Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында кәсіпкерлік саласы мен өндірісті дамытуға үлкен басымдық берді. Бүгінде жолдау жүктеген міндеттер жергілікті жерде жоспарлы түрде іске асып жатыр.
Ордабасы ауданына қарасты Қарақұм ауылдық округінің тұрғыны Бауыржан Райымбеков сауын сиырдың санын көбейтіп отырған кәсіпкер. Ол біраз жылдан бері «Ырыс» микрокредиттік қаржы ұйымынан несие алып, өз кәсібін өркендетіп келеді.
- «Несиені алардан бұрын оны қалай қайтаруға болатынын ойлау керек. Бизнес-жоспар жасағанда жеті рет өлшеп, бір кескен жөн. Әйтпесе, шығынға ұшырайсың. Алғашқыда мен бар-жоғы 500 мың теңге алдым. Оған базардан жиырма шақты уақ мал алып, бордақылап саттым. Тәжірибе жинаған соң тағы 6 пайызбен 1,5 миллион теңге алып, оған ірі қара мал алдым. Одан да жаман болған жоқпын, бір жылда төлін алып, қалғанын сатып, қарызымнан құтылдым. 2016 жылы 2,5 миллион теңге алып, соның есебінен сауын сиырдың санын көбейттім» - дейді ол.
Бүгінде қорасын малға толтырып, кәсібін бір жүйеге келтіріп алған Бауыржан Райымбековтің «Ырыс» микрокредиттік қаржы ұйымына айтар алғысы мол. Бұл ұйым егін шаруашылығымен айналысқысы келетіндерді де қаржылай демеп келеді. Бүгінде ауылдағы 30 шақты азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті.