Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына үлкен басымдық берді. Бүгінде жолдау жүктеген міндеттер жергілікті жерде жоспарлы түрде іске асып жатыр.
Мәселен, Ордабасы ауданында тамшылатып суару әдісі арқылы 663 гектарға баубақша өнімдері егіліп, 7 айдағы көрсеткіш 94 пайызды құрады.
Бұдан бөлек, Қараспан ауылдық округіндегі «Байдаулет» шаруа қожалығы 10 гектар, Бөржар ауыл округіндегі «Ықылас» шаруа қожалығы 3 гектарға еккен жоңышқа дақылдарын жаңбырлатып суару әдісін пайдалануда.
Аудан әкімі Бағлан Батыршаевтың тапсырмасына сәйкес келесі жылы бұл бағытта жаңбырлатып суару тәсілін 500 гектарға ұлғайту жоспарлануда.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімін тиімді пайдалана отырып, екі өнім алып жүрген ауыл жастарының қатары көбейіп келеді.
Сондай жерден ризық-несібесін іздеген еңбекқор жастың бірі – Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылының тұрғыны Үмбет Мамытхан.
Бастапқыда 583 400 теңге грант алып, қияр өсіретін жылыжай кешенін салған іскер азамат кейіннен өз қаржысымен өндіріс көлемін ұлғайтқан. Қазіргі таңда «Мамытхан Ү» ЖК 8 гектар алқаптан жылына екі рет өнім алып, табысын еселей түсуде.
Бүгінде жобалық кұны 2 миллион теңгеден жоғары жылыжай кешенінде ауыл жастары маусымдық жұмыспен қамтылуда.