Биыл Ордабасы ауданында 19 971 гектар жерге себілген ақ егіс дақылдарының бүгінгі таңда 18 651 гектары орылды.
Осылайша орташа түсім әр гектарына 9,2 центнерді құрап, жалпы 17 284 тонна өнім жиналды.
Атап айтар болсақ, 18 592 гектар бидай алқабының 17 272 гектары орылып, 16 472 тонна бидай жиналды. Орташа түсім әр гектарына 9,5 центнерді құрады.
Ал, 1379 гектарға егілген арпа дақылы толығымен орылып, гектарына 5,9 центнерден жалпы 812 тонна арпа алынды.
Сонымен қатар, егістік алқаптан бір жылда 2-3 рет өнім алу жобасы бойынша ауданда 238 шаруа ерте көктемде 526,1 гектар егістік алқапқа алғашқы өнімдерін еккен.
Бүгінгі таңда осы аумақтан 10 379,4 тонна ауыл шаруашылық дақылдарының өнімі жиналды.
Ендігіде шаруалар егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында екінші өнімдерін егу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімін тиімді пайдалана отырып, екі өнім алып жүрген ауыл жастарының қатары көбейіп келеді.
Жерден ризық-несібесін іздеген еңбекқор жастың бірі – Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылының тұрғыны Үмбет Мамытхан.
Бастапқыда 583 400 теңге грант алып, қияр өсіретін жылыжай кешенін салған іскер азамат кейіннен өз қаржысымен өндіріс көлемін ұлғайтқан. Қазіргі таңда «Мамытхан Ү» ЖК 8 гектар алқаптан жылына екі рет өнім алып, табысын еселей түсуде.
Бүгінде жобалық кұны 2 миллион теңгеден жоғары жылыжай кешенінде ауыл жастары маусымдық жұмыспен қамтылуда.