Театр – қоғам айнасы. Ендеше қоғам мен театр арасындағы үндестік табылып жатса – мемлекеттің ұтқаны. Жаһандану жағадан алған уақытта қоғамға қатер төнгізіп тұрған әлеуметтік салаға мән берілмей жататыны шындық. Әлбетте, айтылу мен жазылудан кенде емес. Бізде ғана емес, адамзаттың басына түскен ортақ тепірештер де жеткілікті. Ғаламтор жетістігінің биікке шарықтағаны соншалық, әлемнің түпкіріндегі оқиғаны сол сәтінде тікелей эфирден көріп отыратын деңгейге жеттік. Жақсы ма, жаман ба? Жалғыз шындық – болған оқиғаның шартарапқа әп-сәтте айқын болатыны.
Ақын, драматург Баянғали Әлімжанов ағамыздың «Суицид алаңынан репортаж» комедиясының бас кейіпкері – студент. Күлкіге қарық боламыз деген көрерменді оқиға кейіпкерлерінің қорғасындай ауыр сөздері ойландырады. Күлдіре отырып жылату. Жылата отырып күлдіру. Таңданбаңыз, бұл – театр. Оқырманға түсінікті болу үшін комедиядан үзінді келтірсек.
Уылдырық: Ал мені «бұ дүниеге не үшін келдік? Не үшін жаралдық? Не үшін, қалай өмір сүру керек, өмірдің мәні неде?» деген сауалдар мазалайды!
Мәңгілік сұрақ?!
Жауабына ұмтылу – парасат иесінің қолында.
Уылдырық: Мені өмір лақтырып кеткен сияқты! Сен түсінесің бе, ұғасың ба мұндай хәлді... Мен өзім де түсінбеймін неге екенін, бірақ сұмдық өлгім келеді! Мүлде құлқым да, құштарлығым да жоқ өмір сүруге... Тойып біттім, түңілдім әбден қу тірліктен... Өзімді өзім қайрап та көрдім... Бірақ, көңілімде бір құлазу бар... Шет-шегі жоқ, бітпейтін бір торығу бар... Мен нағыз өмірден адасып, артта қалып қойған сияқтымын... Белгісіз бірдеме еңсемді езіп, жанымды жегідей жеп, әлдеқайда шақырады да тұрады... Не екенін өзім де түсінбеймін... Бірақ, өзегімді суыра тартады бір жаққа... Мен үшін түк қызық, мағына қалған жоқ мына жалған дүниеде... Сондықтан, ешкімге зиянымды тигізбей, тып-тыныш кетуге бел байладым!
Жиырмаға толып үлгермеген жас жігіттің қызығы енді басталған тіршіліктен баз кешкісі келіп жанталасады. Неге?! Олар жанын ең арзан, түкке құны жоқ заттай оп-оңай бере салғысы келеді. Өкінішке қарай солай болуда. Жастар арасындағы суицид оқиғасы жиі кездескенмен, соңғы бір жыл көлемінде сирек естілетіні бойға қуат бергендей. Бірақ, өз шешімін толық тапты дей алмаймыз. Көзге еленбей жатқан суицид мәселесінің себебі толық шешілді ме? Алдын алуды жастардың санасына қалай жеткізуге болады? Тіршілікті тозақ көретін жастар неге азаймауда? Мұның бәрі қалың қабырғаға тірелетін жауабы жоқ сансыз сұрақтар.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың педагогика және мәдениет факультетінің оқытушысы Алмас Шымалиевтің студент жастармен труппа құруына қаржылай қолдау көрсетуге меценаттың табылғаны бізді елең еткізді. Қалталы азаматтардың материалдық-техникалық саланы дамытуды игере отырып рухани дамуға бет бұрғаны жағымды жаңалық. Театрдың табыс жолы көрерменнің ықыласына тікелей байланысты болғандықтан, бұл салада табыс табу қиын. Шымкент қаласында бизнес саласында өзіндік жетістіктерге қол жеткізген А.Рәпиев сынды меценаттың жастарды қолдап, труппа құруына қаржылай қол созғанын көріп, өнер қауымына үміт шырағын жаққандай әсерде қалдық.
Мәскеуде сонау 1902 жылы Савва Морозов сынды меценат табылмағанда, К.Станиславский ашқан МХАТ-тың сахналық ғұмырын жалғастыруы неғайбыл еді. Қалталы алпауыттың рухани әлемге демеу бола білгендігінен театрдың өміршеңдігі артып, уақыт елегінен сүзіле отырып 1987 жылы екіге бөлінгенге дейін шымылдығы жабылмады. Міне, осындай жағдай енді өз қаламызда көрініс беруде.
– Театр ашу маған мақсат емес. Мен – кәсіпкермін. Қайдан пайда көзін көремін, сонда ақша саламын. Театр – мен үшін құпия әлем. Жастардың ынтасын көріп, көмектесейін деп шештім. Өзімнің бизнес серіктестерімді жетеледім. Нәтижесі қалай болатынын көреміз, – деген А.Рәпиевтің сөзінде «дайын асқа – тік қасық» тәмсіліне қалыптасқандар бой үйренбеген шындық бар. «Бой үйренбеген» деу себебім – «Қайдан пайда көзін көремін, сонда ақша саламын» деген сөзі. Сахнада ақ тер, көк тер боп рөлін ойнап жүрген жастарды көргенде, меценаттың нақты сөзінен жастардың болашағын ойлап, жүрегім ауырды. Кәсіпкердің осындай қадірлі іске барғанына риза болдық.
Елбасы осы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны баршаға аян. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының басшылығы жастарға қолдау ретінде Жастар труппасының театр сахнасында ойнауына мүмкіндік һәм қамқорлық көрсеткені өз нәтижесін беріп үлгерді.
Уылдырық: Қайдағы болашақ айтып тұрғаның? Ертең итшілеп жүріп, әр мұғалімге пара беріп жүріп оқу бітірген соң, одан да өткен ит тірлік басталмай ма? Жұмыс жоқ, бола қалса жарытымды жалақы жоқ, үй жоқ, күй жоқ , жартылай қаңғыбас, жартылай қайыршы болып өлмес күн көруге менің жүйкем шыдамайды. Секіріп өлем!..
Көрермен залындағы кіл жастар тым-тырыс қалған. Мынадайын ауыр сөздер, оларға да жеңілге соқпаса керек. Уылдырық (Н.Баймұхамбетов) пен Тықырдың (А.Төленов) ойнап жүрген сөздеріне қарап, «Қай жері комедия?» десе таңқалмаймын. Бүгінгі жастардың еститін сөздері. Автор кейіпкерінің жантәсілім сәтін бөлмелес досы Тықырдың сатиралық сөзі арқылы ұтымды шешім таба білген.
Тықыр: Секіріп...? Болмайды, әй, болмайды! Өзің ойланып қарашы? Біріншіден, бесінші этаждан секіріп ешкімді таңғалдыра алмайсың. Екіншіден... Бірден мүрдем кете қойсаң жақсы, ал, тізеңмен түссең, ой, қандай жаман... Қан қақсап, жаныңды көзіңе көрсетеді. Арқаңмен түссең тіпті қиын. Омыртқаң сынып, өмір бойы сал болып, төсекке таңылып азап тартасың! Үшіншіден, сеспей қату үшін тас жолға тура баспен түсу керек! Бірақ, жан-жаққа қаның шашырап, миың бырқырап... Бр-рр... Шашылып жатқанның несі жақсы?! Көзіңе елестетіп көрші өзің?! Сен жатасың қан-қан болып... Жұрт жиылып тұрады тамашалап... Полиция, дәрігерлер абыр-сабыр... Бір жақта ата-анаң, бауыр-туыстарың зарлап жылап жатыр... «Барлығын жерге қаратып кеткен қарабет әкеңнің аузын!..» деп, бүкіл жұрт сені боқтап қояды арасында. Сенің денеңді жиып-теріп жүргенде, қаныңды... Әсіресе миыңды аяқтарына былш-былш басып кетеді... Ә-ә?! Қандай жаман! Сондықтан, секірмей-ақ қойсаң қайтеді?!
Автор, ең қиын кезеңде тұрған жанды насихатпен басын қатырмай, қарапайым шындықты көз алдына келтіре отырып райынан қайтарады. Өлім сәтін күлкілі комедияға айналдыра отырып, жастарға «өмірің енді басталғанда, өлімге асықпа. Өмірдің бар бақыты – өз қолыңда!..», - дегенді жеткізе білді.
Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімі меңгерушісі, "Рейтинг" газеті.