Соңғы 30 жылда алғаш рет 2020 жылдан бері оңтүстік өңірінің шаруалары егістікке кедергісіз ағын су ала бастады. Нәтижесінде мақта терімі рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл жетістіктер – екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық байланыстардың нығая түсуінің нәтижесі. Түркістан облысына арнайы келген Өзбекстан республикасының төтенше жағдайлар министрі, Президент кеңесшісі Тұрсынхан Құдайбергенов пен Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев бастаған делегация ауыл шаруашылығы саласына серпіліс әкелген өзгерістерге куә болып, мақталы аудандардың шаруаларымен кездесті. Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге мақтааралдықтардың бүгінгі тыныс - тіршілігімен танысты.
Былтыр Мақтаарал ауданындағы су басқан егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, шитті мақта егу жұмыстарына көрші елден қолдау көрсетілді. Өзбекстан Республикасының Жызақ және Сырдария облыстарынан 40 арнайы техника мен 250 тонна мақта шиті жеткізіліп, суы тартылған елді мекендердегі шаруаларға көмектесіп, мақта дақылын қайта егіп берген еді. Көршіден келген көмекті мақтааралдық диқандар ризашылықпен еске алады. Оның үстіне биылғы қуаңшылыққа қарамастан мақталы аудандардың шаруалары ағын суды артығымен алды. Сардоба апаты салдарынан Мақтаарал ауданындағы 7 мың 500 гектар егістік алқап зардап шеккен болатын. Егістікке қайтара мақта дәнін себу жұмыстары жүргізілді. Сол кезде Мырзашөл топырағына егілген өзбекстандық «Сұлтан» мақта сұрпы жоғары сапалы өнім берді.
Арнайы делегация «Алмат» шаруа қожалығының мақта терім алқабында болып, диқандармен жүздесті. Қуаңшылыққа қарамастан ағын суды артығымен пайдаланған шаруалар биыл мол өнім алуға ниетті.