«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші қазақ халқы ежелден-ақ ел ішіндегі даулы мәселелерді әділ әрі бейбіт жолмен шешуге тырысып отырған. Бағзы билердің сол төрелігі бүгінгі сот жүйесінде де қолданылып келеді.
Бұған Шымкент қалалық сотында дауларды бейбіт жолмен реттеу жобасын іске асыру мақсатында ынтымақтастық туралы жасалған меморандум дәлел бола алады. Жиында меморандумға 9 тарап қол қойды. Олардың қатарында Шымкент қалалық сотының Билер кеңесінің жұмысын үйлестірушісі Ақылбек Елшібаев, «Самғау сенім орталығы» КММ-нің директоры Фарида Байзахова, «Қазақстандық Медиаторлар Палатасы» ҚБ-нің басшысы Эльмира Акшегирова, «Дана» Құқық және Медиация Орталығы» ҚБ-нің басшысы Дана Кенжеқұлова бар.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жетілдіре түсу керектігіне көңіл бөлуде. Президенттің 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында да үшінші билік жұмысын жетілдірудің жолы да ұмыт қалмады. Яғни медиацияның тарихи мәні тереңде.Дамыған елдерде істердің 90 пайызы медиациямен шешіледі. Дау болғасын сотта екі тарап бірдей жеңіске жетпейді. Ал татуластыру арқылы бірдей келісім жасалады. Алдағы уақытта тараптардың жұмысы медацияны дамытады деп сенемін,-деді Соттар әкімшісінің басшысы Берік Мейірханов
Сондай-ақ меморандумда тараптар жанжалдардың алдын алуға және оларды шешуге бағытталған татуластыру рәсімдерін дамыту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері сөз болды.
Қазіргі таңда Шымкентте аудандық соттарда, аудандық әкімдіктерде, Жұмыспен қамту орталығында және мамандандырылған соттың ғимаратында медиатор кабинеттері жұмыс істейді. Алдағы уақытта татуластыру рәсімдеріне жүгіну азаматтардың жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуіне ықпал етеді және құқықтық мәдениетін қалыптастырады.