Мемлекеттік тілді дамыту, қазақ тілінің мәртебесін көтеру – қазақстандықтар үшін ортақ іс. Тілге жанашырлық таныту және тіл тазалығын сақтау арқылы әрбіріміз мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге атсалыса аламыз.
Бүгінгі жастар қазақ тілінің қолдануда сөздік мағынаны өзгертіп, «тренд сөздер» арқылы мемлекеттік тілдің тазалығын бұзып жүрген жоқ па? Тіл таза болса, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» деген. Тілді сақтау арқылы ұлтты, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, ұлттық рухымызды сақтай аламыз. Тіл тазалығы туралы педагогика ғылымдарының магистрі Ақтолқын Әлиярбекқызың пікірін оқырманға ұсынамыз.
–Тіл - адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды адамзат тіл арқылы үйренеді. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Бұрынғы даналардан қалған: «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Алайда осы сөзді біз тереңірек түсініп жүрміз бе? Жоқ әлде көп тіл білетін сыңай көрсетіп, тисе терекке, тимесе - бұтаққа дегеннің кері болып жатыр ма? Бүгінде адамзат бойындағы намыс, тілге деген жанашырлықтың жойылып бара жатуы адам жанын қынжылтады. Келешегіміздің сөйлеу мәдениеті мүлдем басқа арнаға ауысып бара жатқандай. Жастарымыз сөйлескенде бір ауыз сөздің өзін кібіртіктеп, ойланып барып, әрең жеткізеді. Сөйлеу барысында жалпы қолданыстағы сөздерге орысша жалғау жалғап, өз тілімізде баламасы бола тұра кірме сөздерді шеттен тыс көп пайдаланып, оның үстіне қазақша қосымша жалғап, тіпті тарихи қалыптасқан сөз тіркесінің орын тәртібін бұзып қолданып жүргендер бар. Иә, кешегі келмеске кеткен кеңес үкіметінің де көпке тигізген әсері қазіргі қозғап отырған мәселеміздің қасында жастар тілімен алғанда «ойнап қалады». Кешегі дәуірде қысым көрген аға-апаларымыздың тілі шала шығып, сауаттылығын өзге тілде көтеріп, бүгінде ел ағасы болып жүргендер ана тілінен алшақтап, бата мен тілектің жөн-жорасын ажырата алмай, шала жаттап, ортада өз ойын сөзбен жеткізе алмай, күллі жұртқа күлкі болып, ішкі жан дүниесі сайрап тұрғанмен, тілі мен сөйлеу қабілетінің жоқтығына налып, жүргендер санына қарағанда тәуелсіз елімізде жауһазындай өсіп келе жатқан жастардың сөз қолданысы мен сөйлеу әрекеттеріне не жорық, не себеп дейсіздер? Қалыптасқан сөз құрамын өз дәрежесінде айтса - не кедергі?, жоқ әлде «үштілділіктің» де әсері тиді ме екен? Олай десек, тіл үйреніп, қойыртпалатып сөйлеңдер деген ешкім жоқ шығар. Қазіргі таңда өз тілін жетік білмейтіндер өзге тілде сайрап, алдына жан салмай жатқаны мәлім. Алайда өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте деген Қадыр Мырза Әли өлеңінің мәнін жоғалтып алған сияқтымыз. Кез келген тілдің лексикасы әдеби және бейәдеби болып екіге бөлінеді. Осы бейәдеби тілге жастардың жаргондары мен сленгтерін жатқызуға болады. Жаргон- (франц. jargon)- шағын әлеуметтік топ қолданылатын, ешқандай жеке тілдік дербестігі жоқ жалпыхалықтық тілдің тармағы. Сленг- (англ. slang жаргон)- белгілі бір ортада қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды сөздер. Жастар арасында қолданылатын көңілге қонымсыз, құлаққа жат жаргон сөздер бүгінде олардың санасын улап бара жатыр. Нәрсіз, көңілге қонымсыз, күлкілі сөздер белең алып тұр. Мәселен, трендтегі сөздер жастардың көретін, оқитын, мәлімет алатын ақпараттарына байланысты қалыптасады. Осы мақаланы жазуда бірнеше жастардың ортасында болып, өздерінің арасында қолданылатын сөздерді жинақтадық:
«хай» - сәлем!
«Лафа» - жағдайым жақсы
«Мамка», «момми» - ана
«Батя» - әке
«Ажека» - әже
«Аташка» - ата
«Қумаш» - жөнсіз сөйлемеші
«Лох» - аңқау
«Қадап тастады» - құлатып тастады
«Шіли» - тым, аса
«Общяга» - жатақхана
«Миды шіріту» - көп сөйлеу
«Читалка» - оқу залы
«Жиза»- өмір
«Изи» - оңай
«Кринж» - қысылу
«Мандраж» - қорқыныш, өзінен сенімсіздікті сезіну
«Вайб» - сәт
«Муд» - көңіл - күй
«Мажор», «папик» - бай бақуатты
«Ок» - жарайды, жақсы
«Сорян» – кешір, ренжіме
«Братуха» - бауырым
«Типа» - сол сияқты, тәрізді, секілді
«Өшті» - сөйлей алмай қалды
«Нарик» - нашақор
«Тартылсай» - бері келсеңші
«Лағып кетті» - бетімен кету
«Халява» - демалыс
«Порожняк» - жолы болмау
«Краш» - әдемі
«Рилли» - шынымен, расында
«Шарить ету» - бір нәрсені түсіну
«Лақтырдым» - ақша аудардым
«Хайп» - арзан атаққа құмарлық
«Картопты жарды» - бәрін аузына қаратты
«Ауф» - керемет, әдемі
«Тренд» - заманауи, танымал, сұранысқа ие
«Тормозы ұстап қалды» - бір жағдайдың шешімін таба алмай қалды
«Да ну, Гулбану» - тамаша, керемет
«Өліп кетті» - жарасып тұр
«Пиар» -жарнама жасау
Осы сөздердің қолдану себептерін сұраған кезімізде уақыттың жетіспеуі; ақпараттық материалдардың көптігі; смартфондардың ішінде қазақ тілі қарпінің болмауы; басқалардан ерекшеленіп, күлкімен тездетіп жеткізулерін алға тартқан болатын. Ортадан келешекте латын қарпіне өткенде ағылшын тіліндегідей апострофтарды қолданып, жазуда қысқарту ережелерін ұйымдастырып, қолданысқа енуін қалайтын жастар да табылып жатты.
