Бүгінде Шымкент қаласының кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 40 колледж жұмыс істейді. Онда 50 мыңға жуық студент білім алуда. Келесі оқу жылына жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарланып отыр.Сондай-ақ Шымқаладағы колледждерде жаңа мамандықтар ашылмақ.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында лицензия алынып, мемлекеттік білім беру гранттарына да қаражат бөлінген. Қазірдің өзінде жазғы кәсіби лагерьлерде мектеп оқушыларына түрлі мамандықтың қыр-сыры түсіндіріліп, біліктілігін шыңдауға мүмкіндік беріліп отыр. Айталық лагерлерде даяшы маманының жұмысы мен міндеттері таныстырылуда. Тағамды қалай ұсыну керек, ыдыс-аяқтардың дұрыс орналасуы, қонақтарға ас мәзірін қалай таныстыру қажет, қонақтарды күтіп алу мен шығарып салу... Оқушылар даяшының жұмысы тамақ тасумен ғана шектелмейтінін және өте қызықты мамандық екенін ұғынуда. Мұндай жазғы лагерь қаладағы төрт колледжде ашылған.
« Жаңа оқу жылында әр студентте бөлінетін қаржы көлемі артады деп жоспарланып отыр. Бұрын 400-500 мың теңге көлемінде бөлінсе, енді 1 млн теңгеге дейін өседі. Бұл білімді әрі білікті мамандарды даярлауға бұл үлкен қолдау деп есептеймін»,- дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлби Әшірова.
Шымкентте жұмысшы мамандықтарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Жаңа мамандықтар ашу жобасы өңір қажеттілігін ескере отырып жүзеге асырылған. Мамандардың айтуынша қазір аяқ киім жөндеу шебері, киім дизайнері, кинологтар жетіспейді. Сондай-ақ сүңгуірлер мен баристаларға сұраныс жоғары. құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мамандары керек. Дәнекерлеушілер мен сантехниктер де ауадай қажет.
Білім басқармасы мамандарының мәліметінше сұранысқа ие оқытылуы тиіс мамандықтарды ашуға лицензиялар алынған. Жаңа оқу жылында жұмысшы мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі де артады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкіметпен жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітілді. Министрлікпен кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.