ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отырған Шымкент қаласында қонақтарға көрсететін тарихи, мәдени орындар жетерлік. Әсіресе Сайрам тұрғын алабы ел арасында «сансыз баптар мекені» деп атап кеткен. Мұнда әйгілі Қарашаш ананың кесенесі орналасқан. Аталмыш мазар еліміздің «Мәдени мұра» бағдарламасының тізіміне еніп, қорғауға алынған.
Кесене шырақшысы Әуесхан Қадыров бес жылдан бері осында келушілерді қарсы алып, құран оқып, кесене тарихын баяндап келеді екен.
– Ясауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол Сайрамдағы текті адам, танымал Мұса шайқының қызы болған. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты әйелдерінің бірі болды. Ислам әлемінде қасиетті Құран кәрімді араб тілінен түркі тіліне алғаш болып аударған әйелдердің бірі. Бойы аласа болғанымен, қап-қара толқынды шашы болғаны үшін халық оны Қарашаш атап кетіпті. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысты. Алла тағала берген ізгі қасиеттерінің бірі – перзент сүйе алмай жүрген әйелдерді уқалау жолымен емдеп, бала көтеруіне себепші болған деседі. Аңыз бойынша Қарашаш сырқатты емдегенімен бірге түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік символына айналды, – дейді шырақшы.
Кесене басында құдық бар екен. Зияратшылар киелі орынның құдығының суынан қалағанынша ниет етіп алып кетіп жатыр.
Қарашаш ана кесенесіне жапсарлас інілері Бабай ата мен Тағай атаның мазарлары ашық аспан астына қойылыпты. Бұл мазарларды көре отырып, жоғарыда айтылған «әкесі қайда жерленсе, баласы да сонда жерленсін» деген шариғи қағиданың растығына тағы да бір көзіміз жетті. Бүгінде «Қарашаш ана» кесенесі қала билігінің назарында.