Шымкенттің тарихы тереңде екенін дәлелдейтін нысанның бірі Сайрамдағы Ибраһим ата кесенесінен сәл берідегі Махмутхан-шейх бабаның мазары. Кесене еліміздің «Мәдени мұра» бағдарламасына енген. 2020 жылы Шымкенттің ТМД-ның мәдени астанасы атануына байланысты қазіргі таңда шаһардағы тарихи киелі мекендерге көп көңіл бөлініп, реставрация жасалуда. Сондай-ақ туристерді тарту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Махмутхан-шейх бабаның мазары туристерді несімен тартуда.
Сансыз баптар мекені Сайрамға келген қонақтар алдымен осы кесенеге тәу етіп келеді. Себебі Махмутхан-шейх Ибраһим атаның әкесі, Қожа Ахмет Ясауидің бабасы. Нысанның құрылысы Х-ХІ ғасырларға жатады. Кесене шырақшысы Ұлықбек Анарқұл: «Бұл бабаның аты көп айтыла бермеуінің сыры оның насихаты аздығында. Өткенде Түркиядан бір профессор келіпті. Ол Қожа Ахмет Ясауи туралы кітап жазып жатыр екен. «Мен Яссауидің жерленген жерін білемін, бірақ кіндік қаны тамған жерді білмейтін едім», – деп көзіне жас алды. Аяқ астынан көшенің адамдарынан естіп, осында келген беті екен. Швейцария, Италия сияқты алыс шетелден, әсіресе Түркия, көрші Ресей, Өзбекстаннан туристер көп келеді, – дейді шырақшы.
Махмутхан баба осы жерде кішігірім медресе салдырып, балаларды дін сабақтарына оқытқан. Дін ілімдерін таратушы ретінде аты шыққан баба басына мешіт имамдары, молдалар, дін жолына біржола бет бұрғандар жиі барады. Діндар боламын, намазға жығыламын деп ниет еткендер де зиярат жасайды. Жалпы, күллі игілерге бата беруші әулие баба.
Кесене құрылысының бұрынғы ғасырларда неше рет өзгергенін ешкім дөп басып айта алмайды. Жер сілкінісі секілді ірі табиғи апаттардан, жаугерщілік замандардан қиратылмай қалай аман жеткені де бізге беймәлім. Жергілікті халық бұл кісінің әулие екенін біліп, құлап қалған уақытында қайтадан тұрғызып отырған. 2007 жылы көптеген белді қызметтер атқарған Майра Сағымбекова деген апамыз осы кесенені өз қаржысына тұрғызып, зияратшыларға кішігірім қонақүй, қазан-ошақ берді. Жеке меншіктен сатып алып мемлекетке өткізді. Кесененің шатыры жоқ, яғни бабамыз ашық аспан астында жатыр.
– «Өлі адамның басына да күн, жаңбыр тиюі керек» деген мақсатта солай салынған, – дейді Ұлықбек Дулатұлы.
Бүгінде мазар қала басшылығының қамқорлығына алынған нысандардың бірі. Мамандар сәулетті кесене туристерді тартуға зор мүмкіндік деп есептейді.