Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына арналған «Жаңарған Түркістан» салтанатты концерті өтті. «Конгресс-Холл» концерт залында өткен мерекелік кешке қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барша қазақстандықтарды құттықтады.
- Сіздерді Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуымен құттықтаймын. Түркістан – күллі Алаштың текті төрі, қазақтың шежірелі шаһары және түркітілдес халықтардың рухани астанасы. Сондықтан бұл мереке – барша қазаққа ортақ. Осыдан тура үш жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иемденіп, дамудың жаңа сатысына көшті. Міне, осы 3 жылдың ішінде өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, өңірді дамытудың екінші кезеңі басталды. 5 жылға Кешенді жоспар құрылып, атқарылар істер айқындалды. Қазақстанымыз бен Түркістанымыз мәңгі жасай берсін! - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Мерекелік шарада облыс әкімі өңірдің дамуы мен қалыптасуына сүбелі үлес қосып, еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады. Кеш қонағы, Отандық және шет елдік телеарналарда тікелей эфирден көрсетілген байқауға 14 мемлекеттен қатысушысы, халықаралық «Voice of Turan», қазақ әндері ән байқауының лауреаты Беларусиядан келген жас әнші Дарья Хмельницкая С.Байтерековтың «Әлия» әнін шырқады. Елордадан келген «NOMAD» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Мәңгілік ел», Қазығұрт ауданынан келген «Балауса» би ансамблі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының солисті – Азамат Жылтыргозов, белгілі әнші Мадина Сәдуақасова өнер көрсетті.