Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі ағын су мәселесін шешу бойынша тапсырмалардың орындалуын бақылау мақсатында бірқатар нысандарды аралады.
Жалпы аудан аумағында ағымдағы жылы 49 каналдың 210 шақырымын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланды.
Қазіргі таңда Төрткүл ауыл округінен 94,1 шақырым, Қараспан ауыл округінен 32,1 шақырым, Қарақұм ауыл округінен 4,5 шақырым, Бөржар ауыл округінен 5,9 шақырым, Қажымұхан ауыл округінен 24,3 шақырым, Шұбар ауыл округінен 1 шақырым, Жеңіс ауыл округінен 16,7 шақырым, жалпы аудан бойынша 178,6 шақырым су арнасына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Аудандағы жер арықтарының бүгінде 72 пайызы тазаланып, бітті.
Әйтсе де, шаруалар тарапынан ағын суды тиімді пайдалану жүйеленуі тиіс. Бұл бойынша аудан аумағында арнайы жұмысшы топ құрылды. Суды реттеу және тиімді пайдалануды үйлестіру үшін 8 адам жұмыс атқаруда.
Айта кетері, былтыр халыққа арнаған Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет,-деп тапсырған болатын.