1 желтоқсан күні Шымкенттегі «Достық үйінде» заманауи өнер мен поэзияны ұштастырған арнайы Астанадан келген tauelxsiz атты арт-жобаның «Jerge tabyn adam endi» атты заманауи өнер кеші өтті.
Аталған кеш Шымкентте алғаш өтіп отыр. Онда аштық жайлаған, атом улаған дала, су тасқыны мен болашақ әлем, яғни тарих пен бүгінгі мәсселелерді жасанды интеллект пен заманауи технология арқылы сахналаған. Сол кеште оқылған өлеңдердің авторы шымкенттік ақын – Салтанат Мадиярқызы. Оның өлеңдері республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жарық көрген, «Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясына енген. 2021 жылы «Шахмат» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Әділ Ботпанов атындағы әдеби сыйлықтың иегері. Біз аталған ақынмен әдебиет жайлы сұқбаттасқан едік.
– Салтанат, әр қаламгерді әдебиетке әрқилы тағдырлар, оқиғалар жетектеп әкеледі. Өлеңге қалай келдіңіз?
– Бала кезінде бәрі де өлең жазған шығар деп ойлаймын. Бірақ, қаламгер болам деп ойлаған емеспін. Мектепте жазған шығармаларыма қарап, «сенен жақсы жазушы шығады» деген ұстаздарыма «құдай сақтасын!» дейтінмін. Өмірде ештеңе кездейсоқ болмайтынын білсем де, әдебиетке кездейсоқ келдім дер едім. Өлең алып келді.
– Адам тағдырын қолмен жасайды дейді. Ал өлеңнің өз тағдыры болады дегенге сенесіз бе?
– Адам тағдырын қолымен жасай алмайды. Ол сонысымен де тағдыр. Бірақ, адамға тағдырдың өзі де таңдау сәттерін көп береді. Ол «тағдыр да талғамыңмен санасатын» сәттер.
Ал, өлеңнің өзіне тән тарихы да, тағдыры да бар.
– Өлең жынысқа бөлінбейді деп жатамыз. Алайда кейде, «қыздар поэзиясы» деп бөліп алып қарап жататын кездеріміз болады. Бұл туралы не айтасыз?
– Бізде «қыздар поэзиясы» туралы аз айтылып жатқан жоқ. Негізі, еркектің жаманы – қатынға, қатынның жақсысы – еркекке теңелетін қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой. Оған қыздарды көзге ілмей, бірнеше саты төмендетіп, жер қыла салатын орталарды қос. Қыздарда намыс, көңіл деген ұғым жоқ, зат сияқты көретін кей «зиялылар», өздерінше «қыздар поэзиясына» үлес қосып, өлеңді қалай жазу керектігін үйреткісі келеді.
Кейде «қыз болғаны үшін» берілген жүлделер де бар. Мысалы, бір мүшәйра өтті. Мақсаты жақсы өлең табу ма, ақын іздеу ме, әлде жай ғана жаңа есім керек болды ма, маған түсініксіздеу болды. Сол жерде бір қызға үшінші орын бұйырды. Оны қазылар алқасының бірі (қателеспесем, төрағасы) «қыз болғаны үшін» деп әлдеқандай қылып бірнеше рет айтты. Мен ол жерде болмадым. Тек фейсбук желісінде тікелей эфирден көріп отырдым. Ауылда интернет нашарлау болып, арасында дауысы онша шықпай қалғанның өзінде «қыз болғаны үшін» дегенді екі рет анық естідім.
Тура сол жерде менің орнымда басқа біреу естісе, «байғұс қыз жарытып жаза алмағасын, оны қыз болғаны үшін аяп, жүлде әперіп, сүйрейді екен» деп ойлар еді. Шыны керек, «неге қыз болғаны үшін береді?! Өз өлеңімен лайық болып ала алмады ма? Олай бергенше, бермей-ақ қоймай ма?!», деп айдалада отырған мен жынданып кеттім. Кейін жүлделі орын алған өлеңдерді қарап шықтым. Бірінші орын жақсы өлеңге берілген, екінші орын — тақпаққа. Бірақ, ол тақпақтың авторын «жігіт болғаны үшін ғана тақпағына жүлде бердік» деп қорламапты. Ал, жақсы өлеңімен қатысқан қызға жыныстық кемсітушілік жасап баяндап тұрғанын, қалам ұстаған, сөз қадірін, салмағын біледі деген қазының өзі бағамдай да алмаған. Ол жерде қыз болғаны үшін көтермелеп тұрмын деп ойлаған шығар ол кісі, шын мәнінде, өлеңі түкке тұрғысыз ақын секілді көрсетіп, «қыз болғаны үшін» ғана жер қылып жіберді. Бұл бір ғана мысал. Мұндайлар көп. Қайсы бірін айтамыз? Кейбіреулер, әйтеуір, өздерінше қыздарды аялап, көтермелеп жүрміз деп ойлайды. Ал, әрекеттері шамамен осылай. Көпке топырақ шашпаймын. Әзірге, барлығы бірдей ондай емес екендігі де жұбаныш.
– Шымкенттегі замандастарыңызбен бірге әдеби кештерде, іс-шараларда үнемі белсенділік танытып жүресіз. Бұл сіздің шығармашылыққа ғана емес сол шығармашылық адамдарына деген құрмет, құштарлығыңыздан екені анық. Өз заманыңыздың әдебиетіне қандай баға берер едіңіз?
– Түрлі әдеби кештерге автор, оқырман, кейде ұйымдастырушы топтың құрамында болып та атсалысып жүрген кездер болды. Ол бірінші кезекте өзімді, қалам ұстаған бауырларымды, аппақ көңілді оқырманды сыйлау, оларға деген құрмет. Өлең сүйген жүректер үшін әр кештің өзіндік ерекшелігімен есте қалуы үшін тырысамыз ғой. Шығармашылық адамдарға қолдау маңызды екенін түсінгендіктен, мүмкіндігінше ешбірінен қалмауға, ақпараттық қолдау, әлеуметтік желідегі жарнамасы болсын барынша қолдан келер кез келген ісімен қолдауға тырысамын.
Ал, әдебиетке баға беру менің жұмысым емес. Біздің заманның әдебиетіне бізден кейінгілер лайықты бағасын бере жатар. Мен замандастарым жазған әр бір жақсы шыққан туындыға қуанамын. Автордың жеке өзін ұнатпасам да, шығармаларын оқимын, жақсысын жақсы, мықтысын мықты деп айтамын. Өзін жек көрсем, оны да жасырмаймын. Қазір салыстырмалы түрде өте жақсы жазып келе жатқан, өсіп жатқан жастардың көбейгені қуантады.
– Қазіргі таңда қаламның қаламгерді асырауы өте қиын шаруа. Сіздің экономист екеніңізді білеміз. Кейде осы шығармашылыққа қолды бір сілтеп, басқа соқпаққа түсіп кеткіңіз келетін сәттер бола ма?
– Қолды сілтеп кеткен де кездерім болды. Қалам ұстау жауапкершілік қана емес, өтемсіз шығын және тазалық пен адалдықты, мінезді де талап етеді. Тазалық – жан мен тәннің ғана тазалығы емес, одан маңыздысы, ой тазалығы. Өз принциптеріңе, мақсат, арманға да адалдық жетпей жатады кейде. Осының бәрін ұстап, өзіндік «меніңді» сақтайтын қалып – мінез де маңызды. Мен үшін, мінезсіз – ешкім емессің.
Шығыны – ең бірінші уақытыңды, энергияңды, яғни ең қымбат ресурстарыңды жұмсайсың. Қаржы уақыттың жолында кетеді. Ол үшін саған ешкім ақша төлемейді. Экономист ретінде маған мұндай шығын керек емес деп шешіп, өз саламда жақсы-ақ жұмыс істеп кеттім бір кездері. Барынша күндік жоспарымды толтырып тастап, өлеңге уақыт қалдырмай, тәулігіне 18-19 сағаттық жоспармен жүріп, 92-98 пайыз жоспар орындалатын. Бірақ, әдебиетте «кірген із бар да, шыққан із жоқ» екенін кештеу түсіндім. Кей кезде шаршатып жіберетіні, уақыт ыңғайлай алмай қалатыным, физикалық тұрғыда жаза алмай қалатыным болмаса, шығармашылығым жұмысыма, жұмысым шығармашылығыма кедергі емес еді. Сонда да бір күні өзімнің саламнан біржола кеттім. Енді мен бухгалтер емеспін деп, мамандығым бойынша шақырған жұмыстардан, кездесіп, кеңес алғысы келгендерден бас тартатын болдым. Жұмысым да неше ауысты. Бірақ, өлең қалды.
– Соңғы кездері елден көшу туралы ойланып жүрген едіңіз. Бұл сол күнкөріс үшін шарасыздықтан туған ой ма әлде «тек рухани шексіз бостандық қана адамды бақытты ете алады» деп бақытты бостандық іздеп көргіңіз келді ме?
– Елден көшу ойымда болмаған. Бірақ, бірер жылдай шет елдерде тұрып келу жоспарымда бар. Ертерек кетіп, он шақты жылда оралам деп жүргем. Таңдаған елдеріме қатысты Аяшпен кеңесіп, кей кеңестеріне құлақ түріп, өзімше зерттеп, жоспарымды толықтырып жүріп, уақыт өткізіп алдым. Солай жылдарымды қысқарттым. Аяш Мәскеуде тұрып жүргенде үнемі «мен бұл жерде өзімді бөтен сезінем. Бірақ, бұл сезім өзіңді өз еліңде бөтен сезінгеннен жеңіл», деуші еді. Мен бостандық немесе бостандықтан бақыт іздеп кетіп жатқан жоқпын, және әзірге қысқа мерзімге ғана. Елде жүргенде де еркінмін, шетте де еркін боламын. Қазір де бақыттымын, кеше де бақытты болғам, ертең де бақытты болам. Менің бақытты болуым сыртқы жағдайларға мұқтаж емес, ол ішкі таңдауым. Менің ауырып қалуым, өлім аузында жатуым, мұңаюым, проблемалар ішінде қалуым, кей жағдайда қайғыруым мүмкін. Олар да менің бақытты болуыма кедергі емес. Бір өлеңімде «Бақыт мұңсыз болады деп кім айтты?!» деген тармақ та болған. Шартсыз, есепсіз, жай ғана бақыттымын. Болды.
Ал, елден кетудегі мақсат басқа. Негізгі себебіне тоқталмай-ақ қояйын, оралу үшін кетем ғой.
– Өлеңнен бөлек түрлі қолөнер бұйымдарын жасап тұратыныңыз бар. Ол да өзінше сұлу шығармашылықтың бірі ғой. Оны кәсіпке айналдыру туралы ойланып көрдіңіз бе?
– Жоқ. Қолөнер хоббилерімнің бірі ғана. Солай қалғаны дұрыс. Кәсіпке соған жақын дүниелер бар. Бәрінің де уақыты келеді, бәріне де үлгерермін.
– Ерлан Жүніс «Ақындар кінәлі болып туылады. Біреудің жасаған қылмысы, сатқындығы, опасыздығы, әлемдегі оспадарлығы үшін бәріне кінәлі дейді». Ал сіздің жүрегіңізді қоғамдағы қандай жағдайлар жиі ауыртады?
– Қоғамда жүрек ауыртар дүниелер көбейіп кетті ғой. Ең алғаш он алты жасымда (ол кезде екінші курс оқып жүргем) кардиологтың пациенті болғанымда ес жиып, біраз нәрсеге басқаша қарап, барынша салқынқанды болуға өзімді үйрете бастадым. Жүрегімді сақтағым келді. Он жетіден кейін пәлендей бір кардиолог жағаламайтын болдым. Жүрекке жақын қабылдамауға тырысам. Дегенмен, Шағатайға Отырардың қақпасын Қарашоқының ашып бергеніндей, кей жеңілістерден жақынының қиянаты мүңкитіні жүрек айнытады. Қалың бетперделілер, екіжүзділерге күмәнсіз сенген аңғал жандардың аяқасты болған үміттері жүрегімді ауыртады. Ондай сәттердегі шарасыздық екі есе ауыр.
– Бөлген уақытыңызға, риясыз жауаптарыңызға рақмет! Жүрегіңізді сақтаңыз!
Сұқбаттасқан С.Мергенбай