Үшінші мегаполистегі Тәуелсіздік саябағы – бұл шымкенттіктердің ғана емес, қала қонақтарының да сүйікті демалыс орны.
Тәуелсіздік саябағының салтанатты ашылуы 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылды. Оның жалпы аумағы 82 мың шаршы метрді құрайды. Қалалық саябақтың орталық кіре берісі ерекше аркамен безендірілген. Саябақтан күн сайын су ағысын заманауи және классикалық ұлттық музыканың сүйемелдеуімен орындайтын ерекше субұрқақты көруге болады. Ал, орталығында Қазақстан халқының «Бірлік» монументі орнатылған, ол ҚР-дағы 137 түрлі ұлттарды бейнелейтін 137 металл элементтерден құрылған. Сонымен қатар, ел өмірінің Тәуелсіздік кезеңіндегі жарқын оқиғалар бейнеленген гранит тақталарын, үлкен ту алаңын көруге болады.
«Тәуелсіздік» саябағы 2014 жылы мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылды. Саябақ шымшаһардың ең биік жеріне орын тепкен. Әрі бұл жер қаланың тарихи-рухани бастау алған жері саналады.
Аумағы 8 гектардан астам жерді құрайтын саябақта ұлтаралық татулықты білдіретін «Ел бірлігі» монументі мен аллея бойындағы граниттен жасалған 21 тақтайша бар. Ал, «Отан ана» сәулеттік монументі дархан даламыздың кеңдігін және халқымыздың татулығы мен бейбітшілігін бейнелейді.
Рәміздер алаңында орын тепкен 25 метрлік найзалардың ортасында көлемі 128 шаршы метрді құрайтын өңірдегі ең үлкен көк туымыз желбіреп тұр. Шаһар тұрғындары сәулет өнерінің жетістігі саналатын саябақты Тәуелсіздіктің жемісі деп бағалайды. «Тәуелсіздік» саябағының төменгі жағында Ордабасы алаңы жатыр.
Ордабасы – қазақ халқының тарихыңда маңызы жағынан ерекше орын алатын, жоңғар басқыншыларына қарсы тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық қозғалысты бастаудың ошағы, темірқазығы. Ордабасындағы ымыралыстық жолындағы айтулы жиын мәңгі халық жадында қалады. Жан-жақтан жау анталап, тыныштық кеткен заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен ұйымдасқан түрде жауға қарсы батылдық таныту – тарихта қайталана бермейтін ерлік.
«Ордабасыға оралу, Ордабасыны ойлану, Ордабасымен тыныстау, Ордабасымен рухтану – бар-баршамыздың перзенттiк парызымыз» дейді белгілі жазушы-журналист Мархабат аға Байғұт. Тарихтан мәлім, Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған.
Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңына қойылған «Жер-ана» монументі 2009 жылы бой көтерген. Биіктігі тұғырымен қосқанда 25 метр. Онда Қазыбек би, Әйтеке би және Төле бидің дана сөздері жазылған.
Жалпы, бұл алаңның һәм қанатты сөздердің ерекше мәні бар. Себебі, атақты үш биіміздің көшелері осы Ордабасы алаңында түйіседі. Сондықтан да Ордабасы алаңының тарихи мән-маңызы құнды әрі орны айрықша.
Айта кетерлігі, монумент 2018 жылы жаңартылды. Ескерткіштің қасбеті қымбат тастармен қапталды. Бүгінгі таңда ескерткіштің аумағы абаттандырылып тұрады.