Қазіргі кезде қазақ тілінің тазалығын сақтап, сөздің қадіріне жетуді назардан тыс қалдырып қойған сияқтымыз. Негізінен тілді шұбарлау оны білмеуден де қатерлі. Бүгінде жаһандану дегенді алға тартқан ірі державалар өз саясаттары мен дәстүрлерін сөз саптауларымен, түрлі атауларымен қоса қажымай-талмай тықпалап жатыр. Мұндай жағдайда біз елдің шекарасын қалай күзетсек, ана тіліміздің де тазалығына солай қырағылық танытуымыз қажет. Әлемде бүгінгі күні ғылым мен технологияның жаңалығы көптеп ашылып, өмірге дендеп еніп жатқан кезеңде жаңа атаулар , шет тіліндегі түрлі сөздер ентелей еніп жатқанда ана тіліміздің тазалығын сақтап қалуымыз қажет. Бұл тұрғыда әрбір азамат өзінен бастау керек. Қателіктерді өзгеден көріп жүргенде, өзіміз де сол қатардан табылып қалмауымыз қажет. Ешбір қажеттілігі жоқ жерге шет тілінің терминдерін тықпаламасақ, тіліміздің шұбарланбауына жол бермес едік.
Қазіргі кезде жастарымыздың бірлігі мен тындырымды тірлігін жерге, тілге деген сүйіспеншілігін ғаламторда өздерінің «мықтылықтарын» мемлекеттік тілді қажетсінбей іс жүргізгісі келетін қаншама бизнес орталықтарына сын айтып, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші халық алдында кешірім сұратып, өз жарнамаларын қазақ тілінде жүргізіп, ісін жалғастырып жатқан ортаны да көріп жүрміз. Біз әрбір нәрсені біржақты қарамауымыз қажет. Сондықтан кейбір жастардың тілді бұрмалап, шұбарлап жүргендерін көз көріп жүрсе де, бір - бірімізге сын айтудан шаршамауымыз қажет.
Қорыта келе, ана тіліміздің құндылығын арттыру, жастардың тілдік білімін жетілдіру, патриоттық сезімін күшейту, салт-дәстүрімізді дәріптеуден шаршамау, жалған ұранға бой алдырмау, қолдағы барымызға күпірлік қылмай бағалау үшін мүмкіндігінше жақсылыққа жетелейтін, қай сала болсын түйсініп, тілдік білу қабілеттерін арттыратын емтихандар заңдастырылса; Мекемелердің атаулары, көше, күре жолдар бойындағы жазбалар, елді мекендердің ішкі көріністері тек қазақ тілінде әрлену қалыптастырылса; Тренд, мода, заманауи деп жаһандану заманына жұтылмай, қазақ екенімізді көрсететін, дәстүрімізді дәріптейтін қысқа да нұсқа, керемет мән-мағына беретін атаулармен толықтырылса; Кейінгі кезде жастарымыз дорама корейлік кинолар мен наруто жапондық анимелерді жантайып көріп, өзін емес өзгенің кейіпкерлеріне ұқсағысы келетіні жасырын емес. Пайымдауымызша ортадан алмаған жылулықты, мейірімділікті, ізеттілікті, сөзге тоқтау мен бірсөзділікті осындағы кейіпкерлерден көретін сияқты. Сондықтан жастарға рухтық тәрбие беретін батырлар жырынан үзінділер, қоғам қайраткерлерінің тыңнан жол табатын қасиеттерін үлгі етіп отыратын кинофильмдер көптеп шығарылса; Отандық телеарналардан көрсетілетін «Қосылайық», «Бір болайық» хабарларын сағаттап көрсетіп, ондағы жастардың сөйлеген сөзінің өзі тілді шұбарлап, білмейтіндер сөйлеудің жөні осы екен деп сөзге мән бермей былапыт сөздерді қолдануы да қоғамға кері әсерін тигізіп жатқаны бар. Үлкен-үлкен телеарналардан шырқалатын әндердің де мән-мағынасына қарап, көпшілікке ұсынылу қажет деп ойлаймыз. Мысалы: «Қырсық», «Тәтті», « На рахате» деген әндер онсыз да бағытын таппай жүрген жастарға әсерін тигізеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда бір - бірін «қазақи» болмашы деген тоқтау сөзбен ноқталайтын, сынға пысқырып қарамайтын сабырсыз, ойдан - қырдан жинаған тілдік қорына мәз болатын еліктегіш, түрлі тілде сөйлеймін деп, бір тілдің байыбына бармайтын дүбәра жастарға, қала берді орта буын өкілдеріне де ескерту жасамақпыз. Алайда, көпке топырақ шашудан аулақпыз, керісінше ойы ұшқыр, зейінді, алғыр, ұтқыр жастардың да өсіп келе жатқанын жоққа шығармаймыз. Қатарлары өсіп, шатасқандардың саны көлге тамған тамшыдай болатынына сенеміз.