Жазушы – Шымкенттің мәдени ортасын байытушы

Мәдениет саласында қызмет ететін жазушының Шымкент қаласының мәдениетіне қосатын үлесі көптеген аспектілерде көрінеді. Жазушылар шығармашылығы, қоғамдық жұмыстар мен мәдени шараларға қатысуы арқылы қаладағы мәдени ортаны байыта алады. 

Screenshot_56.jpg

Жазушылар Шымкент қаласының тарихы, мәдениеті, дәстүрлері мен салт-санасын зерттеп, оларды әдеби шығармаларына арқау ете алады. Бұл өз кезегінде жастар мен қоғамның Шымкенттің мәдени мұрасын тереңірек танып-білуіне мүмкіндік береді.

Жазушылар поэзия, прозада шығармалар жазуда, театр мен әдебиет жанрларын дамытуда шығармашылық еңбектерін ұсынады. Бұл шығармалар қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени азық бере отырып, рухани байытуға септігін тигізеді.

Жазушылар әдебиетке, өнерге, мәдениетке арналған семинарлар мен шығармашылық кездесулер өткізіп, жастармен, оқырмандармен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуда. Бұл шаралар жастардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, шығармашылық потенциалын дамытуға ықпал етеді.

Жазушылар ұлттар мен халықтар арасындағы мәдениетаралық диалогты дамыту арқылы халықтар достығын, мәдени әртүрлілікті насихаттайды. Шымкент — түрлі этностардың мекендеген қаласы, сондықтан жазушылар этникааралық байланыстарды нығайтуға жәрдемдеседі.

Жазушылар қалада өтетін мәдени шаралар, фестивальдар, көрмелер мен әдеби байқауларға қатысу арқылы өз шығармашылықтарын қоғаммен бөлісіп, мәдениет ортасын жандандырады.

Жазушылар әдебиет және мәдениет саласын дамытуға үлес қосумен қатар, қоғамдық жұмыстар арқылы жастарға білім беру, мәдениет саласындағы іргелі мәселелер туралы түсінік қалыптастыруға көмектеседі. Олар өз шығармашылықтарымен және іс-әрекеттерімен жастарды мотивтеуге, тәрбиелеуге ықпал етеді.

Жазушылар әлеуметтік мәселелерге қатысты қоғамдық пікірді қалыптастырып, халықтың рухани-мәдени жағдайын жақсарту үшін өз шығармаларында жазып, жариялауда. Осылайша, олар әлеуметтік алаңдарға үн қосып, қаланың мәселелерін назарға алдырады.

Жазушылар Шымкент қаласындағы кітапхана мен әдеби клубтарды белсенді түрде қолдай отырып, оқырмандармен кездесулер өткізіп, жастарға кітап оқуға ынталандыра алады. 

Міне, осылай бір басы бірнеше жауапкершіліктерді арқалап Шымкент мәдениетінің қарыштап дамуына үлес қосып жүрген жазушылардың бірі әрі Шымкенттің мәдениет саласына еңбек сіңіріп жүрген маман – Жәудір Нартай. Оның еңбектері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде, «Мәдениет», «Қаламгер» порталдарында, «Дауыс» жазушылар антологиясында, т.б. басылымдарда жарық көрген. Біз Шымкентте жүрген жазушылардың бірегейі Жәудір әпкемен сүбелі сұқбат құрған едік:

– Жәудір әпке, сіздіңше жаузшылардың Шымкент мәдениетіне қосар үлесі қандай?

– Шымкент қаласының мәдениетіне қызмет ететін жазушының қосар үлесі тек әдебиетке ғана емес, жалпы қоғам мен мәдениетге әсер етеді. Олар өз шығармашылықтары мен белсенділіктері арқылы тұрғындардың рухани және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандырып, қаланың мәдени көшбасшылығын дамытуға үлкен үлес қосады. Жазушылардың кездесулері мен шығармашылықтарын таратуы Шымкенттің мәдени ортасын байытып, қала тұрғындарының мәдени өміріне қосымша серпін береді.

– «Ең ұлы жаңалық — жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы мәңгіліктің біржола мойындалуы» дейді ғой Әбіш Кекілбаев. Сізді бұл ұлы әлемге не душар етті? Қаламға қай кезден бастап жаңалық ашушы дүние ретінде қарай бастадыңыз?

– Соңғы жылдары осы сұрақты өзіме жиі қоятын болдым. Неге сонша қаламға құмар болдым? Бала болып ойыншық ойнаудың орнына күнделік жазыппын. Оны маған кім үйретті, есімде жоқ. Бәлкім анамның студент кезінде жазған күнделіктерін көрген шығармын, әлде үйдегі Мұқағали Мақатаевтың «Күнделік» деген кітабін оқыдым ба екен, әйтеуір бір дүниенің әсер еткені  ақиқат еді. Сөйтсем, мұның жауабы тым арыда, балалық шақта жатыр екен. Былай қарасаң, еш уайымсыз қамсыз бала кезде асыр салып ойнағаннан өзге не білесің? Сөйтсе адамның бала кезінде де балалық армандары, балалық жалғыздығы, балалық трагедиялары болады екен. 

Бастауыш сынып оқып жүргенімде, Жадыра деген сыныптас досым болды, екеуміз күнде мектепке қол ұстасып бірге барып, бір партада отыратынбыз, оның күлгенде бетінің ұшына ерке шұңқыры пайда бола кететін, періште өңді ерекше сұлу қыз бала еді, үнемі маған болысып жүретін. Сол бала досым екінші сынып оқып жүргенде күздік каникулда оқыс жағдайда қаза болды. Анам маған Жадыраны енді ешқашан бұл дүниеде көрмейтінімді айтты. Оның енді өмірде жоқ екенін естігенімде тіпті де жылағаным жоқ. Өлім дегеннің не екенін түсініп үлгермеген 8 жастағы бала едім ғой. «Ол енді сабаққа келмей ме?», деген ой ғана болды санамда. Күздік каникулдан кейін мектепке келсем, Жадыраның партасы бос тұр екен, бала досымнан қалған жалғыз естеліктей, оның өшіргіші ғана партаның үстінде қалып қойыпты, сол кезде тұңғыш рет өзімнің дүниеде доссыз қалғанымды түсінгендей болдым. Бұл менің балалық санама алғаш ой түсірген оқиға болды. 6 сыныпқа көшкен жылы алғаш рет күнделік жаза бастадым. Жазу маған кереметтей көңіл-күй сыйлайтын. Жазған сайын жаным тыныштық табатын болды. Бірақ ол кезде күнделік жазу күндердің бір күні мені әдебиетке алып келеді деп ойлағаным жоқ. Басқалар үшін де бұл бір балалық ермек, қиялилық сияқты көрінетін. Мектеп қабырғасындағы буллинг, жалғыз бауырымның науқастануы да өсіп қалыптасу жолымда әсер етпей қоймады. Стресстік жағдайларда ешкімге айта алмайтын сырымның бәрін күнделікке ақтардым. Есейген сайын күнделік жазуды қоя алмадым. Ақыры сол әдетім мені прозаға алып келді. 4-курсты аяқтаған жылы алғаш әңгімелер жаза бастадым, бірақ оным сәтсіздеу болды, тіпті бір жазушы апайға шығармаларымды жолдап, пікірін күттім, пікірін білдірмеген соң, өзімді нашар жазушы шығармын деп ойладым. Жазуды тастап екі жылдай Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы өнер мектебінде мұғалім болып жұмыс істедім. Орыс сыныптарына сабақ беретінмін. Ұжымым да орыс тілді еді, тілім шұбарлана бастады. Бір күні маған «мен мұнда не істеп жүрмін», деген ой келді. Солай жиналып созаққа кеттім. Алғашында Созақ адамдарының күлкілі мінездерін ойып алып юморлық қысқа әңгімелер жазып жүрдім, ол фейсбукте оқыла бастады. Мені өз топырағымның адамдары шабыттандыратын болды. Тек 27 жасқа келгенімде ғана өзімнің әдеби шығармалар жаза алатыныма іштей дайын екенімді түсіндім. Солай алғаш «Біз білмейтін сұлулық» деген әңгімемді жазып шықтым. Хиқаят секілді ұзақ жазылды. Кейін ықшамдадым. Елдің пікірін білу үшін фейсбук желісіне жарияладым. Сол жерден Марқұм Жұмабек Табын деген журналист ағамыз оқып, толық нұсқасын сұратып, «Қазақ Әдебиеті» газетінің редакциясына апарып Қанағат Әбілқайыр ағаның қолына табыстаған екен, солай алғашқы әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды. Кейіннен марқұм Сатыбалды Нарымбетов оң бағасын беріп, шығармаларыма пікірін білдіріп, өмірінің соңғы жылдары маған ұстаз болды. Сол кісінің бағасы мені қанаттандырды, өзімнің бірдеңе жаза алатыныма сендірді. 

