«Фараб» әмбебап кітапханасында «KitapХАН@» облыстық жобасының ІІ айналымының финалдық кезеңі өтті. Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының қолдауымен «Білім беруді дамыту орталығы» КММ директоры Бақытжан Төлімбеттің тікелей бастамасымен «KitapХАН@» кітап оқу жарысы «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» республикалық ұлттық жоба аясында өтті.
«Білім беруді дамыту орталығы» КММ директоры Бақытжан Төлімбеттің айтуынша, жобаның мақсат – әр мектепті оқуға құштар мектепке айналдыру білім беру ұйымдарының педагогтері, колледж оқытушылары және ата-аналардың кітап оқу құштарлығын арттыру. Сонымен қатар оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын дамыту, кітап оқу мәдениетін терең қалыптастыру, шығармашыл әлеуетін көтеру.
Аталған іс-шараға Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары Ардақ Садықова қатысты. Сондай-ақ, атаулы шараға қонаққа арнайы Steppe&World баспасының директоры Раиса Сайранқызы, «Мазмұндама» баспасының директоры Теңіз Жұмабекұлы, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Болатұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Сейітман қатысты.
Финалдық кезеңде қатысушылар белгілі ақын-жазушылардың еңбектерінен үзінді оқып, қоғамда кітап оқудың маңыздылығына ерекше мән берді. Ақтық мәреге Түркістан облысы бойынша 8 педагог, 4 оқушы іріктеуден өткен. Байқауға қатысушылар өздері оқыған кітаптарын 7 минутта қорғап, нәтижесін оқырманға жеткізді.
Жылдық қорытынды байқауда педагогтер арасынан Мақтаарал ауданы №14 колледж МКҚК қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әлім Бексұлтан «Жыл жеңімпазы - 2023», оқушылар арасынан Шардара ауданы Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Алина Қыдырбек «Жыл жеңімпазы - 2023» атанды.
Сонымен қатар, бірқатар қатысушылар «Зерек оқырман», «Кітапқұмар оқырман», «Ұшқыр ойлы оқырман», «Зейін оқырман», «Оқуға құштар оқырман», «Рухани бай оқырман» атты номинациялармен марапатталды. 12 финалистке «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» демеушілігімен құнды, бағалы сыйлықтар табысталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан обылысында 2021 жылдан бастап «KitapХАН@» кітап оқу жобасы бастау алды. Жоба облыстың білім беру ұйымдарының педагогтері, оқушылары және ата-аналар қауымының кітап оқу мәдениетін терең қалыптастыру, шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында жүргізіліп келеді.
Бүгінгі күнге дейін жобаға педагогтер арасында 60 апталық, 15 айлық шығарылымдар, 5-10 сынып оқушылары арасында 33 апталық, 9 айлық шығарылымдар ZOOM платформасы арқылы фейсбук желісінде, орталықтың ютуб каналында тікелей көрсетіліп, таратылды.