Былтыр халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығында ағын су мәселесін шешу үшін суландыру жүйесінде жаңа технологияларды енгізуді тапсырғаны белгілі.
Түркістан өңіріндегі 267 млн.м3 ағын су тапшылығы 6 жоба арқылы шешіледі. Бұл туралы Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Облысты ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен отырыста талқыланды. Осы мақсатта облыс аумағында ауқымды жұмыстар жасалуда. Өңірде іске асырылып жатқан ірі су нысандарының құрылысы толық аяқталғанда ағын су тапшылығы толығымен жойылмақ.
Үкімет қаулысымен облыстағы 5 су нысаны, атап айтқанда «Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы және «Қараспан» магистралды каналы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бұйрығымен «Қараспан» су торабы республикалық меншіктен облыстық меншікке қабылданды.
Оларды күтіп ұстау мақсатында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекемеде жаңадан 200-ге жуық штаттық бірлік жұмыс орны ашылып, 30-дан астам арнайы техникамен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде Түркістан өңіріндегі су нысандарын бір қолдан басқару жүзеге асырылып, вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығының алдын алуға негіз болды.
«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында ағын су тапшылығын жою мақсатында ірі су нысандары құрылысын жүргізуге басымдылық берілді.
Атап айтқанда, Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша бұрын ағын су 43 %-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 36 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн.м3 су үнемделіп отыр. Жалпы жобасы аясында 60 млн.м3 су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. Бүгінгі күні 1,5 шақырым абаттандырылды.
Ал, «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасын салу жобасы бойынша 34 млн.м3 ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 28 метрге дейін көтеріліп, 60 % бетонмен қапталды. Нәтижесінде, биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол берілмей 5 млн.м3 су жинауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша бөгет 34 шақырым ұзындыққа көтеріліп, биылғы жылдың өзінде 250 млн.м3 су жинақталды. Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді.
«Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жоба мемлекеттік сараптама қарауында. Нәтижесінде Түркістан қаласына жылына 53 млн.м3 ағын су қосымша жеткізілетін болады.
«Сарқырама» су қоймасын салу жобасы бойынша құжаттар әзірленуде. Вегетациялық кезеңде «Бөген» су қоймасына қосымша 50 млн.м3 су тасталып, Түркістан өңірі бойынша ағын су кепілді түрде жеткізіледі.