– Жаңылмасам жоғарғы оқу орнын бейнелеу өнері бойынша аяқтадыңыз. «Қалам немесе қылқалам» деген таңдау алдыңызда тұрған кезде қиналмадыңыз ба? 

– Адам туа бітті суретші болып туылады екен. Бірақ ол қабілетін кейінірек жоғалтып алатын көрінеді. Кейбіреулері сол қабілетін өмір бойына өзімен бірге алып жүреді. Оларды – талант дейді. Ал менде ондай талант болған жоқ. Өзімнен ешқашан ұлы суретші шықпайтынын көркем сурет факультетінің 2 курсында оқып жүргенімде-ақ түсіндім. Сурет деген тынымсыз ізденіс пен шеберлікті талап ететін кірпияз өнер ғой. Сурет өнерін еріншектер оқи алмайды. Ол кейде спортқа да ұқсайды. Үнемі сурет салып қолыңды жаттықтырып отырмасаң, сурет сала алмай қаласың. Өзім қанша тырыссам да курстастарымның арасында ортаң қол суретші болып қала бердім. Олардың туындыларының жанында менің жазған жұмысым солғындау болып көрінетін. Мүмкін ізденісім аз болған шығар, мені әдебиет өзіне көбірек тартып кеткен секілді.  Десе де суретті оқығаныма еш өкінбеймін. Бейнелеу өнері арқылы түс тануды үйрендім, қарапайым адам шыршаны жасыл деп ғана көрсе, мен жасыл шыршадан қызғылт, қоңыр, сары, кейде күлгін қара түстерді ажырата алатын болдым. Өмірді сан қырлы бояуымен көрудің әсері мүлде бөлек екен. Дүниеге микроскопиялық көзбен қарай бастадым. Бейнелеу өнері белгілі бір деңгейде танымымды өзгертті. Мінезімді, эстетикалық талғамым қалыптастырды деп ойлаймын. 

– Жәудір Нартайдың біз білмейтін, тасада тығылып жатқан тағы қандай қабілеттері бар?

– Мектеп қабырғасында орыс тілінен беретін Дольева Елена деген ұстазым болды. Ұлты украйн еді. «Ты  же мене педменула» әнін үйретті бір күні. Содан украйн тіліне қатты қызықтым, үйренгім келіп біраз тыраштанғаным бар. Сол апайымның орыс тілі сабағын жақсы көріп оқыдым. Басқа сабақтарды қатырмасам да орыс тілінен бестік болдым. Орыс ақындарының шығармаларына қатты қызықтым, әсіресе Лермонтовтың «Белеет парус одинокий» деп басталатын өлеңі қатты ұнап, өзімше мен де орысша өлең жазғым келді. Жаздым да, бірақ оны құрбымнан басқа ешкімге оқытпадым, ұялдым. Соңында не жазсам да өз ана тілімде жазамын деп шештім. Абырой болғанда өзімнен ақын шықпайтынын ерте түсініп ол әдетімді қойып кеттім, және мұным өте дұрыс шешім болды ғой деп ойлаймын. Мектепте жүргенде биші де болдым. Пластикам жақсы еді, түрлі ұлттың билерін билеп аудандық байқауларға қатысып жүлдегер де болғанмын. Биші боламын дегеніме әкем қарсы болды. Солай ол өнерімді де тастап кеттім. Бүгінде жазудан өзге қабілетім жоқ.

– Жақында жарық көрген, «Дауыс» жас қаламгерлер антологиясына шығармаларыңыз енгенін естіп қуанып жатырмыз. Құтты болсын! Антология кімнің идеясымен, кімнің қолдауымен шыққанын айта отсаңыз...

– Бұл жинақ Алишер Рахат, Досхан Жылқыбай, Бақытбек Қадыр, Есбол Нұрахмет секілді талантты жас прозаиктердің құрастырған дүниесі.  Осыдан екі жыл бұрын ойластырған кітап, араға екі жылдай уақыт салып, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен жарыққа шықты. Жинаққа алғысөз жазған атақты жазушы Мұхтар Мағауин атамыздың өзі болды. Кітап AQ Кітапхана сериясымен шықты, таралымы 1000 дана болғандықтан қолымызға тигені 7-8 ғана дана болды. Оның өзін туған-туыстарыма таратып жіберіп қарап отырмын. Алдағы уақытта кітаптың электронды нұсқасы шығады деп күтілуде. Әттеген-ай дейтін жері – жинаққа ескі екі әңгімем еніп кетіпті. Кейінгі жазылған әңгімелерім енуі керек еді деп кештеу өкініп қалдым….

– Шығармаларыңызды газет, порталдардан, әлеуметтік желілерден оқып отырамыз. Бір байқағаным кей жазушылардай оқырманға кедей емессіз. Өзіңіздің едәуір аудиторияңыз бар. Сол оқырмандарды өз кітабыңызбен қашан қуантпақ ойыңыз бар?

– Қазір кітап шығару қиын шаруа емес, не көп автор таппай жүрген баспа үйлері көп. Кітап шығару ісін өзім құнттамай жүрген секілдімін. Осыдан біраз бұрын тәулесіздіктің 30 жылдығында бір шоғыр  ақын жазушылардың легіне ілесіп, менің де кітабым шығатын болып, Алматыға кеткен, кейіннен қарасам, белгісіз себептермен шықпай қалыпты. Неге шықпай қалғанын қазбалап сұрағаным жоқ. Оның шықпағанына аса ренжіген де жоқпын, кейбір шығармаларымның олқы тұстары көп еді, үстінен бір қарап, реттейтін өзімнің де уақытым бола қоймады. Жазушылар одағы сұратып жатыр деген соң, асығыстау жинап, электронды нұсқасын аттандыра салғанмын. Соным дұрыс болмаған секілді. Өзімде кітап шығаруға деген ықылас болмады. Кейде маған кітап шығару әлі ерте секілді көрінеді. Өз шығармашылығыма көңілім толмай қалатын кездерім жиі болады.

– Бір жылдары кітапханада жұмыс істегеніңізден хабарым бар. Жалпы, кітапхана – жазушы үшін таптырмайтын орын болса керек. Әр кітапты аялап отырып, мүлде беті ашылмаған кітаптарды көріп, әлі жарық көрмеген кітаптарыңыздың болашағына алаңдайтын кездеріңіз болды ма?

– Кітапханада жұмыс істеген жылдарымда керемет рухани азық жинадым, көп кітап оқып, кітаптарды аялап отырдым деп айта алмаймын. Жұрт ойлағандай кітапханада төрт жыл бойы кітап оқып отыратын уақытым болған жоқ, аудандағы түрлі науқандық іс-шараларға бірінші кітапханашыларды жұмысқа салатын. Мен кітапханашы бола жүріп, кейде гардеробшы, кейде концерт жүргізуші, кейде әртіс, кейде гүл беруші болып кеттім. Бір уақыттарда бұл менің жүйкеме тие бастады. Оның үстіне мамандығым кітапханашы болмаған соң, өз салама кеткім келді. Кітапханада жүргенімде оқырман бетін ашып оқымайтын авторларды көрдім. Бір байқағаным қазіргі қаламгердің ішінде оқылмайтын авторлардың кітаптары сөрелерде сіресіп тұрады, оқылатын авторлардың кітаптары ешқашан кітапханаларға жетпейді екен. Бұл өте өкінішті жағдай.

– Бізде ақын-жазушыларды әбден теперіш көрген ауыр тағдыр иелері ретінде қабылдайды. Шеңберге сыймайтын болмыстары тағы бар. Қаламгерлерді осындай қалыпсыз деңгейде қабылдауға не түрткі болды деп ойлайсыз?

