Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауыл округіне қарасты, Әсіларық ауылында орналасқан №49 Ш.Уалиханов атындағы мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген болатын. Бүгінде аталған 300 орындық білім ошағында 499 оқушы екі ауысымда білім алуда.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтың айтуынша, жалпы Қайнарбұлақ ауыл округіне қарайтын Әсіларық ауылынан басқа Қасымбек, Датқа және Ошақты елді мекендерінде 3 мектеп жұмыс істейді. Бұл окруктегі мектептер ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді. Мәселен, Қасымбек Датқа ауылындағы 300 орындық №67 Көмешбұлақ орта мектебінде бүгінде 477, К.Тленшин атындағы 600 орындық мектепте 719, Құрманғазы атындағы 150 орындық мектепте 160 оқушы білім алуда.
- Бүгінгі күні бұл білім ошақтарының кейбірі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осы жылы Әсіларық елді мекенінде орналасқан №49 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 675 383 мың теңге бөлініп, мектептегі кемшіліктер толығымен жойылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Сайрам ауданы бойынша 3 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр, - дейді Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов.
Оның айтуынша, 2023-2024 жылдар аралығында жоспарға сәйкес Ақбұлақ ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысын салу жоспарланған. Ал 2024 жылы Ақсу ауылындағы 600 және Қарасу ауылдық округіндегі Қарасу ауылында 600 орындық мектеп салу көзделген.
-Жоғарыда айтылған Әсіларық ауылына «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 600 орындық мектеп салу жоспарланған. Оның құрылыс жұмысын жүргізу үшін ауыл сыртынан Қайнарбұлақ ауылдық әкім тарапынан 2,4 гектар жер телімі бөлінген еді. Бірақ осы жоба бойынша Түркістан облысы тарапынан құрылған комиссия нысандарды тексеру барысында Қайнарбұлақ ауыл округі Әсіларық ауылынан құрылысқа деп бөлген жер телімі жаңа мектеп құрылысына лайықты болмай шыққан. Жаңа мектеп салатын орынның ауыл сыртында орналасуы және оның ойлы-шұңқыр болып келуі де құрылыс жұмысының кері ысырылуына себеп болған.
Жоғарыдағы мәліметке сәйкес Әсіларық ауылынан жаңа 600 орындық мектеп салу үшін жер телімі анықталмаған. Осы бойынша Қайнарбұлақ ауылы әкіміне білім бөлімі тарапынан ағымдағы жылдың 24 мамырында №229-11/01-09/1297 санды хатпен мектеп құрылысы үшін жер телімін анықтап беру жөнінде хат берілген. Алдағы уақытта мектеп құрылысы үшін жер телімі анықталып, мемлекеттік актілері дайындалған жағдайда «Жайлы мектеп» жобасының екінші кезеңіне жоспарға адами әлеуетті дамыту басқармасына ұсыныс беріледі, - дейді аудан әкімі.