ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасының колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауы аясында Шымкент қаласының намысын абыроймен қорғаған жеңімпаздар қатарында Әсел Берікқызы Сүлейменова да бар.
Әсел Шымкент қаласындағы «Саз колледжі» МКҚК-ның «Музыка теориясы» мамандығы бойынша 4-курс студенті. Жетекшісі – Оксана Владимировна Дмитриева.
«Менің бұл мамандықты таңдаған себебім аталған мамандық қоғамға өте қажет. Ол адамның ой-өрісін, зейінін арттырады, сонымен қатар еркіндік беріп, еңбексүйгішікке баулиды. Екіншіден мен музыка туралы көбірек білгім келді, зерттегім келді. Қазір мен төртінші курсқа өттім. Болашақта қазақ музыкасының зерттеуіне өз үлесімді қосқым келеді.Әсіресе қазақ музыкасын, қазақ музыканттарының өмір жолын зерттеп, жастарға насихаттауды көздеймін. Қазірдің өзінде қазақ музыкасы мен осы салаға еңбек сіңірген тұлғалар жайлы презентация, жобалар жасап жүрмін. Еріктілердің «Музыка души» атты актердік клубына да қатысып жүрмін. Сондай-ақ музыка мектебінің балаларына ашық сабақ өткізіп тұрамын. Балаларға музыка жайлы, оның құдіреті мен ұлттық өнеріміз жайлы көбірек ақпаратпен сусындатқым келеді. Мен көптеген ғылыми конференция мен конкурстарға қатыстым. Ондағы мақсатым өзім зерттегн дүниемді өзгелермен бөлісу және тәжірибе жинау. Өз елімнің патриоты болғандықтан менің асқақ арманым бар. Ол қазақ музыкасын, композиторларын әлемге танытқым келеді.Біздің өнердің қаншалықты мықты екенін шетелдіктер де білсе екен деймін. Менің мамандығым – кемел болашағымның кепілі»,- дейді ізденімпаз Әсел.
Әсел өзі еңбекқор адам болғасын кез-келген жанның еңбегін бағалай білетін адам. Сол үшін өзі білім алатын колледждің қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, кішігірім сый-сыяпатын жасап жүреді екен.
Еліміздің болашағы – білімді әрі заманауи жастардың қолында. Бүгінгі күні техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс ұлғайып, студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты. Мемлекет жастарға кәсіби тұрғыда дамуға, өз ісін бастауға және халықаралық сертификаттаудан өтуге барлық мүмкіндік жасап отыр. Жастарға бағытталған ауқымды жобалар – еліміздің жарқын келешегіне салынған инвестиция. Сондықтан биылғы жыл – жастар үшін үлкен мүмкіндіктер мен жаңа белестер жылы.