Сайрам атауының шығу төркіні жайлы жорамалдар көп. скі Исфиджаб, қазіргі Сайрам көптеген Шығыс және Батыс саяхатшыларының қолжазбаларында кездеседі.
Шежірелі шаһар VII ғасырдан белгілі бола бастаған. Исфиджаб қаласы Ұлы Жібек жолының ең маңызды бөліктерінің бірінде орналасқан. Тарихи деректерде Сайрам қаласының онға жуық Сайрим, Исфиджаб, Нучингень, Сайлан, Бейшуйху, Аль маданият аль Байзо, Сайрам секілді атауларын кездестіруге болады.
Сайрам жөнінде ең алғашқы рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Кейін Махмұд Қашқарий еңбегінде: «Сайрам – бұл Ақ қала (Аль маданият ал Байзо). Ол қаланы Исфиджаб және де Сайрам деп те атайды» деп жазған. Исфиджаб атауы соғды тілінен аударғанда «Ақсу» деген мағынаны білдіретіндігін орыс ғалымы В.К. Шуховцов ұсынған. Дегенмен де Сайрам атауының шығу төркіні жайлы жорамалдар өте көп.
Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, құлдыққа әкетіліп жатты. Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі Бұхара қақпасы арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған Нуджкет қақпасы Талас аңғарына орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек.
VII ғасырда Орта Азияға арабтар келген кезде Сайрам қаласы гүлденіп тұрған еді. 714 жылы араб әскерінің қолбасшысы Кутейба Шаш (қазіргі Ташкент) қаласын алғаннан кейін Испиджабқа үлкен жорық жасады. Бірақ бұл төңіректегі елдің күшті қарсылығы арқасында көп ұзамай кейін шегінді. Испиджабты өз резиденциясына айналдырмақшы болған араб қолбасшысының жоспары жүзеге аспады. IX ғасырдың басында Испиджаб қарлұқ мемлекетінің құрамына енді. 840 жылы қарлұқ көсемі және Испиджаб басшысы Білге Құл Қадырхан қаған атағын алды.Бірақ сол жылы Испиджаб Орта Азиядағы саманилер шабуылына ұшырады.Саманилермен болған шайқаста Білге Құл Қадырхан қаза табады. Мұнан кейін мемлекет билігіне оның екі ұлы таласты. Үлкен ұлы Базар Арсыланхан Баласағұн (Шу өзенінің бойындағы қала) аймағын билейді,ал екінші ұлы Оғұлшақ Қадырхан Тараз (бұрынғы Талас қаласы) аймағын билейді. Тараз қаласын 993-жылы саманилер басып алғанда, Оғұлшақ Қашқарияға қашуға мәжбүр болады. 840 жылы саманлердің Самарқандағы билеушісі Нұх ибн Асад Испиджабты жаулап алады. Бұл аймақты жер өңдеу мәдениеті сол заманда аса күшті дамыған болатын. Самани билеушісі Испиджабты және оның аймағындағы егістік(жүзім мен астық) жерлерді сыртқы шапқынылықтардан қорғау үшін көптеген қорғандар соқтырды. Алайда Испиджаб Самани мемлекетіне түгелдей бағынышты болған жоқ. Қала және оның аймағын жергілікті түркі тайпалары биледі. Испиджаб аймағы өте үлкен болды. Оның шекарасы солтүстік-батыста Сауранға дейін, ал шығыста Талас аймағына дейін созылды. Испиджаб аймағы саманилер арқылы мұсылман діні тарады да,енді ол оңтүстіктегі ірі сауда және мәдениет орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен діни орталыққа айнала бастады. Х ғасырдың ақырында, яғни 990 жылы Испиджаб Қарахан мемлекетінің қарамағына енді. Қарахан әскері саманилерді Испиджаб аймағынан түгелдей ығыстырды.
Испиджаб аса ірі әкімшілік орталық қана емес, сонымен бірге өтпелі сауда орталығы ретінде де мәлім. Қалада сауда құрылыстары – керуен сарайлар мен «тимдер» көп болды. Керуен сарайлар (рабаттар) Нахшеб, Бұхара, Самарқанд көпестерінің иелігінде еді. Халықаралық сауда Орта Азия мен Шығ ыс шығарған және Испиджабтың өзінде XI-XII ғасырларда шекілген жергілікті теңгелермен жүргізілді.
Қаланың бастапқы аты Исфиджаб жазба деректерде VII ғасырдан бастап кездеседі, X-XI ғасырлардан бастап қала Сайрам атала бастады. XVI ғасырда Сайрам қазақ елінің сауда және мәдени, сонымен бірге ірі рухани орталықтарының бірі болған.
Ежелгі Сайрам жерінде орта ғасырларда салынған, Араб тарихшыларының мәліметіне қарағанда VIII-ХІ ғасырларда басқа қалаларда болмаған жер асты жолы болғандығы туралы араб ғалымы Яқут Хамавий жазған. Қазақстанның оңтүстік өңірінде бірінші рет Сайрам өңірі ислам дінін қабылдады. Үш мың жыл бұрын «Авеста» киелі кітабында Иран, Туран, Хорезм мемлекеттері қатарында Сайрам жерін, соның ішінде Сайрам қаласын мадақтап жазғандығы туралы ерекшелігі.
