Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға қатысуын қаржыландырып келеді.
Алайда жүргізілген тексерістер барысында бірқатар күрделі заңбұзушылықтар анықталды. Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында 2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба Шымкентте де жүзеге асуда. Жаңа жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу жағдайларына жол бермейді.
Осы орайда Шымкент қаласында қосымша білім беру саласына енгізіліп жатқан бірыңғай ваучер жүйесіне қатысты қоғамдық талқылау өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңа жүйенің жұмыс істеу тәртібін түсіндіріп, бұрынғы тәжірибеде қосымша біліммен қамту көрсеткіштері нақты жағдаймен сәйкес келмегенін мәлімдеді. Мәселен, тіркеуде 5 500 бала болғанымен, үйірмелерге нақты барып жүргені 4 000-нан аспаған. Бұл жағдай жалған есептіліктің бар екенін көрсеткен.
Жаңа ваучерлік жүйе бұл олқылықтардың алдын алуға бағытталған. Қазір білім беру процесі толық цифрландырылып, әр баланың нақты қандай үйірмеге барып жүргені автоматты түрде бақылануда екен.
Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері қосымша білім беру ұйымдарын бір басқармаға шоғырландыру мәселесіне де тоқталды. Бұған дейін бұл ұйымдар салалық бағыттарға қарай – спорт, мәдениет және білім басқармалары арасында бөлінген болса, қазіргі өзгеріс бойынша олардың барлығы Білім басқармасының қарауына біріктірілуде. Қоғам өкілдері бұл өзгерістің заңды негізін пысықтау қажеттігін айтты.
Жиын барысында жалған тіркеу деректерінің алдын алу жолдары қарастырылып, жаңа жүйедегі бақылау механизмдерінің енгізілгені атап өтілді.
Кездесуді қорытындылаған Сәрсен Құранбек басты мақсат – қосымша білім беру саласында ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету екенін жеткізді.