– Осы түсінік кейде мені де ойландырады. Шынайы ақын-жазушылардың тағдырлы келетіні рас ғой, адам тағдырына әсер ететін дүниелер болады. Сөз өнері – дертпен тең. Жазбасаң жаның ауырады. Кейде жазу жаныңды емдейтін жалғыз шараң болуы  мүмкін. Мен ақынның қызымын. Анам Созақтың талантты ақын қызы Жұпар Жүзбаева, жас кезінде республикаға ерте танылды. Тек соңғы жылдары ғана отбасынан ұзай алмай қалды. Әкем де әдебиеттен кенде адам емес, жас кезінде ол да өлең жазған. Менің бала кезімде Созақтан шыққан күллі ақын-жазушылардың барлығы біздің үйде қонақ болатын. Әке-шешем оларды керемет құрметтейтін. Оның ішінде Жарылқасын Боранбаев, Якуда Амандықов, Өтеш Қырғызбаев деген танымал қаламгер кісілер де бар еді. Ол кісілердің айтқан әңгімелері қандай еді, өздері асқан мәдениетті, сыпайы кісілер болатын. Бала кезден ақын-жазушылардың барлығын сол образда қабылдап, солай елестетіп өскендіктен бе, қаламгерлердің барлығын зиялы кісілер шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, айдың арғы беті болатыны секілді әдебиетте де беттің арын беліне түйіп жүріп өздерін ірі ақын, жазушы санап жүргендер көп екен. Және олар өздері туралы сөйлегенде тағдырды қолдан жазып, қолдан дақпырт таратып бояуын қалыңдау етіп жаққанды жандары сүйеді. Жыл сайын кітабі шығып, жазушылар одағына өтсе де өз өмірлеріне көңілдері көншімей ішіп жүретіндері тағы бар. Олардың ойынша қаламгер тағдыры тек солай ғана қалыптасуы керек сияқты. Менің түсінігімде олар шынайы қаламгерлер емес, олар – әдебиеттегі ұлылардың тағдырына породия жасап жүрген әртістер ғана. Менің қатты намысыма тиетіні, қаламгерлер арасында қыз баласын мүлде құрметтемейтіндер бар, қыз балаға өлең шығаратын обьект ретінде қарайды. Ондай қаламгерлер көбінде қыз баланың қалам ұстап әдебиетке келуін де құптай бермейді. Сондайлардың кесірінен көптеген әдеби байқауларда қыз балаларға дискриминация жасалынады. Олардың түсінігінде тек еркек қана ақын, тек еркек қана жазушы болуы керек секілді. Олар әдебиетке әлемнің көзімен қарай алмайды. Дүниеде сенің талантың парасатпен астасып жатпаса, оның арамзалықтан еш айырмасы болмайды. Ал әдебиеттегі мұндай арамзалық алысқа ұзамайды, абырой да әкелмейді, адамзатқа да пайдасы бола бермейді деп ойлаймын. 

– «Қазақ әдебиетінде классиканың дәуірі өтті, келмеске кетті» деуші тарап көбейіп келеді. Бұл бәлкім жаңа ағымдардың ентелеп еніп, аға ағымдардың орнына жайғасып жатқандығынан болар. «Жаңа тәсіл ескіні жоймайды, байытады, баптайды. Кешегі жазушылық дәстүріне жаңа жазу мәнері қосылады. Үйренеді не жиренеді» (Дидар Амантай) десе де, кейде әбден етімізден өтіп, сүйегімізге сіңіп кеткен классикалық шығармалар енді шынымен жазылмай ма, оқылмай ма деп қынжылып қалатынымыз да бар. Өзіңіз бұл туралы не айтасыз?

– Үлкен буынның арасында өзінен кейінгі буынға көңілі толмайтыны, өздерінен кейін нағыз әдебиеттің алтын ғасыры аяқталатына сеніп жүргендер бар. Біздің әдебиеттің дімкәс тұсы да осы деп ойлаймын. Әр дәуірдің өз әдебиеті, өз үні, өз кейіпкерлері болатын ұмытпауымыз керек. Біз бәлкім Әуезовтың «Абай жолындай» Есенберлиннің «Көшпенділеріндей» туындыларды жазбайтын буын шығармыз, бірақ біздің де өз әдебиетіміз болатыны һақ. Және ол әдебиет өткенге көлеңке түсіреді деп ойламаймын, керсінше үлкен буынмен әдемі жарасым тауып биіктей түсетіндей көрінеді. Өйткені біздің өткенен үйренеріміз көп деп ойлаймын. Меніңше, классикалық әдебиет ешқашан өлмейді, ол тек жаңа формада, жаңаша көзқараста, жаңа бағытта түрленіп, түлеп отырады.

– Әдебиеттің қара жұмысын атқара жүріп, әдеби ортадан бойыңызды аулақ ұстайтыныңызды байқаймын. Интровертсіз бе? Әлде белгілі бір принциптер не ситуациялар ортадан саяқ жүруге итермелей ме?

– Жұмысым ақпарат саласы болғандықтан, көппен араласамын. Үлкенмен де кішімен де, шендімен де, шекпендімен де бір арнада сөйлесе аламын. Өзімді интровертпін деп санамаймын. Интроверттік – қазақша айтқанда кісікиіктік ғой. Кісіге жуымайтын адамдарды интроверт деп айтады. Адаммен тілдеспей, адаммен араласпай оларды қалай танисың, олар туралы қалай жазасың? Қаламгер боламын деген адам – адамнан қашпауы керек, деп ойлаймын. Шақырған жерден қалмауға тырысамын, шақырмаса бармаймын, кейде болады шақырса да барғым келмейтін сәттер. Аяғым тартпайды, өзіме ұнамсыз ортада жүргім келмейді. Шынымды айтсам Шымкенттің әдеби ортасын онша түсіне бермеймін. Бәз біреулер Шымкентте әдеби орта бар деп жатады, өз басым оны көргенім жоқ. Тек жас ақындардың «Шам» әдеби бірлестігінің бар екенін ғана білемін, және онда өте талантты жас ақын қыз-жігіттер бар. Маған сол жастармен араласқан ғана ұнайды. Сол жастардың ортасында ғана мен өзімді жайлы сезінемін.

– Замандастарыңызды қаншалықты жиі оқып отырасыз? 

– Мейлінше жиі оқып тұруға тырысамын…

–  Қазіргі қаламгерлер мемлекеттің қолдауына мұқтаж ба? 

– Әрине. Әлемдегі дамыған елдер ең бірінші қаламгерлеріне жағдай жасайды. Қазіргі Нобель, Пулитцер сыйлықтарын алып, бүкіл әлемді аузына қаратып  жатқан жазушылардың барлығы дерлік дамыған елдердің өкілдері, немесе сол дамыған елдерде тұрып жатқан эмигрант жазушылар. Бүгінде эмигранттық әдебиеттің жарқын өкілдері ауғандық Холед Хоссейни, түрік жазушысы Орхан Памук, жапондық Мураками, Кадзуо Исугуролар… 

Холед Хосейни Ауғанстанда өмір сүрсе, ешқашан ауған әдебиетін төрге сүйремес еді, ал Муракамиді жапон халқы әдебиеттегі жаңашыл көзқарасы үшін ұнатпайды. Агутагавамен салыстырғысы келеді. Памукты түріктер саяси көзқарасы үшін елінен кетірді. Мұндай алауыздық, мұндай жағдай біздің қазақ әдебиетінде де жоқ емес. Бұл шын таланттардың көсегесін көгертпейді, бағын байлайды. Уақытын өлтіреді. Әйтпесе біздің әдебиетте жоғардағы қаламгерлерден асып түспесе, кем емес таланттар жоқ емес. Қазақ қаламгерлерін шетелге оқытатын, шетелге шығаратын мемлекеттік бағдарламалар керек деп ойлаймын. Бұны елден кетуді аңсау деп түсінбеу керек, ел-жер көрген қаламгерлердің көкжиегі қашанда кең болады. Танылуына, шет тілдеріне аударылуына мүмкіндік туады. Бүгінгі жастар қазақ әдебиетінің шеңберіне бағынбайды, олардың қазаққа ғана емес әлем әдебиетіне де берері мол деп ойлаймын. Әлем біздің шығыстық әдебиетті, оның ішінде қазақ әдебиетін әлі оқыған жоқ, біздің әдебиет ұзақ жыл сақталған шарап секілді, оны әлем оқыса мас болар еді, деп ойлаймын.

– «Қоғамда өмір сүре отырып, қоғамнан тысқары бола алмайсың» дейді Ленин. Сіздің көңіліңізге алаң салатын қоғамдағы ең өзекті мәселелер туралы айтып өтіңізші...

– Мені ойландыратын мәселелер өте көп. Оның бәрін айта берсем, өсек айтып отырғандай күй кешемін. Неге біздің ойлау жүйеміз стандартты болып кетті, неге біз рационалды, сыни ойлай алмаймыз. Неге біздің қоғам тобырлық санадан арыла алмай отыр? Неге кітап оқудан қол үзіп қалдық? Мен кейде осы мемлекетте өмір сүре жүріп, әр түрлі қоғамда жүргендей екіұдай күй кешемін. Біздің тіліміз екеу, біздің мұңымыз екеу, біздің әдебиетіміз де екі тілде. Және олар бір-бірлерін оқымайды. Түсінбейді. Соның бәрін көре тұра, біле тұра біз қоғамның сыртқы фейрберкті жарқылын ғана көргіміз келеді. Ал ішіне үңіле алмаймыз. Біз әлі бір тұтас қоғам болып біріге алмай жүрміз. Осы мені жиі толғандырады.

– Жәудір әпке, бөлген уақытыңызға, ашық, шынайы сұхбатыңызға көп рақмет! 

Сұхбаттасқан Сезім Мергенбай

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлттық рух - өлеңдерінің негізі
  • «Ханбибінің биігі» жыр мүшайрасы мәресіне жетті
  • Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық кеші өтті
  • Шымкентте ҚХА жанындағы аналар кеңесінің 10 жылдығы аталып өтті
  • Шымкентте аналар мектебі ашылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер