Айбарша Бескен Шымкент қаласының тумасы. Жасы жиырмада. Өткен жылы «Сайрам» медициналық колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Алайда өзіне лайықты жұмыс таба алмаған. Жас маман «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барын есітіп, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Мұндағы мамандар Назираны жұмыссыз ретінде тіркеген. Көп ұзамай орталық қызметкерлері жас қызға өз мамандығы бойынша жұмыс тауып берген. Яғни ол биыл сәуір айынан бастап бағдарлама арқылы қаладағы «Назира-Б» балабақшасына жолдама алған. Қазір жас маман балабақшада қызмет етуде.
– Мен оқуды бітірген соң еңбек өтілімім жоқ болғандықтан ұзақ уақыт жұмыс таба алмай жүрдім. Жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында бағдарлама арқылы жұмысқа шақыру жөнінде хабарландыруды көріп, осындағы мамандардың көмегіне жүгіндім. Орталық мамандары маған бірнеше жұмыс орнын ұсынды. Бірақ өзімнің таңдауым балабақша болды. Уақытша болса да жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын, – дейді бағдарлама қатысушысы.
Айта кетейік, бүгінде 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты – жастар практикасы азаматтардың жұмыс табуына септігін тигізуде. Жастар практиикасы түлектердің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылған. Биыл қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан 2500 жасты аталған бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Жастар практикасы бойынша тәжірибе жинақтап жүрген түлектерге жалақы төленеді. Жыл басынан бері 600-ден астам шымкенттік жас тәжирибеден өтуде.
Бағдарлама талабына сай, қатысушының жасы 29-дан аспауы тиіс және «жұмыссыз» мәртебесі болуы керек. Және соңғы үш жыл ішінде (2018-2020ж.) жоғары оқу орындары мен колледжердің түлектері бір-ақ рет қатыса алады. Мамандардың дерегінше жалпы былтыр 3 мыңға жуық жас аталған бағдарламамен жұмыспен қамтылып, оның 536-сы тұрақты жұмысқа орналасқан.