Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудан тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Ишхонов Эрмоханның үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан басшысы ардагерге және оның отбасына амандық саулық тілеп, құттықтау қағазы мен арнайы сыйлықтарын табыстады. Ардагер құрмет көрсетуге келген қонақтарды қуана қарсы алып, өзінің майдан даласындағы кешкен қиыншылықтарынан сыр шертіп, қан майдандағы шайқастарын, қарулас достарын, соғыс даласындағы ерліктерін әңгімелеп берді. Сөз соңында жас ұрпаққа бейбіт өмір мен амандық тілеп, алғысын айтып, ақ батасын берді.
Ардагер 1923 жылы 1 қаңтарда Ташкент облысы Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. I-дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «1941-1945ж Отан соғысы» ордендерімен, “Мінсіз қызмет атқарғаны үшін”, “Украинаның 50 жылдығы”, “Ерлігі үшін” және т.б медальдармен марапатталған. Ардагер 4 ұл мен 3 қыздан 33 немере, 49 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр.