Шәкәрім еңбектері насихатталды

Тұран ауданы, “Нұр-Төбе” мешітінде имам Жолдасов Ақылжан Ілиясұлы “Дін мен дәстүр” бағыты бойынша, Шәкәрім Құдайберді ұлы бабамыздың “Ар Ілімі” жайлы және “Үлкенге құрмет”, “Ихсан ілімі”, “Умра қажылық” т.б тақырыптарда әсерлі насихат айтты.

Screenshot_34.jpg

Қазақ халқында Ислам дінін терең зерттеп, ата-баба дәстүрімен ұштастырып, оны көпшілікке жеткізу жолында өмірін арнаған ғұлама-ғалымдар аз болған жоқ. Сондай ғұлама-ғалымдардың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858 – 1931) – Хакім Абайдың замандасы әрі немере інісі. Ол туған халқына түзу жол көрсетуде ұстазы Абай көрсеткен бағытты ұстанды. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға барды, онда жеті жасына дейін оқыды. Жеті жасында әкесінен жетім қалып, одан кейін Абайдың тікелей тәрбиесінде болды. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, ғұлама-ғалым, ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпалын тигізді. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазды: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бүл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әртүрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім».

Мешіт имамы Ақылжан Жолдасовтың айтуынша оның «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» еңбектерінен Ислам ақидасын, шариғатын терең білген ғалым-ғұлама болғанын көруге болады. Сонымен қатар Шәкәрім өз шығармаларында мінез-құлыққа қатысты рухани құндылықтарды көп насихаттаған. Өлең жолдарында:

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той» деп,

Береді бұл надандық кімге пайда? – дейді.

Ар – адамды жамандықтан қорғайтын күш. Алланың берген ең үлкен нығметтерінің бірі – жүректегі ар. Арсыз адам өз нәпсісіне ереді, жақсылық пен жамандықтың арасындағы айырмашылықты білмейді. Ал жүрегінде ары бар адам әрқашан адалдықты, әділдікті іздейді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ халқы ар мен ұятты адам бойындағы негізгі асыл қасиетке балап, тарихта түрлі қилы кезеңдерден өтсе де, әрқашан ары мен ұятын жоғары қоя білген. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан: «Малыңа сүйенбе, арыңа сүйен», «Адалдық – ардың ісі», «Нарым бар деп мақтанба, арым бар деп мақтан» деген мақал-мәтелдер осыған дәлел. Ата-бабаларымыз ұрпағына бата бергенде де: «Арлы бол!», «Алла абыройыңнан айырмасын!» – деп тілек тілеген. Осы арқылы арсыздық саналатын барлық жаман істерден аулақ болуға үйреткен. Себебі арсыздық – жеке адамға ғана емес, қоғам үшін де үлкен зиян алып келеді. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 19-аятында Алла Тағала:

«Иман келтіргендер арасында арсыздық атаулының етек алуын көксейтіндерге келсек, оларға бұл дүниеде де, ақыретте де жан төзгісіз ауыр азап бар», – деп ескерткен.

Арлылық намыс, ұят, иба, абырой сынды бірқатар игі істерді қамтиды. Арлы адам жігерсіз әрі намыссыз болмайды, көрсеқызарлыққа салынбайды, күнәлі істерден бойын аулақ ұстайды. Ешкімге қол жаймай, адал еңбек етеді. Хакім Абай қара сөздерінің бірінде: «Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», – дейді. Шәкәрім бабамыз келесі өлеңінде:

Ақылды сол – нысап пен ар сақтайды,

Арсыз сол – арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол – таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды, – деген.

Сондықтан да ар сақтау ұғымының аясы кең. Ол қоғамды азғындықтың, күнәлі істердің таралуына себеп болатын барлық істерден бойды аулақ ұстауға шақырады.

Адам бойындағы көркем мінезге қатысты Шәкәрім қажы «Ар ілімі» деген терминді қолданған.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз да: «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей», – дейді.

Әсіресе, зинақорлық деп аталатын суық жолдан сақтануды халқымыз ар сақтау деп таныған. «Абыройыңды жасыңнан сақта» деп насихат еткен халқымыз тектілікті, ұрпақ тазалығын сақтауды өте маңызды деп білген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, үйленбеген жастардың арлы және абыройлы болуына үлкен мән берген. 

Рақымды болу айналаға мейірім төгу, өзгелерге жанашыр болу дегенді білдіреді. Мейірімділік – адамның адамгершілігін көрсететін, рухани деңгейінің кемелдігін паш ететін сипаттардың негізгісі. Ол адамдар арасындағы сыйластық, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерге негізделеді. Хакім Абай: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз», – деп өзгелерге рақымды болып, мейірімділік танытуды бес асыл іс деп атаған болса, Шәкәрім бабамыз:

Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,

Жас бойға жаман атақ тағынбалық!

Таза ойлап, татулық іс табалық!

Жау жоқта, тіпті жауды сағынбалық! – деп тағы да мейірімнің маңызын атаған.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 107 аятында Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Уа, Мұхаммед!  Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік», – деп айтқан. Жаратушы Алланың ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша адамзатқа мейірім ретінде жіберуі де, мейірімділік сипатының мұсылман жандар үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл сөзінде, ісінде мейірімділіктің кемел үлгісін көрсетті. Ол қасындағы сахабаларын мейірімділіктің аясында тәрбиеледі. Ол тәрбиелеген сахабалар әлемдегі теңдессіз тұлғаларға айналды. Дінге, өзіне, қасындағы ең жақын деген адамдарына қаншама қастандық істеген дұшпандарының өзіне мейірімділік танытып, олардың істеген қателіктерін кешіру арқылы, адамдардың жүрегіне иман ұялауына себепші болды.

Имам Ақылжан Жолдасов мынадай хаид келтіреді. Мұғаз ибн Жәбал (Алла оған разы болсын) деген сахабаға бір кісі келіп: «Маған насихат айтшы», – деген екен. Сонда Мұғаз: «Мейірімді бол! Жәннатқа кіруіңе мен кепіл болайын», – деп жауап беріпті.

Ендеше, ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі тұтқан әр мұсылманның жүрегінен мейірімділік, әр ісінен жұмсақтық көрініс табуы қажет. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол «шын адам» болады», – деген. Адамдар арасында мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасалғанда ғана ол қоғамда өзара сыйластық, бірлік, әділеттілік орнайды. Мейірімді жан ғана елін, халқын, Отанын шынайы сүйіп, оған адал қызмет ететін болады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Депутат Алматыдағы бетке ұстар театрдың корпоративтік кештерге жалға беріліп жүргенін айтты
  • Ұлттық рух - өлеңдерінің негізі
  • «Ханбибінің биігі» жыр мүшайрасы мәресіне жетті
  • Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық кеші өтті
  • Шымкентте ҚХА жанындағы аналар кеңесінің 10 жылдығы аталып өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер