2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2014 жылға дейінгі аралықты қамтыды. Кейін 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңі іске асырылды. Қазіргі таңда 2020-2025 жылдар аралығын қамтитын үшінші кезеңі жүзеге асырылуда.
Индустрияландыру бағдарламасы бүкіл республикада 2010 жылдан бастап қолға алына бастады. Соның ішінде Шымкент қаласында да бағдарлама аясында жаңа кәсіпорындар құрылды. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің мәліметінше, ҮИИД-тің бірінші бесжылдығында шаһарда 89 млрд. теңгеге 63 кәсіпорын бой көтерді, соның нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылған. Екінші бесжылдықта 97,4 млрд. теңгеге 41 жоба қолдау тапқан. Соның арқасында 2,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2020-2021 жылдар кезеңінде 414,3 млрд. теңгеге 90 жоба қолға алынды. 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 21 жобаны жүзеге асыруға 37,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Бір мыңдай адам өздеріне тұрақты жұмыс тапқан.
– Бүгінгі таңда қала аумағында 2 индустриялды аймақ бар. Ол «Оңтүстік» пен «Тассай» индустриалды аймақтары, - деді Береке Талғатұлы. – Жалпы мегаполистегі ИА аумағы 426 гектарды құрайды. 2010 жылы ашылған «Оңтүстікте» кәсіпорындар 337 гектар жерде орналасқан. Ал «Тассайдың» аумағы 89 гектарға тең, 2015 жылы қазығы қағылған. Индустриалды аймақтардың жағдайы қандай, осы күнге дейін қанша жоба жүзеге асырылды деген сауалға келсек, қазіргі таңда ИА аумағы 95 пайызға толған. Яғни жобаларды жүзеге асыру жоспары осыншама пайызға орындалды деген сөз. Қос аймақта 134,7 млрд. теңгеге 128 кәсіпорын құру және 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу бойынша жұмыстар қолға алынуда. Соның ішінде бүгінгі таңда 90 млрд. теңге қаржыға нақты 89 жоба іске асырылып, 5 мыңдай адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Ресми дерек бойынша 2020 жылы индустриалды аймақтарға жалпы саны 25,6 млрд. инвестиция тартылды. Қомақты қаражатқа 9 өндіріс орны бой көтеріп, 431 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге жобаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, өзекті мәселелері анықталып, мемлекеттік қолдау көрсетілді.