Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Айнұр Балқыбаева 200 бас үй тауығын асырап, тәулігіне 180-200 дана жұмыртқа алуда. Қазіргі таңда Темірлан ауылының тұрғындары мен әлеуметтік маңызы бар сауда дүкендерін үй тауығының жұмыртқасымен қамтып отыр. Кәсіпкер алда уақытта тауық санын 2000 басқа ұлғайтып, кәсібін жандандыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ, Көктөбе елді мекенінде жеке кәсіпкер Досхан Жолдыбаев 3 гектар жер теліміне қызанақ пен қияр егіп, үй шаруашылығында 5000 дана шыны ыдыс (банкіге) 6 өнім түрін (қызанақ, бүтін қияр, салаттың 4 түрін) жабуды жоспарлауда.
Жобаға ниет білдірушілерге аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан мастер-класс, семинарлар өткізу жоспарлануда.
Ал, Бөржар ауыл округінде тағамдық жұмыртқа өндірісі қолға алынды. Бөржар ауыл округінде орналасқан «Рыс» өндірістік кооперативі тағамдық жұмыртқа өндірумен айналысатын құс фермасын ашты. Бүгінгі таңда мұндағы 2 мың бас үй құсынан тәулігіне 1700-1900 дана жұмыртқа алынуда.
Қыркүйек айында кооперативтің 2 корпусы іске қосылып, қосымша 2 мың бас құстан жұмыртқа өндірілетін болады.
Серіктестік бүгінде 4 адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтып, орташа есеппен 100 -130 мың теңге көлемінде жалақы төлеуде.