Сонау 1950 жылдарды «Хасен-Жәмила» киносын түсірген қытайдағы қазақтар соңғы жылдары «Ақсарбас», «Бөрі соқпақты жол», «Шынайы махаббат», «Көрікті мекен», «Құт мекен», «Соңғы көш» сынды киноларды жарыққа шығарды. Бұл ғаламтор арқылы көргеніміз. Қытайда тұрған қандастарымыздың бишілігін Шұғыла Сапарғалиқызынан, әншілігін Майра Мұхамедқызынан, спорттағы шеберлігін Қанат Ісләмға қарап байқауға болар. Ал киносы қай деңгейде?
Оншақты жыл бұрын қазақи тәрбие негізінде түсірілген «Көрікті мекен» киносы жайлы Қазақстан баспасөзі жазған еді. Онда ағасы қайтыс болған соң, әмеңгерлік жолмен жеңгесіне үйленгісі келмеген кенже ұл әкені тыңдамай қалаға кетеді. Бұған сүйіктісі, әнші Майраның ауылда тұруға келіспейтіні себеп болады. Бірақ, Майра өнерін дамыту үшін айлар өте өзгенің етегінен ұстайды. Қалада көлік жүргізушінің оқуын оқыған кенжетай ауылға тек әкесі қайтыс болғанда келіп, қабір басында өкініп жылағанмен, қарашаңырақта қалмайды. Екінші айналып келгенде жеңгесі мен бауырын көшіріп әкететінін айтады. Бұл жерде режиссер жастардың үлкенді тыңдап, дәстүрді сыйлауын астарласа да, кейбір кадрлар арқылы «дәстүрдің де озығы мен тозығы барын» сол жастың талғамы, жеке өмірі болатынын үлкендер де ескеруі керек дегенді меңзейтіндей. Ал, марқұм әке өле-өлгенше қалаға кеткен баласы мен жесір келін, жетім немеренің келешегін уайымдайды. Бірақ келіні ұсыныс білдіргендерге қарсы болып «мен кетсем атама, мына үйге кім қарайды?» деп сол шаңырақтың бүкіл тірлігін мойнына алады. Тіпті, атасы бақиға аттанса да киіз үйді жықпай, күбісін пісіп, малын жайғап жүре береді.
«Ақсарбас» киносында атастырған жігітіне тимей, ақын жігітпен қашып кеткен қазақ қызының тағдыры көрсетілген. Екі балалы болғанда күйеуі қайтыс болады. Жесір келінді әмеңгерлікпен алғысы келген мосқал қайнағасы меселін қайтарғаны үшін, абысындарымен шағыстырады. Онсызда көздің құрты болған жас келінді бәйбішелер суға тұншықтырады ғой. Суық күнде. Міне, осы кезде қыз күніндегі көрші апа құтқарып, үйіне алып кетеді. Кезінде тыңдамай кеткені үшін төркін жұртына бара алмайды. Осы үйде жүріп, өзімен бірге өскен баласына тұрмысқа шығады. Бірақ, балалары қайын жұртта қалады. Енесі жайлы, күйеуі жақсы болса да, күні-түні тірлікке алданса да бөбектері ойынан шықпайды. Тірлігінің мағынасы қалмағандай көрініп, бір күні балаларына кетіп, өзі бөлек үй тігеді. Пәлендей тарихи я саяси астары жоқ, тек қазақ әйелінің қиын тағдыры ғана бар. Айтпақшы, ұл балаға тұлым өсіріп, 7-8 жасында азамат болғанын айтып, тұлымын кесіп, тайға отырғызып той жасайтын дәстүрді осы кинодан көрдік. Сосын, кебеже, кілемше, көрпе-төсек дейсіз бе барлығының оюланып тігілгені көзге жылыұшырай кетеді екен. Шеттегі қазақтардың миллиардтардың арасында қайтсек жұтылмаймыз деп жанталасатыны күнделікті қолданған затынан байқалады.
