Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Бүгінде кәсіпкерлік саланың кең қанат жаюына мемлекеттік бағдарламалардың қосып отырған үлесі зор. Әсіресе «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен тірлігін бастап, елге де, өзіне де пайда тигізіп отырған азаматтар жетерлік. «Еңбектен» қолдау тапқандардың үлесі Шымкент қаласында да көп. Солардың бірі қала тұрғыны Бекжан Ерназаров. Жас кәсіпкердің қазір 32-де.
Ол былтырғы жылдың шілде айында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасымен оқып, сертификат алып, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізген. Нәтижесінде бизнес жобасын сәтті қорғап, қыркүйек айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа ие болған.
Жас шебер қазіргі таңда сандық шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген сандықтарды, қыз-жасау және т.б заттарды жасауды қолға алған. Бекжан бұл шеберлікті өзі үйренген. Ұлттық өнерді дамытып әрі кәсіп жасап отырған Бекжан өзі секілді қолынан іс келетін жастарға қарап отырмай, мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, бизнеспен айналысуға кеңес береді. «Өзіме ұнайтын іспен айналысып, тапсырыс жасаушылардың көңілінен шығуға тырысамын. Әр қазақтың үйінде осындай ою-өрнегі бар сандықтардың болуы керек» дейді жас кәсіпкер. Алдағы уақытта өз ісін дамытып, сапалы жиһаздарды жасауды да жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Шымкент қаласында өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам азаматтың әрқайсысы 200 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қаржылай қолдауға ие болған. Мемлекеттік грант негізінде қайтарымсыз қаражат алған қала тұрғындары өз істерін бастап отыр. Олар көбінесе тігін, қолөнер шеберханасы, кондитерлік өнімдер әзірлеу мен мал шаруашылығына таңдау білдірген.