Испиджабты араб қолбасшысы Нух ибн-Асад 840 жылы басып алып, оның халқын мұсылман дініне кіргізеді. Қалада осы кезден бастап оның бұрынғы сауда-саттық ісімен қатар дінді уағыздау, мешіттер, медреселер салу жұмыстары қызу жүреді.
Тіпті осы атырапта кезінде базары мен мешіті көп болған да Испиджаб-Сайрам қаласы. Қазір ескі қаланың орнында қираған құрылыстардың қыруар қалдықтары жатыр. Бұл қала жөнінде араб тарихшылары арасында: «Испиджабқа жұма қонған кірекеш басына сәлде орап шығады» деген мақал да болған. Соған қарағанда қаланың тағы бір ерекшелігі дінді уағыздау орталығы болғанға ұқсайды. Мұндай пікірге өзек боларлық бір нәрсе Әбунасыр Фарабиге байланысты әңгіме. Бұған қарағанда, Бағдаттан қайтып оралған Әбунасыр Испиджабқа келеді. Медресе ашпақ болып, шәкірттер жия бастайды. Мұны сезіп қалған қала датқасы жас ғалымды дереу тұтқындауға жарлық береді. Әбунасыр қаладан кетуге мәжбүр болады. Ол дереу жерасты жолымен Ясыға өтті. Осы аз әңгімеден аңғаратынымыз, қаланың VIII-IX ғасырда қатал дін орталығы болып тұрғандығы еді. Қалада бертін келе IX ғасырдың аяғынан бастап, медреселер салына бастағанын байқаймыз.
Испиджаб қаласының ертедегі өміріне тән тағы бір ерекшелік – алтын, күміс өндіру, металл балқыту орталығы болғандығында. Кен балқыту өндірісі қала тарихының ең бір маңызды тарауына жатады. Қала маңындағы кен байлықтары оның даңқын талай жерге жайды.
Шыңғысхан қолы Сайрамды 1219 жылы бағындырып алғанымен, ол Отырар, Сығанақ сияқты көп қираған жоқ. Бірақ мұндағы медресе атаулы түгелдей жабылды, кітаптар өртелді. Жоғарыда сөз болған кен орындары қаңырап қалды. Шетелдермен байланыс үзілді.
Мынадай қызық дерек бар. Тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа айтады: «Байырғы Сайрам қаласының орталығында жүргізілген көлемі жағынан шағын зерттеулер ІХ ғасырдан ерте дәуірге жататын заттық белгілер таппады. Алайда жазба деректердегі мәліметтерге қарағанда қаланың ҮІІ-ҮІІІ ғғ. болғанын көрсететін мәліметтер бар. Қожа Ахмет Ясауидің жақын туысқаны болып келетін «Насабнаме» шежіресінің авторы Сафи ад-Дин Орын Қойлақы Оңтүстік Қазақстанды ҮІІІ ғасырдағы мұсылман әскерлерінің жаулап алу тарихын баяндайды. Онда исламға дейінгі Сайрамбы араб әскерлерінің қалай жаулап алғандығы көрсетіледі: «Сайрамда бір патша бар еді. Аты Көркөз еді, лақабы Нахибдар еді. Сайрам елі 160 мың үйлік тарса еді. 300 рустайысы (елді мекені) бар еді. Барлығы тарса еді. Ысқақ баб Нахибдарды иманға шақырды. Нахибдар айтты: «70 атамнан бері тарсамын, менің дінім –хақдүр. Сенімен соғысамын» деп айтады. Үш түн және үш күн шайқасты, 10 мың тарса өлді, 5 мың мұсылман шахид болды. Шаһид болғандардың ішінде ең атақтысы … Ысқақбабтың жалау ұстаушысы – Абд ал-Әзиз бар еді. Сайрамда… Хийалық ата қалдырылды. Ол 45 жыл илму-хикмет айтты». Осы деректе Ысқақ бабтың Сайрамда үлкен мешіт салдырғаны айтылады: «…Шуба мешітін салды. Мешіттің құрылысына 30 мың 500 алтын ақша кетті».
Испиджаб қаласының дәуірлеп, гүлденген шағы X-XII ғасырлар болды. Бұл кезде қала өз маңындағы көптеген қыстақтар мен елді мекендерді біріктірді. Отырықшы ел жер жыртып, егіншілікпен айналысты. Арыс, Бадам өзендерінен қалаға құбыр жүргізілді, науалар салынды. Мұндай құрылыстарды қаланың қазіргі жатқан орнынан да айқын аңғарамыз.
Испиджаб қаласының тағы бір артықшылығы – ол Отырар, Сығанақ секілді мүлдем өлі қалаға айналып кеткен жоқ. Қазір онда халық мекендейді. Сайрамның солтүстік-батыс бетіне жаңа қала, аудан орталығы орнаған. Ал қазіргі сайрамдық диқандардың көпшілігі ескі арық жүйелерін пайдаланады. Бұл кездегі тоғандар, тоспалар сонау бабалардың кетпенінің ізімен жүргізілген.