«Құт мекен» киносын көрікті Қарабура жайлауына байланысты түсіргендей. Көгалы мақпал кілемдей, сулары тұп-тұнық, қарағайлары тіп-тік. Адам қолымен бүлінбеген таза жабайы табиғат. Орманды қақ жарып өзен ағып жатыр. Әр үлкен тастардың арасында тігілген киіз үйлер. Қарабураға қаладан бір журналдың фототілші келіп, көрікті мекенді суретке түсіреді. Ауылнайдың Анар есімді ерке қызымен әңгімесі жарасқан қытай қыз осы төңіректі біраз серуендейді. Қалаға келген соң суреттерін журналына жариялайды. Оны көрген дос жігіті көркем жерде гольф алаңы мен шипажай салу жоспарын іске асыру үшін қызбен бірге Қарабураға тартады. Қыстақ бастығының үйінде қонақта болып, өзінің жоспарын көрсетеді. Қазақтың жайлауы дегенмен, қытайдың жері болғандықтан, бұл жігіттің бұйымтайын орындауға ауылдастары қиналады. Қыстақ бастығы мен көршісі Жәкен айта алмаса да, бір күні болмаса бір күні ата қоныс жайлауын қытайлар өз мақсатына пайдаланатынын біледі. Режиссер қазақтардың осы қиналысын жүздерінен көрсетеді.
Мақпалдай жайлаудың жаттың қолында кететінін түсінгенде наразылығын қас пен қабақтың түйіле кетуінен, қарашығының мұңаюынан байқайсыз. Және ол бүгін сейілетін мұң емес екенін, бодандықтан құтылмайтынын ойлап қамығады деп түсіндік. Әлде бізге солай көрінді ме... Жасы мен кәрісін де, әжесі мен қызын да бір қоңыр мұң әлдилеп жүргендей. Бәлкім бізге солай көрінгенмен, бұл олардың салмақтылығы мен момындығы шығар. Кеңес Одағына 70 жыл бодан болып, орыстармен тағдыр жақындастырған біздің мінез олармен салыстырғанда әлдеқайда ашылып кеткендей.
Кинода қазақ пен қытай арасындағы достықты насихаттайтын көріністер бар. Мысалы, жігіт пен саяхатшы қыз тау-тасты аралап жүріп, адасып қараңғыда қалады. Қазақ жігіттері оларды іздеп табады. Құтқару «операциясы» кезінде Жәкен таудан құлап, оны емдету үшін қонақ қытай қалаға алып кетеді. Жәкеннің «егер жерді алып онда саяжай, гольф алаңын салсаң, малымен күн көретін қазақтардың жағдайы қандай болады?» деп қытай жігітке өтінген көзқарасы Ду директордың ойынан кетпей, райынан қайтады. Әрине, мұның бәрі кинода. Өмірде де қазақ пен қытайдың достығы бекем дегенді білдіргісі келсе керек. Барып, тұрып көрмеген соң кім біліпті, жаман деуге қақымыз жоқ. «Құт мекен» 2005-2006 жылдары түсірілген. Ал көрермен былтырдан бері Қытайда қазақтар мен ұйғырлардың саяси лагерьде азапталып жатқанынан кейін көрсе, киноның шынайылығына күмән келтірер еді. Дегенмен, қай кезде де қарапайым халыққа кінә қоймаған абзал. Көсем тирандарға қарап бүкіл ұлтқа баға беруге болмас. Ду директор Жәкенді ауруханаға жеткізген соң, өзінің артық кеткенін сезіп, енді қазақтың жеріне тиіспейтінін айтады. Ауруханадан шыққан Жәкен арқылы ауылына теледидар, күннен энергия алатын электр құрылғысын сыйлайды.
Былтыр түсірілген «Соңғы көш» киносында көшпенді өмірмен қоштасатан қазақ отбасының тіршілігі суреттелген. Малдың соңында жүріп бірде боранда қалып малымен қатар, азаматтарынан да айырылатын қайғылы көріністер бар. Әсіресе, құз-жартастың бойында жүгін түйеге артқан көшпенді өмірді әдемі көрсеткен. Тең-тең жүк артқан түйелердің құздағы жалғыз аяқ жолмен жүргенін көріп аяп та кетесіз. Төрт-түлігі қоңды, күймелері де жұпыны емес. Жалпы, қай киносын алсаңыз да қытайдағы қазақтардың әл-ауқатының жақсы екені байқалады. Тұрмыстары таза да тиянақты. Олар қолданатын заттың денін біз мұражайға қойғанбыз. Фильмде ешкінің түбітін сатып байыған саудагер қазақ ауылдастарына ешкі өсіруді үгіттейді. Сонда Хадиша ана: «Мынадай түгін тартсаң май шығатын жерге ешкі өсіре ме? Ешкінің құмалағы сор болып, жайылымды күйдіреді» деп қарсы болады. Ес білгелі өріске ешкінің қоймен қатар жайылатынын көріп өскен бізге мұнысы таңсық болды. Ақыры ешкі өсіріп байытпаса ажырасатынын айтқан келіні мен ұлының арасы салқындайды. Сонда «Бұлардың ажырасамын дегенін естігенше өлгенім артық қой» деп күрсінеді Хадиша. Шаңырақтарын сақтау үшін әйеліне еріп ұлы да қалаға кәсіп іздеп кетерде майданға аттандырғандай анасы егіліп жылайды. Осы тұсы көрерменді тұнжыратып жібереді. Бет алды жанарды жаспен сулай берген ырымға да жаман. Бізде қашан барып келсең де қала – өзіміздікі. Сондықтан үлкендер күрсінбесе, жылап шығарып салмас. Ал олар қытайға жұтылып кетеді дей ме..? Әйтеуір осындай ұсақ-түйектің өзі қандастарға уайым. Шынайы әлде жасанды дей алмаймыз. Тек, көрерменді сендірмейді. Киіз үйдің қасында бүркіт пен күннен энергия алатын қондырғыға қарап, дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұстауды меңзегенін аңғарасыз. Соңында киноның негізгі кейіпкері болған қария көшпелі өмірден тұрақты өмірге ауысып, қыстаққа тұруға барады. Жылқысы да өзімен бірге қартайып, жайлауда қалады. Кетерде бүркітін ашықтырып тауда тастап кетеді. Аңшы құс қайтып келгенмен шал бүкіл көшпелі өмірі өзімен аяқталғанына құса болып, киіз үйде бірнеше күн нәр татпай жатып қалады. Үлкен кісіге бұдан былай көшпенді болмайсың деген сөз қазақ болмайсың дегендей әсер еткен шығар. Өйткені, ата-бабасының сал дәурені өзімен аяқталатынына қамығады. Ұзақ күн жартаста отырып даламен қоштасады. Бәрі үнсіз. Тек табиғат пен адам. Бұған дейін қазақ пен даланың кіндігі кесілмегендей көрінсе, ендігі жерде адамның табиғаттан ажырауының өзі трагедия екенін ақсақалдың жартасқа қарап үнсіз отыруынан бағамдайсыз. Қария кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда өмірінің соңы қыстақта өтетініне қамыққан жоқ. Ата-бабасының көшпелі дәурені өзімен аяқталғанына налиды. Енді жүйрік мініп, тазы ертіп, бүркіт ұстап жайлау мен қыстауда еркін өмір сүре алмайды. Астарлы ойы болмаса да осындай кадрлардың көрерменге әсері бар. Даланы мал тұяғынан тазалап, шөбін шүйгіндетеміз дегеніне әуелде үлкен кісі көнбей, биліктің адамдарымен сөйлескісі келмейді. Бірақ ауыл кеткенде жайлауға қытайдың қаптаған техникасы құмырсқадай қаптап келе жатады.
Жалпы, қытайдағы қазақ киносында астарлап көрсеткенмен, ашық саяси оқиғалар көрініс бермейді. Сөзге қарағанда қимыл-қозғалыс басым. Адамның көзқарасы мен іс-әрекеті арқылы оқиға желісін түсіне бересіз. Тұрмыстары жақсы болғанмен, ұрпағы үшін алаңдайтын қазақ үшін бұл – екінші орында. Дер кезінде елге қайтып, жанды-жанға, қанды-қанға қоса алмағанына налитын шығар. Қаймығып, мұңайып, үрке қараған жанарлардан осыны аңғарғандаймыз.
Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, «Рейтинг» газеті