Сайрам – қазақтың рухани қазынасы

Сайрамның тарихи аты – Исфиджаб. 1,5 мың жылдық тарихы бар Сайрам шаһары қазақ халқының материалды және рухани қазынасы.  

Screenshot_51.jpg

«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабында жазылғандай, XV-XVIII ғасырларда қазақ хандықтары кезінде Сайрам ірі сауда, қолөнер және діни орталық болған. 

Исфиджаб –  орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі. Орта ғасыр дәуіріндегі Исфиджаб (Сайрам) X ғасырмен XIII ғасырдың бас кезінде Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қалаға айналған. Исфиджаб округі Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран мен Янгикент қалаларын және Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Баладж бен Берукей қалаларын, Жетісудың Тараз, Құлан, Мирки (Мерке), Суяб қалаларын қамтыды.

Сайрам жөнінде ең алғаш рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Сайрам жайлы мәлімет Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат аттүрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Исфиджаб қалашығы туралы зерттеу жұмыстарын 1923 жылдары П.П. Иванов, 1925 жылдары М.Е. Массон, 1947 жылдары Н. Бернштам басқарған. Олардың археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінен қаланың бірнеше қақпа дуалынан тұрғанын байқаймыз.

 Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, құлдыққа әкетіліп жатты. Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі Бұхара қақпасы арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған Нуджкет қақпасы Талас аңғарына орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек.

Сайрам Ұлы жбек жолы бойындағы ірі сауда орталықтарының бірі болды. «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабында жазылғандай,  қаланың  Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме-и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфахани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігін қоршаған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас».

 Қала және оның аймағын жергілікті түркі тайпалары биледі. Исфиджаб аймағы өте үлкен болды. Оның шекарасы солтүстік-батыста Сауранға дейін, ал шығыста Талас аймағына дейін созылды. Исфиджаб аймағына саманилер арқылы мұсылман діні тарады да, енді ол оңтүстіктегі ірі сауда және мәдениет орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен діни орталыққа айнала бастады. Х ғасырдың ақырында, яғни 990 жылы Исфиджаб Қарахан мемлекетінің қарамағына енді. Қарахан әскері болса, саманилерді Исфиджаб аймағынан түгелдей ығыстырды. Сайрам тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды. Сондықтан болар, деректер көрсетіп отырғанындай, Сайрамды жеке иелену үшін қазақ пен өзбек феодалдары өзара үздіксіз арпалысып келген. Сайрам халқының этникалық құрамы әр түрлі болатын. Қалалықтар құрамында иранша да, түрікше де сөйлей алатын ежелгі қалалық тұрғындар әулеті де, сондай-ақ қалада тұрақты отырықшылана бастаған көшпенділер де бар еді. Орта ғасырдың аяқ шеніндегі қалалар, сол бұрынғысынша, саяси экономикалық және мәдени орталықтар болып қалды әрі Қазақ хандығы өмірінде маңызды роль атқарды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлттық рух - өлеңдерінің негізі
  • «Ханбибінің биігі» жыр мүшайрасы мәресіне жетті
  • Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық кеші өтті
  • Шымкентте ҚХА жанындағы аналар кеңесінің 10 жылдығы аталып өтті
  • Шымкентте аналар мектебі ашылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер