Арман Әлиев: Жанымды шүберекке түйіп отырамын

цирк.jpg

 Цирк – көне әрі жас, көңілді арбайтын, шаттық сезімін сыйлайтын ерекше өнер. Цирк шынайы және спорт пен өнердің синтезделген түрі. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, яғни  2011 жылы 17 желтоқсан күні Шымкент қаласында салтанатты түрде ашылған цирк содан бері Оңтүстіктің қазіргі Түркістан жұртшылығын түрлі бағдарламаларымен қуантып келеді.Біз ашылғанына биыл сегіз жыл толатын «Шымкент циркінің» директоры Арман Әлиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қазір әлеуметтік желі беттерінде цирктегі аңдарды үйрету, оларға күштеп, еркінен тыс дрессировка жасату қиянат екенін айтып, қарсы шығушылар көбейді. Бұған не айтасыз? Жалпы, циркте аң - құс ұстау ескірді ме, әлде әлі қажет дүние деп ойлайсыз ба?

– Егер де циркте аң-құс болмаса біздің көрермен оны келіп көрмейді. Неге десеңіз, ол балаларға қызық болмай қалады. Акробатика, гимнастика, біздегі экстрим сынды неше түрлі номерлер ол үлкендерге қызық, ал балалар оны қабылдамайды. Балаларға клоунада, иллюзия жанры, сосын дрессура жанры өте жақын. Аюдың, маймылдың бірдеңе жасағанын көріп,  қызықтап, риза болып күледі. Біздің көрермен Еуропадағыдай үйретілген аңдардың өнерінен түбегейлі бас тартуға дайын емес. Екінші кезекте, осы аң-жануарларға қиянат жасадың деп айтып жатады. Мен оларға «ендеше сіз онда жалаңаяқ жүріңіз» деймін. Неге дейді олар. «Ол аңның терісінен тігілген. Үстіңіздегі куртка, бас  киім, былғары тоныңыз аңның терісінен жасалған, жалаңбас жүріңіз, ет жемеңіз, вегетариан болыңыз. Бұл жерде бар жағдайы жасалып қойған аң-құстарда неңіз бар? Сондай қайырымды болсаңыз көшеде қаңғып жүрген ит, мысыққа жағдай жасаңыз», деп айтамын. 

 – Ғаламтордан кейде аңдарды ұрып жатқан қатігез көріністерді көріп жүргеніміз өтірік емес қой? 

 –Үйде балаң бұзықтық жасап, теріс жолға түссе, әсіресе өтпелі жаста темекі шегіп, зиянды әрекет жасап жатса, балаңды да сабайсың ғой. Адам іштен туған баласын өте дұрыс емес зиянды қылық жасаған кезде жазалайды. Ал циркте бастан-аяқ жануарларды клеткаға кіргізіп алып, сабай бермейді ғой. Дөрекі мінез көрсетіп жатса адам баласын қалай тәрбиелесе, дрессировщик те солай тәрбиелейді. Бірақ біздің дрессировщиктер сол аңдарды қалай жақсы көретінін әлгіндей қате пікірдегі адамдар келіп көрсе екен. Олар аңдарға өзінің баласынан артық қарайды, жуындырады, тамақтандырады, тарайды, сипалайды еркелетеді, ойнатады. Жұмысқа таңғы алтыда тұрып келетін қызметкерлер бар, негізі оның жұмыс уақыты сағат онда басталады. Неге ерте келесің деп сұрасам, «таңғы уақытта таза ауаға бір ауық серуенге шығаруым керек», дейді. Өз ісіне соншалықты берілген. Бізде жылқы, пони, арыстан, күшік, маймылдар бар. Бекітілген рацион бойынша мезгілімен тамақ беріледі. Шампуньмен шомылдырамыз. Өйткені, ол да манежге елдің алдына шығады, таза әрі сүйкімді болуы керек. Артист көрерменнің алдына қалай шықса, біздің жануарымыз да дәл солай дайындықпен шығады. Ал сіз сұрағандай бізде жануарлар әлі қартайған жоқ, ашылғанымызға 8 жыл. Осында өмірінің соңына дейін көрерменге қызмет етеді. 

–  Цирктегі аңдардың өнері демек балалар үшін жасалған дүние ғой?

  – Цирк деген бұл жалғыз балалар үшін емес, бүкіл отбасы келіп демалатын орын. Ол немересін ертіп келген ата-әжесіне де, баласын ертіп келген ата-анаға да ұнау керек. Акробат, гимнастар үлкендерге өнер көрсетіп жатса, клоунада, аңдар балаларға өнер көрсетіп жатады. Біз қайырымдылық ацкияларын көп өткіземіз, осында балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалар келеді. Олардың залда қуанғаннан шапалақ ұрып, күлгенін көрген кезде, еріксіз көзіңізге жас келеді. Ол балалар басқаларға қарағанда өте ерекше қабылдайды. Сол кезде Алла тағалаға балаларды осылай қуантуға мүмкіндік бергеніне шүкір, тәубе дейсің. Сол үшін де қайырымдылық акциясын жиі өткізіп тұрамыз. Алда 1 маусым балалар мерекесінде де тегін акциялар ұйымдастырамыз. Цирк халықтың игілігіне ашылғаннан кейін басқа балалар секілді ата-анасы жоқ жетім, мүмкіндігі шектеулі балалардың да келіп көруге, қуануға құқы бар

– Шымкент циркінің ұжымы туралы айта кетсеңіз?

 – Бүгінгі таңда ұжымда 190 қызметкер жұмыс істейді, оның 111-і шығармашылық ұжым, атап айтқанда оркестр, балет, артистер, аң үйретушілеріміз бен шығармашылыққа қызмет ететін хореограф, концертмейстер, балетмейстер, дирижер, режиссеріміз бар. Қалғаны әкімшілік пен техникалық-шаруашылық қызметкерлер. Жалпы, цирк әртісінің  бір ғана жанрды меңгеруі кәсібилікке жатпайды. Мысалы, гимнаст акробатиканы да, жонглер клоунаданы да білу керек. Менің басшы ретінде бірінші қоятын талабым, артистер кемінде 3-4 жанрды меңгеріп, манежде 2-3 номерге шығып өнер көрсетуі тиіс. Ол гастрольге шыққанда тиімді болу үшін қажет. Цирк артисі бірінші бөлімде де, екінші бөлімде де өнер көрсетуге тырысса, онда оған сұраныс болады. Бір номерге бола гастрольге алып бару тиімсіз. Бұл ықшамдау мақсатында жасалған.

 – Қандай авторлық нөмірлеріңіз бар?

– Бізде Данияр Серікбай режиссер болып тұрған кезде «Томирис» қойылымын қойды, өте жақсы шықты. Елордада өткен ЭКСПО кезінде «Оңтүстік күндері» аясында осы бағдарламаны ұсындық. Көрермен жақсы қабылдады. Бұдан басқа да қойып жатқан  «Таңғажайып керуен», бес жылдығымызға қарсы «Ғажайып бестік», «Алақай, балақай!» сынды басқа да қойылымдар бар. Алда 1 мамырда елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына гастрольмен барамыз деп жоспарлап отырмыз. Ол бағдарламаның атын миллионды қала болғандықтан «1000 000 қошемет» деп атадық. 

 – Қауіпті қойылымдары да бар цирк Шымкент қаласында сұранысқа ие ме?

– Әрине, көрермен көп келеді. Қазақстандағы үшінші республикалық маңызы бар қала. Жалпы, еліміз бойынша қолданыста жұмыс істеп тұрған үш қана цирк бар, ол Нұр-Сұлтан, Алматы және осы Шымкент қаласында. Қарағандыда ғимараты бар, бірақ шығармашылық ұжымы жоқ. Біздегі бағдарламаның бағасы 1000-3000 теңге аралығында. Мүмкіндігінше билеттің бағасын арзандау қоямыз. Ол біздің бағдарламаның деңгейінің төмендігінен емес, өзіміздің қалаға, жергілікті халыққа қызмет етіп отырғандықтан арзан. Себебі, ат арытып алыстан шығындалып келіп отырған жоқпыз. Қауіпті трюктер де көп және ол көрерменді қызықтыру немесе таңғалдыру үшін де жасалады. Циркте бәрі қауіп пен қатерге толы, сальто секірсеңіз аяғыңызды қайырып алуыңыз мүмкін. Аң-құстармен жұмыс істеу де қауіпті, кез келген уақытта күтпеген қылық көрсетуі мүмкін. Филармония немесе театрларда премьераны басшысы, көркемдік жетекші, қойған режиссерлер рахаттана көріп отырса, мен өзіміздегі бағдарламаны жанымды шүберекке түйіп отырып көремін. Бір жерде жыртқыш аң мінезін көрсетіп қалмаса екен, тросы үзіліп қалмаса екен, сальто жасаған кезде балаларым құлап қалмаса екен деген ойлармен мазам қашады. Себебі, айтқан жерден аулақ, түрлі жағдайлар болуы мүмкін.

 – Жалпы, сіздердің цирк жоспар бойынша жылына неше рет өнер көрсетуі тиіс? Бағдарламаны қанша рет жаңалап отырасыздар?

– Облыста театрлар жылына 5 спектакль қояды. Ал сендер неге жылына бір ғана қойылым жасайсыңдар деген мәселе көтерілген кезде «Сіз  екі айдың ішінде біздің мамандардың үйретуімен шпагатқа отыра аласыз ба?» деп қарсы сұрақ қоямын. Ал енді ешқандай «страховкасыз» үштік сальто секіру үшін білесіз бе, қанша уақыт кететінін? Бір, бір жарым жыл. Олар  әрбір қимылды жай-жай қосады. Бір сальтоны үйрену үшін бір күні бетпен құлайды, екінші күні шалқасынан құлайды, ақыры сальтоны істейді. Одан кейін басқа сальтоны, сосын үштік сальтоға өту үшін трюкті жайлап қоса береді. Сонды¶тан оған уақыт керек. Спецификалық және физикалық тұрғыдан да. Циркті театр, филармония өнерімен салыстыруға болмайды. Цирк 50-70 пайыз спортпен байланысты нәрсе. Біздің балалардың манеждегі жаттығып жатқан жаттығуларын көрсеңіздер, Олимпиада, әлем біріншілігі сынды додаларға дайындалып жатқан спортшылардың деңгейінен бірде - бір кем емес. Өйткені, жүгіріп, секіріп, күн сайынғы жаттығуларда тер төгіп, айналысып жатады. Сол себепті жылына бір бағдарлама береміз, шамамыз келіп жатса екі бағдарлама беруге тырысамыз. Одан басқа әлемнің ең мықтыларын алып келген күннің өзінде олай жасай алмайды. Себебі ол физикалық тұрғыдан мүмкін емес, оған адамның шамасы жетпейді.

 – Қандай цирк өнерпаздары жоқ сіздерде?

 – Бізде сиқыр яғни иллюзия жанры кішкене кенжелеп тұр. Қазір Қытайда Сергей Мустажин деген маманымыз тәжірибе алмасып жатыр. Биыл жаңа жылдық мерекеге орай жылдың соңында магиялық иллюзияшоу жасасақ деп отырмыз. Бұл жанр жоқ емес бар, тек микромагия ғана. Жасыратыны жоқ, үлкен фокустар жағы сәл кемшіндеу болып тұр. 

 – Елімізде цирк мамандары жеткілікті ме? Оларды қайда оқытады? 

– Цирк өнерпаздары жеткіліксіз. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық цирк колледжінен жылына 5-7, ары кетсе 9-10 түлек шығып жатады. Оның өзінде көпшілігі Нұр-Сұлтан, Алматыға ұмтылады. Бізге көбі келе бермейді. Біз қазір ашығын айту керек, өнерпаздарды ауыл балалары арасынан жасақтап жатырмыз, әрине дипломды мамандар бар. Десе де маман тапшылығы жоқ емес. 

– Шетелден және еліміздің өзге қаласынан келетін цирк әртістерін өздеріңіз шақырасыздар ма, әлде арнайы келісімшарт бар ма? Олармен әріптестік қарым-қатынастарыңыз қалай?

 – Бүгінгі таңда 8-9 мемлекеттің циркімен, атап айтқанда  Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Ресей, Украина, Саха республикалары, Қытай, Грузия, Армения циркімен, өзіміздің  Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының өнер ұжымымен тығыз байланыстамыз. Әлеуметтік желіде парақшамызды көрген болсаңыз, жаңа жылмен барлығы видеоқұттықтаулар жіберіп жатты. Шымкентте цирк бар екенін біледі. Кейбір деңгейі жоғары бағдарламаларды көрермен көрсін деген оймен, өзіміз арнайы барып шақырамыз. Кейбір бағдарламаларды өздері келіп ұсынады. Біз оларға қажетті жағдай жасап, аң, жануарлар тұратын жерінің тазалығын қамтамасыз етіп, қызмет көрсетеміз. Цирктің манежін жалға алуда қалалық әкімдікпен бірлескен арнайы баға бар, олар соны төлейді. Ал билеттің бағасын өздері қояды. Мысалы, дәл қазір «Индира» шоуында 80-ге тарта аң, 50-ге жуық әртіс бар. Бұлар бәленбай шақырым жерден 8-9 арнайы жүк көлігімен келді. 

– Шымкент циркіне көрермен жинау қиынға соққан шығар алғашқыда? 

– Әрине, біз осында көрерменді қалыптастыру үшін де көп жұмыс істедік. Цирк десе «Ой, ол балалар келіп көретін дүние» деп көбісі түсінбейтін. Мен біраз шенеуніктерді былайша айтқанда мәжбүрлегендей болып, шақырып келетінмін. Қазір солар тұрақты көрерменге айналды. Мысалы, «Қазақстан барысына» қатысып жүрген палуан Жұманазарды бірде өзіміздің бағдарламаға қинап кіргіздім. Үзіліс кезінде кетіп қалатын шығар деп сыртынан бақыладым. Жоқ, кетпей соңына дейін отырды. Бағдарлама біткен соң «Арман, біз спортшымыз ба деп жүрсек, спорттың көкесі сенде екен ғой», деп таң қалды. Қазір сол ауылынан бір автобус балаларды алып келіп, билет әпереді. Өзі де қосылып көреді. Басқа да азаматтардың жасаған жақсылықтарын өздері айтпаса жария етпей-ақ қояйын.

 – Бір сұхбатыңызда цирк мамандарын даярлайтын мектеп ашамын деген едіңіз, ол бағытта қандай жұмыс атқарылуда?

– Мектеп емес, жанымыздан студия ашқалы жатырмыз. Міне, дәл бүгін қаулыны Шымкент қалалық әкімдігі бекітті. Балаларды цирк өнеріне баулитын студия ашсақ дейміз. Оған ата-аналар ренжімейтіндей, дұрыс қадаммен келу керек. Жазға дейін бәрін дайындасақ, қыркүйекте бастауды жоспарлап отырмыз. Ал бүгінгі таңда ұжым Түркістан қаласына арнайы гастрольмен барып, өнер көрсетуде. Алдағы уақытта жылжымалы 800 орындық шапитомен гастрольдерге шығамыз, себебі циркі жоқ қалалар көп. Жылжымалы циркке де мамандарды үйретіп, тәрбиеледік. Елімізді аралап, Шымкенттің циркін көрсетеміз. Қырғызстан, Өзбекстанды, еліміздің батыс аймақтарын аралап қайтуды жоспарлап отырмыз. 

Сұхбаттасқан Жансая СЫДЫҚБАЙ


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Қазақ халқының ырымдары мен нанымдары
  • Асық – үлкен халықтық тәрбие
  • Олардың ерлік рухы мәңгі ұмытылмайды
  • «Ешкім де ұмтылмайды, ешкім де ұмтылмақ емес!»: Шымкент аумағында ұжымдастыру науқаны қалай жүрді?
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер