Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде абаттандыру мен көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстар жетерлік.
- Ауданда ескірген нысандардың барлығы да қайта жаңарып, үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Атап айтқанда, аудан әкімі аппаратының ғимараты, жастар гүлзары, Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион, орталық кітапхана, Мырзакент емханасы ел игілігіне берілді. Бүгінде 1 200 орындық мектеп және 280 орындық балабақшаның құрылысы жүруде және дербес бөлімдер үшін әкімшілік ғимараты, спорт сарайы, орталық саябақ нысандарының құрылысы жоспарлануда - деді аудан әкім Бақыт Насырханұлы.
Сонымен қатар, өткен жылғы төтенше жағдай салдарынан Мырзакентте жаңа мөлтек аудан бой көтеріп, жаңа саябақ пен аллеялар пайдалануға берілген. Көптеген кәсіпкерлік нысандар тұрғызылып, халыққа қызмет көрсету сапасы күн сайын артуда. Кент көшелерінің барлығы дерлік күрделі жөндеуден өткен.
Ал, ауданда кәсіпкерлікпен айналысушыларда көбейіп келеді. Мәселен, Мақтаарал ауылдық округі, Есентаев ауылында орналасқан "Физули" шаруа қожалығында да болды. Алиев Физуидің басшылығындағы қожалық 30 гектар жерге иелік етеді. Оның 15 гектарына қауынның "бакинка" сортын пленкалы тамшылатып суғару әдісімен еккен. Жер емген шаруа өнімдерін жинап алғаннан кейін соңынан маш және мал азықтық дақылдарды екпекші. Осылайша облыс әкімі Ө.Шөкеевтің 1 жерден жылына 2-3 өнім алу жобасын жүзеге асыруда.
Биылғы жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жалпы аудан аумағында 190 бірлік шаруа қожалығы бір жыл ішінде бір алқаптан 2-3 өнім алу технологиясын пайдаланып 580 гектар алқапқа түрлі ерте пісетін көкөніс дақылдарын екті. Қазіргі таңда бірінші өнімдер жиналып, екінші өнімге бақша, маш және мал азықты дақылдарын егу жұмыстары жаппай жүргізілуде.
Жалпы ағымдағы жылы ауданда 61 мың гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Қазіргі таңда 20048 тонна көкөніс, 6061 тонна мал азықтық дақылдары өндірілді. Сонымен қатар, 16416 гектар жерге бақша дақылы егіліп, қазіргі таңда диқандар 4000 тонна қауын-қарбызды Ресей мен Еуропаның бірнеше елдеріне экспорттаған.