Түркістан облысынан 10 өнерлі, дарынды, спортшы оқушылар мен 2 жетекші бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен халықаралық мәдени білім беру форумына қатысуда.
Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, бұл форум Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы Бостандық ауданына «Достық балалары» тақырыбында тәуелсіздік мемлекеттер достығы елдерінің XVIII Халықаралық мәдени-білім беру форумы аясында өткізіліп жатыр екен.
- Бұл форумның маңызы жоғары. Ол форумға елімізден бөлек, Қырғыз, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларуьс және Өзбекстан сынды 8 мемлекеттің оқушылары қатысуда. Форумға барған оқушылар Республикалық «Семург» атты жыл бойына жұмыс істейтін лагерге орналастырылған. Лагерде балалар үшін барлық жағдай жасалған. Лагерде күнделікті өтетін іс-шаралар бағдарлама бойынша түзілген. Ең бастысы, әр мемлекеттің таныстырылуын 8 күнге бөліп, 1 күнді әр мемлекетке арнаған. Ал «Қазақстан күні» таңғы жаттығудан басталды. Балалар жаттығуды қазақтың «Қара жорға» биіне билеп, қазақтың әндерінен түрлі қимылдар жасатып, соңы флешмобқа айналды. Ал презентация Қазақстан Республикасының ән ұранынан басталды. Әрі қарай өзге мемлекеттерді Жаңа Қазақстанымыздың тарихымен таныстырды. «Жаса Қазақстан» әнін орындаған Дидар Қалыбай көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра» деп ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, домбыраның шығу тарихымен таныстырды. Абдіқадір Нүркен «Адай» күйі мен «Молдабайдың» термесін жоғары дәрежеде орындап берді, - деп басқарма басшысы көрші елде өтіп жатқан форум аясында «Қазақстан күнінің» ерекше аталып өткеніне тоқталды.
Басқарма басшысының айтуынша, онда Республикамыздың барлық қалалары салынған суреттерден мольбердтер қойылыпты. Ұлттық қолөнерімізден көрме, ұлттық тағамдар көрмесі (бас, қазы, қарта, қымыз, бауырсақ, шелпек, тәттілер) де көптің көңілінен шыққан. Онда Ұл-қыздарымыз қазақтық ұлттық киімдерінен дефиле көрсетіп, мың бұралған биімен көрерменін тәнті етіпті.
Сонымен қатар, қазақтың ұлттық «Сақина салу» мен «Орамал тастау» ойындарын ойнағанда 7 мемлекеттен келген бүлдіршіндер қызығушылық танытып, оқушыларымызбен бірге қосыла ойнапты.
Жалпы форум әлі жалғасын табуда.