Халық қалаулысы мәдениет және өнер қызметкерлерімен пікірлесті

image.png

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен кездесті деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Іс-шараның мақсаты – саладағы өзекті мәселелерді талқылау, сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдау және оларды заңнамалық деңгейде қолдау мүмкіндіктерін қарастыру болды.

Кездесу барысында Айгүл Жарылқасынқызы мәдениет пен өнердің ел дамуындағы маңызды рөлін атап өтіп, қазіргі уақытта атқарылып жатқан заңнамалық өзгерістер жөнінде кеңінен ақпарат берді.

– Бүгінгі кездесу – мәдениет және өнер саласындағы нақты мәселелерді көтеруге, ұсыныстар айтуға және оларды заң шығарушы орган – Сенат деңгейіне дейін жеткізуге тиімді мүмкіндік. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан заңдардың барлығы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Мәселен, "Мәдениет туралы" заңға енгізілген өзгерістер нәтижесінде «мәдениет ұйымы» және «мәдениет қызметкері» ұғымдары заңнамалық тұрғыда нақты айқындалды. Бұған дейін бұл терминдер тек бейресми деңгейде қолданылып келген болатын. Енді олар құқықтық негізде бекітіліп отыр. Бұл өзгерістер мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, олардың кәсіби дамуына оң ықпал етеді деп санаймын, – деді сенатор.

Халық қалаулысы шешімін таппаған мәселелерді де жасырмады. «Күн тәртібінен түспеген театр және Білім және ғылым министрлігіне қарасты кітапхана қызметкерлерінің жалақы мәселесі де жиында сөз болды. Олардың жалақысының аздығы себепті оларға аттестация жүргізілмейді екен. Сәйкесінше, біліктілігін де арттыра алмайды. Бұл мәселе де – біздің назарымызда», - деді А. Жарылқасынқызы.

Сонымен қатар, ұлттық деңгейдегі мәдени-шығармашылық ұйымдарға ерекше мәртебе беру критерийлері енгізілгені айтылды. Кездесу аясында креативті индустрияны дамытуға бағытталған жаңа нормалар туралы да кеңінен сөз қозғалды. Бұл нормалар театрлар, мұражайлар және өзге де мәдениет мекемелеріне қатысты ішкі басқару, көркемдік кеңестердің ережелерін бекіту секілді ұйымдастырушылық процестерді реттеуге арналған.

Былтырғы жылдың өзінде қаламызда 4 мәдениет үйі жаңартылып, пайдалануға берілді. Жалпы мегаполисте 10 мәдениет үйі жұмыс істейді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Спортты дамыту басты назарда
  • 1 миллион шымкенттік сақтандырылған
  • Медициналық көмектің сапасы жоғарылап келеді
  • Халық қалаулысы мәдениет және өнер қызметкерлерімен пікірлесті
  • Қайнарбұлақ тұрғындары дән риза
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер