Құран жақсылыққа бастаушы, жан мен тәннің рақатына бөлейтін жалғыз кітап. Мұсылмандар үшін тура жол болған Құран – Алланың адамзатқа мейірімі мен рақымының шексіздігінің көрінісі.
Осы тұрғыда Шымкент қаласы Еңбекші аудан Исамиддин баба мешіті әйел-қыздар қауымы ұйымдастыруымен “Құранға ғашық жүректер” атты рухани мерекелік кеш өтті.
Кеш ғибратты көрініс пен насихатқа толы шара болып өтті. Қаламыздан 70-тен аса қонақ болып келген апа-аналарымыз бен келіншектер пайдалы әсер алды.
Құранға ғашық жүрек қандай? Құранды үйрену мен оны сақтау, үнемі Құранмен шұғылдану біздер үшін қандай болмақ? деген сұрақтар аясында Қаратау ауданы Байғұт баба мешітінің ұстазы Гүлжан Нұрланқызына сөз беріліп уағыз айтылды. Қатысқан барша қауымға алғыс білдіреміз.
Құранға адалдық дегеніміз, Алла тағаладан түсірілген барлық кітаптарға, ал Құран сол кітаптардың ақырғысы және оларға куәлік етуші екеніне иман келтіру арқылы болмақ. Құран жүректерде және жазбаша түрде сақталған Алла тағаланың теңдесі жоқ сөзі екеніне иман келтіруінде көрініс табады. Бұл туралы Алла тағала:
«Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз».
(Хижр: 9)
– деп уәде берген. Мұсылманның Құранға қатысты адалдығын мынадай бес жағдаймен көрсетуге болады:
Құранды оқу мен жаттап алу. Себебі Құран оқу білімнің көбеюіне, танымға ие болуға септігін тигізеді. Жанды тазалауға мүмкіндік туғызады, рухани кемелдікке жеткізеді және адам бойындағы тақуалықты арттырады. Құран оқығаны үшін адам өте үлкен сауап алады. Қиямет күнінде оған шапағат жасалу құқығына ие болады. Әбу Умамадан (р.а.) жеткен хадисте:
«Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Расында ол қиямет күнінде өзінің достарына шапағатшы болып келеді», – деп айтқанын есіттім» – деген.
(Мүслим)
Құранды жаттау арқылы адамның жүрегі сәулеленеді, оны жаттап алған мұсылман бұл дүниеде ерекшеленіп, үлкен құрмет пен сыйға ие болады. Ал ақыретте қанша сүрені жатқа білгеніне қарай оның дәрежесі де жоғарылай береді. Бұған мына хадис дәлел болмақ:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құранды жатқа білген кісіге: «Оқы және жоғарылай бер, жердегі өмірде барлық ережесіне сай қалай оқыған болсаң, солай оқып бара бер. Соңғы аятты оқыған жер сенің (жәннаттағы) орның болады» делінеді», – деген.
(Әбу Дәуід, Термези)
Әсем дауыспен оқылған Құранды жүрек жақсы тыңдайды, ал оқылған нәрсе жанымызға терең әсер қалдырады. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
«Құранды қирағатпен дауыстап оқымағандар бізден емес», – деп айтқан.
(Бұхари)
Сол сияқты біздерге мынадай әңгіме жеткен:
Бір мәрте пайғамбар (с.ғ.с.) Ибн Масғұдке (р.а.):
–Маған Құран оқып берші – дейді. Ибн Масғұд:
–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге түскен Құранды, сізге оқып берейім бе? – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
–Рас, мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін – деп жауап берген соң Абдуллаһ ибн Масғұд Құранды оқиды. Ол Құран оқып отырған уақытта пайғамбардың (с.ғ.с.) көздеріне жас келеді.
Құранды оқығанда оның мағынасы туралы ойланып, аяттарын түсінуге әрекет жасау. Алла тағала:
«Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да сөйлемеңдер. Әрине мархаметке ие боласыңдар».
(Ағраф: 204)
«Олар Құран туралы ойланбай (ды) ма?! Әлде жүректерінде құлыптары бар ма?!» – дейді.
(Мұхаммед: 24)
Құранды сақтап қалу жауапкершілігін мұсылмандардың келер ұрпағы өздеріне алу үшін оларға Құранды үйрету. Құранды оқып-үйрену және басқаларға үйрету біздерді даңқ пен бақытқа жеткізетін жол болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің», – деген.
(Бұхари)
Құранды түсінуге және оны іс жүзінде қолдануға ұмтылу. Себебі Құранды түсініп, бірақ, оны амалға асырмаса онда бұдан пайда жоқ. Тек қана үйрену, түсіну және амалға асыру арқылы ғана Құранның бізге беретін нәрселерінің ең маңыздысын ала аламыз. Бұған қатысты Алла тағала:
«Ей, иман келтіргендер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді айтуларың Алланың алдында зор ашуға себеп болады», – деген.
«Алла Тағала былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» (Бақара, 185).
Жаһанның жолбасшысы Мұхаммедке (с.а.с.) ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн мың айдан қадірлі Қадір түні еді.
Пайғамбарлықтан бұрын бүкіл жаратылыстың мырзасы Мұхаммед (с.а.с.) Мекке сыртындағы таудағы Хира атты үңгірде жұрттан жырақ, оңаша жағдайда Алла Тағалаға құлшылық ететін. Жасы қырыққа толған шағында қалыпты дағдысымен құлшылық етіп жатқан оған Жебірейіл періште (а.с.) келіп: «Оқы!» – деп бұйырады. Ол (с.а.с.): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Сонда періште оны қатты қысып, сосын босатып жіберіп тағы да: «Оқы!» – дейді. Мұхаммед (с.а.с.): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Жебірейіл (а.с.) оны тағы да қысып: «Оқы!» – деп әмір етеді. Пайғамбар (с.а.с.): «Мен оқи алмаймын», – деп қайталайды. Сонда Жебірейіл (а.с.): «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен», – деп алғашқы аяттарды уахи етеді. Сосын: «Уа, Мұхаммед! Ақиқатында, сен – Алланың Елшісісің!» – деп көзден ғайып болады.
Кітаптардың кітабы Құран Кәрім Пайғамбарға (с.а.с.) сол түннен бастап жиырма үш жыл бойы түсірілді. Алла Тағала Құранның қадірі хақында былай дейді: «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректерге шипа және иман келтіргендер үшін тура жол бастаушы әрі рахым (Құран) түсті» (Жүніс, 57); «Расында, осы Құран ең тура жолға бастайды» (Исра, 9).
Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне Қасиетті Құран мен өзінің сүннетін бекем ұстануды аманат етіп былай деген: «Мен сендерге егер нық ұстасаңдар еш адаспайтын екі нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың Кітабы (Құран Кәрім) және менің сүннетім».
Алланың Елшісі (с.а.с.) бізге Құран Кәрімді ұдайы оқып-үйренуді, жаттауды, ондағы ұлағатқа амал етуді бұйырды. Ондағы әрбір әріпте үлкен сауап бар екендігін айтты: «Сендердің ең қайырлыларың Құранды үйреніп және басқаға үйреткендерің»; «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф. Ләм. Мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп».
Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Себебі, осы айда Құран түскен. Осы айда Жебірейіл періште (а.с.) Алланың Елшісіне (с.а.с.) келіп, Құран Кәрімді қайталап үйрететін.
Хақ Тағаланың Кітабын үйрену, Елшісін (с.а.с.) сүю тәрбиенің негізгі қайнар көздері. Имам Табарани таратқан хадисте былай делінген: «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында, Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күні Алланың Аршысының көлеңкесінде болады».
Сонымен бірге, Қиямет күні әрбір мұсылманға тұтқан оразасы мен оқыған Құраны шапағатшы болады екен. Имам Ахмет риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Қияметтің күні Раббының алдында ораза мен Құран пендеге арашашы болады. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жемнен тыйған едім. Енді мен оған арашашы болайын», – дейді. Құран болса: «Мен оны түнде ұйқысынан айырып едім сол үшін оған арашашы болайын», – дейді. Сөйтіп, екеуінің де шапағаты қабыл етіледі».
Ислам тарихындағы ғұламалар, ізгі пенделер рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қойып, түгел оқып, зерделейтін болған. Төл мазһабымыздың көшбасшысы, ұлық имам Әбу Ханифа рамазан айында Құранды бірнеше мәрте хатым еткен» деді Гүлжан Нұрланқызы.