Абайтану — қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Абай Құнанбаевтың шығармашылығын, философиясын және оның әдебиет пен мәдениеттегі рөлін зерттейтін ғылым.
Аталған ғылымның жілігін шағып, майын ішкен ардагерлік ғалымдарымыздың баршылық екені елге мәлім. Алайда бұл ғылымның ертеңге берер мұрасын көбеййту жолында жанкештілікпен еңбек етіп жүрген жас ғалымдарымыз да баршылық. Соның бірі шымкенттік Әзімхан Исабек.
Әзімхан исабек Абай Құнанбаевтың шығармашылығы, ойлары мен философиясы туралы лекциялар, семинарлар, конференциялар ұйымдастыру арқылы оның мұрасын қала тұрғындары мен жастар арасында насихаттап, қоғамның рухани дамуына ықпал етіп жүр.
1996 жылы, 24 шілдеде Шымкент қаласында туған. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің доктаранты. Сонымен қатар «Мұхтартану» ғылыми орталығының білікті қызметкері. Шымкент қаласы әкімінің «Үздік жас жазушы – 2019», «Үздік жас ғалым – 2020» номинацияларының иегері. «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Абай. Китаб Тасдиқ» атты Абай мұраларын зерттеу еңбектерінің авторы.
Ол бізге өзінің аталған салаға қалай келгенін айтып берген болатын.
«Үшінші сынып оқып жүргенде сынып жетекшіміз Абайдың «Күз» өлеңін жаттауға берді. Қазан айы болатын. Сол өлеңді маған алғаш анам жаттатып еді. Содан бермен қарай мектептегі жылдарымыз өтіп жатты. Кейіннен 8-сыныпта оқып жүргенде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ беретін апайымыз 3 күннен кейін аудандық «Абай оқуларына» баратынымды айтты. Оған қоса ол байқауда өлең санының көп болуы аса маңызды. Қобалжығаным жасырын емес. Мұғалім айтты, тәуекел деп кірісіп кеттік. 3 күн бойы бар уақытымды Абайдың өлеңін жаттауға арнадым. Үйде жаттап жүріп, анама айтып беремін. Содан сол 3 күн ішінде 25 өлеңді жаттап шықтым. Аудандық байқауда бір жерден мүдірмей жатқа оқып, нәтижесінде жүлделі 3-ші орынға ие болдым. Егер 2-3 ай кіріссем бас бәйгені оп-оңай алатыныма сонда көзім жетті. Сол байқауда шынайы қуаныштың дәмін таттым. Оның үстіне бұл жүлде «Абай оқулары» бойынша мектеп тарихындағы ең алғашқы жеңіс болды. Онан кейін жыл сайын пәндік олимпиадалар, неше түрлі ғылыми жобалар байқауында бақ сынап, республика көлемінде бірнеше рет жүлдегер атандым. 9-сыныпта «Абай жолын» 3 рет оқып шықтым. Алдыма Абайдың қара сөздерін жаттаймын деген мақсат қойдым, әсіресе, «отыз сегізінші қара сөзіне» қатты көз тіктім. Оқып отырғанда, «отыз сегізінші қара сөздің» мәтінінде қиыспайтын, байланыспайтын тұстары байқалушы еді. Кейіннен мектеп бітіріп, ЖОО-на түскен соң, ол ойымыз ақиқатқа айналып, данышпанның «отыз сегізінші қара сөзіне» іргелі зерттеу қажет екендігін анық ұғындық. 1-2 курс оқып жүргенде Құнанбайды зерттегім келді. Осы кезеңдерде «Өмірдің мәні неде? Не үшін тудық?», деген ойлар мені мазалайтын. Соның жауаптарын Абайдан тауып отырған соң, оған салмақты көзбен қарай бастадым. «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» өлеңін бала шақта судыратып жаттаған бір бөлек екен де, өмірлік ойлардың жетегіне кеткенде ашып оқығанның жөні бір бөлек екен. Содан бастап, мықты ұстаздарым мен осындай өмірден мағына іздеген көкейдегі сан сауалдардың арқасында Абайға деген қызығушылық мүлде еселей түсті», - дейді ол.
Сонымен қатар соңғы уақыттарда қоғам ішінде қаулап жүрген Абайға қатысты негативті пікірлерге деген өз көзқарасын да айтып өтті.
«Өзіңіз білетіндей, соңғы кезде Абайдың тарихи тұлғасы жайында неше түрлі дақпырт әңгімелер белең алып кетті. Әлеуметтік желіде осы төңіректегі қаншама посттарды оқып жатырмыз. Шынымды айтсам, мән бермей өте шыуға тырысамын. Оларға жауап жазып отыруды ар санаймын. Неге? Өйткені, Абайды һәм оның мұрасын жоққа шығару мүмкін емес. Оны жоққа шығаруға өміріңізді арнасаңыз да, том-том кітап жазсаңыз да бекершілік. Абай оған көнбейді. Кейде, біз Абайды қаншалықты қадірлеп жүрміз деген ой маза таптырмайды. Тіпті Шәкәрімнің өзі де кезінде күйініп айтпап еді: «Иб¬ра¬һим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, ғұлама, философ кісі еді. Қор елде туып, қор болып өтті», деп. Шәкәрім айтқандай, қор елде туып, қор болып өткен Абайды енді келіп тағы қорламайықшы... Сіз айтқандай, Абайды тануға деген қарсылықтар, агрессиялы көзқарастар көбейіп кеткенінің бірден бір себебі, ондағы ақтаңдақтардың әлі де ашылмай жатқандығы, текстологиясындағы проблемалардың шаш етектен екендігін көрсетіп берді. Байқайсыз ба, күн өткен сайын Абайдың төңірегіндегі ғылыми мәселелер толастар емес. Бұл Абайдың өте күрделі тұлға екендігін көрсетеді. Абайдың мықты болуының сыры мен себебі өте тереңде жатыр. Бұл тұжырымды түрліше пайымдауға болады. Бірақ бұл мәселеге М. Әуезовтен асырып ешкім жауап бере алмайды. Мұхаң былай дейді: «Абай өз ойын ешбір күшке табындырғысы келмеген данышпан адам». Абай феномені дегеніміз осы, міне. Тағы бір айта кетерлігі, Хакімді зерттеуде, оның жұмбағын шешуде, абайтанудағы алыптардың бірі, бірегейі Мүрсейіт Бікіұлының тұлғасын тасада қалдырмау керек. Абай мен Мүрсейіт қатар зерттелуі керек. Неге десеңіз, біз нағыз Абайға тек Мүрсейіт арқылы ғана бара аламыз», - дейді Әзімхан.
Әзімханнан жекешығармашылығы жайлы сұрағанымызда, ол бізге Абайдың бірдей үрім-бұтағының Шымкентте жерленгені туралы айтты.
«Жеке шығармашылықтың жағдайы жаман емес деп ойлаймын. Іздену үстіндеміз. Абай ұрпақтарына, оның мұраларына қатысты тың деректерді жарыққа шығарсақ деген үлкен жоспарлар бар. Өзіңіз білетін де шығарсыз, мына шырайлы Шымкентте данышпан Абайдың 4 бірдей үрім-бұтағы жерленгенін анықтап отырмыз. Осы күнге дейін баласы Турағұл Құнанбаевтың сүйегі «Химфармның» астында қалып кетіпті деген дерекпен өмір сүріп келдік. Мәкен Абайнемересі жасатқан мәрмәртастың арқасында үлкен ғылыми жаңалыққа кез болдық. Сол бойынша да арнайы зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Мұзбалақ Мұқағалидың сөзі бар ғой: Болашақ деп аталған өлмес-өшпес, Жақсылықтан жаралған тағдырың бар. Қыз-қырқын, жігіт-желең, шалдарың бар Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар! ...Тірі жетсең, Болашақ өзі айтады, Қайсыңның қанша пұттық салмағың бар, – деп. Сол айтылғандай болашақ үшін өмір сүру керек қой. Біз де қартаямыз. Артымыздан ерген буын сол кезде бізді тексереді ғой, бұлар не істеді, не бітірді деп. Жоғарыда Мұқаңның өлеңінде айтылғандай, қанша пұттық салмағымыздың бар екені сол кезде белгілі болады», - деді Абайтанушы.