Түркістан облысының Бәйдібек ауданында 100 мың кітап қорына арналған аудандық орталық кітапхананың құрылысы басталды. Аудан орталығы Шаян ауылында бой көтеретін екі қабатты кітапхана ғимаратының құрылысын мердігер мекеме «Құрылыс Энерго KZ» жауапкершілігі щектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев хабарлады.
Аудан есебінен емес, тіпті облыстық бюджеттен де емес, республикалық бюджеттен қаржысы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған аудандық орталық кітапхананың ғимараты бекітілген жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Бәйдібек ауданы әкімідігінің осы салаған жауапты қызметкерлерінің айтуынша, су жаңа кітапхананы жаңа жыл мерекесі қарсаңында ел игілігіне беру көзделген.
Бүгінде аудандық мәдениет үйінің ғимаратында отырған орталық кітапхана солай келер жылдан бастап заман талаптарына сай салынған жаңа ғимаратта жұмыстарын бастайтын болады. Жаңа білім ошағының құрылыс барысы, орындалу сапасының нормативтерге сай болуы аудан басшылығының, тиісті бөлім басшысы мен қызметкерлерінің жіті бақылауында тұр.
Жалпы, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында бүгінде 25 кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде 23-і ауылдық кітапхана, 1-еуі аудандық орталық кітапхана болып табылады. Сонымен қатар, аудан орталығында бір балалар кітапханасы бар. Жұмыс істеп тұрған балалар кітапханасының кітап қоры 221 мың 849 оқулықты құрайды.