Түркістан облысында оқушылардан құралған «Облыс тарихы» керуен-шеруі жолға шықты

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» ұйымдастыруымен «Облыс тарихы» керуен-шеруі жолға шықты.

«Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» директоры Бақытжан Ешенқұловтың айтуынша, оқушылардың жазғы демалысын үнемді пайдалану, мәдени және тарихи мұраларды дәріптеуге және тарихи естеліктерді сақтауға баулу мақсатында «Облыс тарихы» керуен-шеруі ұйымдастырылған екен. Бүгінгі күні керуен жолға шығып, Отырар ауданында тарихи-мәдени ескерткіштермен танысуда. 

- Оқушылардың жазғы демалысын үнемді пайдалану мақсатында ұйымдастырған «Облыс тарихы» керуен-шеруі өз нәтижесін беруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Түркістан қаласында өткен құрылтайда бала тәрбиесіне, тарих пен мәдениетті тануда жастар бойына патриоттық сезімді ұялатудың маңызы жоғары екенін айтты. Жалпы Президентіміз айтқандай, өскелең жас ұрпақ кемел адам болып қалыптасуы үшін олардың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын біліп өсуі маңызды. Біз балалардың сапалы білім алуымен қатар, рухани дамуын, дүниетанымы кең болуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бағытта Президент мектепте оқушылардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Біз бүгінгі таңда сол бағытта жұмыс жоспарымызды құрып, оқушылардың жазғы демалысын да балалардың танымын арттыру мақсатында құрып, жұмыс істеудеміз, - дейді орталық директоры Бақытжан Ешенқұлов.

Жоспар бойынша  аталған керуен бір апта ішінде Отырар, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Сайрам аудандары мен Шымкент, Түркістан қалаларын аралап шығады. Керуен-шерудің салтанатты ашылуы Шымкент қаласы,  Маржан Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернатының ғимаратында әр аудан, қалалардан 10 оқушыдан құралған, түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дарынды, өнерлі, өз елінің патриоттары яғни, 170 оқушының қатысуымен өтті. 

Бес күндік іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған орталық директоры Бақытжан Қабайұлы, тарихи керуен-шеруге қатысушы балалар мен олардың жетекшілеріне өзінің ақжарма алғысын айтып, алдағы саяхатқа сәт-сапар тіледі.

Айта кетейік, «Облыс тарихы» атты керуен-шеруі 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі Түркістан облысының 2022–2024 жылдарға арналған жол картасы негізінде және Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы мен «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес өткізіліп келеді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер