Ордабасы ауданындағы Бөржар ауыл округінде тамшылатып суару әдісін игерген қарқынды алма бауы және сүйекті жеміс түрлерін өндіретін «Александровский сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл серіктестік 2014 жылы құрылған. 2016 жылдың көктемінде 20 гектар жерге қарқынды алма бауын, ал, 2019 жылы қосымша тағы 20 гектарға алма, шабдалы, нектарин, сүйекті жемістерін отырғызған.
Жалпы нысанның құны 290 млн. теңгені құрайды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ, аграрлық несие корпорациясынан қаржыландырылған. Шаруашылықта жылына 1200 тоннаға дейін алма өндіріледі. Аталған шаруашылыққа кәсіпкер Бақтияр Тағаев басшылық етеді.
Сонымен бірге Бөржар ауыл округінде тағамдық жұмыртқа өндірісі қолға алынды. «Рыс» өндірістік кооперативі тағамдық жұмыртқа өндірумен айналысатын құс фермасын ашты.
Бүгінгі таңда мұндағы 2 мың бас үй құсынан тәулігіне 1700-1900 дана жұмыртқа алынуда.
Қыркүйек айында кооперативтің 2 корпусы іске қосылып, қосымша 2 мың бас құстан жұмыртқа өндірілетін болады.
Серіктестік бүгінде 4 адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтып, орташа есеппен 100 -130 мың теңге көлемінде жалақы төлеуде.