Түркістан облысында салынатын жайлы мектептер орын тапшылығын жоймақ

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 57300 орындық 63 жаңа мектеп салу жоспарланған. Ұлттық жобаның басты мақсаты – мектептердегі орын тапшылығын болдырмау, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу.

Screenshot_8.jpg

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтуынша, ұлттық жоба аясында салынатын мектептер бойынша барлық аудан, қалада бой көтеретін мектептердің құрылысы бойынша әкімдер мен жауапты басқарма басшыларына тапсырма берілген. Сонымен қатар облыс басшысы құрылысқа қажетті жабдықтарды отандық және жергілікті тауар өндірушілер арқылы қамтамасыз етуді де талап етіп қойып отыр. 

-Ұлттық жоба аясындағы өңірде 2024-2025 жылдары жалпы 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 оқушы орнына арналған екі ауысымды мектептер салынады. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында іс-шаралардың ашықтығы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария еткен еді. Осылайша 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешіп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтылмақ, - дейді облыс басшысы. 

Дархан Сатыбалды «Жайлы мектеп» жобасын тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.

- Мемлекет басшысының жайлы мектептер салу жөніндегі игі бастамасын жүйелі жүзеге асыруымыз керек. Халық тығыз орналасқан және бала саны бойынша көш бастап тұрған біздің өңір үшін бұл аса маңызды жоба. Біздің балаларымыз заманауи мектепте білім алуға толық құқылы. Бұл істе аса жауапкершілік пен жанашырлық қажет. Қағазбастылықтан арылып, жұмысты ширату керек, - деді облыс әкімі.

Жайлы мектептердің басты ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Зәулім мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай болады. 

Сондай-ақ пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар – бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар қойылады. Тынығу алаңдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жағдай жасалады. Дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылмақ.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер