететін жерлер (банк, ХҚКО, полиция, қазақ тіліндегі БАҚ, теледидарлардағы мәнді хабарлар, отандық мазмұндағы кинолар т.б) қазақ тілінде жұмыс жасаса, үйренуге, түсінуге тәуелді болса, сонда ғана қазақ тіліне деген мәртебе көтеріледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Тіл тазалығы – ұлт мәдениетінің айнасы
  • Мәдениетте мәселе көп
  • Шымкент қалалық өзбек драма театры "Менің атым Қожа" повесін сахналады
  • Өзіне тән әлемі бар ақын: Бақытжан Алдияр 50 жаста
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер