Қоғамдағы ең қажетті, маңызды әрі еңбегі ауыр – ол коммуналдық қызмет саласында жүрген мамандар деп айтуға болады. Себебі өмірдің мәні мен сәні – тазалықты сақтайтын осы жандар.
Еліміздің шырайлы әрі жасыл қаласы Шымкенттің тазалығына жауапты жұмысшылар таңғы 6,7-ден бастап міндеттеріне кіріседі. Олар қыстың суығында да, жазда желдің өтінде бел жазбай еңбек етеді. Өздеріне тиісті аумақты күніне тіпті 4-5 шақырым жер жаяу жүріп тазалайды. Себебі, мейлі ақшасы аз болса да, олар үшін тазалық басты орында.
Тазалықты жаны сүйетін Гүлсара Мұқашқызының коммуналдық қызмет саласында жұмыс істеп жүргеніне біраз жылдан асыпты. Ол о баста саудагер мамандығын алып, 5 жыл сол жолда қызмет атқарған. Қазір ол қаланың тазалығына үлесін қосып жүрген еңбек адамдарының бірі. Жасы алпысқа жақындаса да , ширақ қозғалады. Қала көшелері тазарғанда, ол өзі де бір тыныстап, тазарғандай болады.
«Күнделікті жұмысымыз таңнан басталады. Аула тазалаймыз, тұрғындардың жайлылығы үшін кейде аялдамаларды жуамыз. Қазір аула сыпырушыларға тұрғындар құрметпен қарайды. Еңбек етіп жатқанда рахметтерін айтып, ақ тілектерін білдіріп жатады. Еңбегіңді бағалап, елден алғыс алғанда кәдімгідей марқайып қаламыз, қуанамыз»,- дейді коммуналдық қызметкер.
Тазалық сақшыларының жұмысы көше жинастырумен ғана шектелмейді. Қызметкерлерге жастарды тәртіпке шақырып, жинақылыққа тәрбиелеу міндеттелген. Гүлсара Мұқашқызы да жұмыс барысында, жалпы жүрген жерінде тұрғындарды, жастарды тазалыққа шақырып жүреді екен. Гүлсара Мұқашқызы Шымқаланың күнделікті тынысын бір қалыпта ұстап, таза да сәнді қаланың көсегесін көгертіп жүрген абыройлы жұмысшылардың бірі.
Бұл қарапайым еңбек күнделікті өміріміздің көрінісіне айналса да, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Әрбір жиналған қоқыс, әрбір сыпырылған жапырақ – «Таза Қазақстанды» қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Шымкент - еліміздегі таза қалалардың қатарында. Шаһар тазалығы коммуналдық қызметшілердің тынымсыз жұмысының нәтижесі. Сондықтан келешекте олардың еңбегі бағаланып, құрмет көрсетілсе, жалақылары өссе нұр үстіне нұр. Президент 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы», яғни еңбек адамы жылы деп жариялауы – маңдай терін төгіп, тіршіліктің тынысын қамтамасыз етіп отырған қарапайым жұмысшыларға деген құрметтің биік белгісі.