Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев Төрткүл, Қарақұм, Жеңіс, Бөген ауыл округтеріне барып, бірқатар құрылыс нысандары мен аграрлық секторлардың жұмысымен танысты.
Күрделі жөндеуден өтіп жатқан әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңын аралап, аталған ғимараттың бірінші қабатына Халыққа қызмет көрсету орталығы, Атамекен кәсіпкерлер палатасын шоғырландырып, ауыл тұрғындарын бір орталықтан қызмет көрсетуді тапсырды.
Мұнан соң, Бағлан Дәнебекұлы Төрткүлдегі спорттық-сауықтыру кешені, ПМК аумағындағы жаңадан салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарына қанықты. Сондай-ақ, Төрткүлдің орталығындағы Д.Қонаев көшесі мен ауылдық емхананың күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді.
Мердігерлермен кездескен аудан басшысы, құрылыс қарқынын үдетіп, мерзімді уақыт ішінде сапалы етіп аяқтауды ескертті.
Аудан әкімі бұқаралық спортты дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барып, кесімді уақыт ішінде кешенді халық игілігіне беру жағын қадағалады.
Жеке кәсіпкер С.Қонысовтың жаңадан салынған 2500 тонна көкөніс сақтау қоймасымен танысып, «Керемет - Ұста» ЖШС салған сиымдылығы 5680 м3 қойманың ауыл шаруашылық өнімдерін сақтау қуаттылығын көріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Кезекті сапар барысында аудан әкімі Жеңіс елді мекеніндегі Р-5 каналына барып, ондағы қордаланған мәселелерді назарға алды. Әрі, тиісті әкім орынбасарлары мен салалық бөлім басшыларына тасырма берді.
Бөген елді мекеніне барған аудан басшысы «ҚазСуШар» РМК теңгеріміндегі 44 құдықтың жөндеу жұмыстарын көріп, тұрғындарды уақытылы ағын сумен қамтамасыз ету үшін құдықтарға электр энергиясын жылдамдатып іске қосуды міндеттеді.
Кезекті сапар барысында аудан әкімі Бөген елді мекеніндегі жергілікті шаруа қожалықтарының мемлекеттік бағдарламалармен алынған ауыл шаруашылық техникаларының көрмесін аралап, шаруаларға агро секторлар мен мал шаруашылығында жаңа технологияны көптеп енгізіп, өндірісте кәдеге жарату жағын тілге тиек етті. Әрі Бөгендегі «Пернебек» шаруа қожалығының 60 бас ірі қара мал (жылқы) бордақылау алаңына барып, кірісін еселеп отырған шаруашылық иесі Бағдат Пернебековке шаруаларға берілетін мемлекеттік субсидияның тиімділін айтты. Әрі шаруашылық алаңын кеңейтуге шақырды.
«Бөген -Су» шипажайын аралап көрген аудан әкімі болашақта Ордабасы ауданы аумағындағы жерасты ыстық суларын тиімді пайдалана отырып, ауданды медициналық туризмнің орталығына айналдыруға болатындығын айтып өтті