Түркістан облысында автомобиль жолдарды жаңартуға күш салынуда. Мәселен, бүгінгі таңда Сайрам және Төлеби аудандарын жалғайтын облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автожолының 22,5 шақырым жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тапсырыс беруші – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Айта кетейік, бүгінгі таңда бұл автожолдың 14 шақырымы жөнделді, ал қалған 8,5 шақырымын биылғы жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Жөндеу жұмыстарын «СитиСтрой» ЖШС мердігер мекеме жүргізуде. Қазіргі таңда аталған жолдың құрылыс жұмыстары аудан орталығы – Ақсукент ауылында жүргізілуде.
Жалпы Түркістан облысында өңірлерді, аудан, қала мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық берілген. Атап айтқанда, Шардара қаласы бойынша биылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары басталды. Жергілікті бюджет қаржысы есебінен, жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын 31 көше жол орта жөндеуден өтеді. Тағы бес көшені жөндеуге жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылуда.
Жолдың сапасы қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың нормативтерін қатаң сақтап, сапасыз жұмыстардың (асфальтобетон жабыны қалыңдығының жетіспеуі, а/б ұшуы, шашылуы және тағы басқа) алдын алу мақсатында, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп, жол жабынына сараптамалар тұрақты жүргізіліп, бақылауға алынған.