Түркістан облысында бүгінгі таңда ашылып жатқан мектеп саны мыңнан асты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, бұл республика бойынша рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, облыста облыс үшін мектеп қажеттілігі әлі де бар. Сондықтан мектеп құрылысы әлі де жалғасын табуда.
- Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2024 жылдары 63 мектептің құрылысы жоспарға енгізілді. Бұл мектептердің жұмысы және өңіріміздің білім сапасын арттыруда барынша тиімді пайдалану жағын қарастырудамыз. Сондай ақ, мектептер 395 жаңа модификацияланған кабинеттермен, атап айтсақ, химия, биология, физика кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталатын болады.
Сонымен қатар, облыста күрмеуі көптен бері шешілмей келген мәселе - оқушылардың тасымалы. Биыл ол шешімін тапты. Облысқа 101 жаңа, заманауи автобустар лизингпен алынды. Бұл көліктер қазіргі кезеңдегі ең озық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл автобустар мектептері жоқ ауыл балаларының қауіпсіз әрі жайлы тасымалын ұйымдастыратын болады, - дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Ауыл демекші. Биыл ауыл мектептерінің сапасын арттыру мақсатында Отырар ауданында алғаш тірек мектебі жасақталды. Заманауи үлгіде жасақталған бұл мектепте Назарбаев зияткерлік мектебі тарапынан білім сапасын арттыру, басқару жөнінде мұғалімдер мен директорларына тренинг сабақтар жүріп, ол әрі қарай ауданның 6 ауылдық мектебіне басшылық жасап, үлкен әдістемелік орталыққа айналдырылмақ.
-Жалпы облыстық білім саласының бюджеті 600 миллиард теңгеден асты. Үш жылдық қаражаты бекітілді. Соңғы жылдар ішінде алғаш рет оқу жылын мұғалімдер алдында қарызсыз жаптық. Бірақ біздің басты мақсатымыз қаржы жүйесінде заңбұзушылыққа жол бермеу. Сондықтан қаражаттың тиімді әрі заңды жұмсалуын қамтамасыз ету үшін бұлтты бухгалтерия жобасы енгізілуде. Қазіргі таңда үш аудан апробациядан өтті. Алдағы уақытта бүкіл облыстық білім ұйымдары осы бағдарлама негізінде жұмыс істейтін болады, - дейді облыс әкімі.