Түркістан облысының құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Бұл жылдарда облыс аумағында көп жұмыс атқарылды. Соның ішінде білім саласында соғылған мектептер аз емес. Жалпы Президент жарлығымен жаңадан құрылған Түркістан облысы өңірге жаңа серпін берді және жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты.
Түркістан облысының әкімі Дархан сатыбалдының айтуынша, аймақта соңғы 5 жылда 100 мектеп салынып, оның басым бөлігі пайдалануға берілген. Рухани шаһар облыс орталығына айналмас бұрын білім ордаларының саны 900-дің жобасында болса, қазір мыңнан асып жығылады. 78 мектептің құрылысы бюджет есебінен жүргізіліп, бүгінде 64 білім ошағының құрылысы аяқталған. Бұл үш ауысымды мектептер өзектілігін шешуге өз септігін тигізіп отыр.
Одан бөлек, 108 мектептің асханасы жаңғыртылды. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін 907 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, 750 мектептің бейнекамерасы полицияның жедел асқару орталығына интеграцияланған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді. Президентіміз: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», дей келіп, мектеп құрылысына басымдық беріп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында апатты, үш ауысымды және орын тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірде «1000 мектеп» бағдарламасымен жалпы 7500 орынды 24 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде биыл 11 білім ұясы пайдалануға берілмек. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі, - дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімінің айтуынша, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық шеңберін іске асыру мақсатында облыста 49 мың орынды құрайтын 63 мектептің құрылысы жүргізілмек. Биыл жыл соңына дейін Түркістан облысында жалпы оқушы саны 5150 орындық 20 мектепті пайдалануға берілу жоспарланған.
- Білім саласына қатысты Президентіміз аз айтып жүрген жоқ. Жайлы мектеп жобасы да орын тапшылығын жою мақсатында қолға алынған жобаның бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан құрылтайында тапсырған міндеттері мен жобаларды кезең кезеңмен жүзеге асырудамыз. Бұған дейін де айтылып жүрген ең басты мәселелердің бірі – ауыл мектептерін дамыту. Бұған қатысты нақты шаралар атқарылып жатыр. Олар жүйелі түрде іске асқан жағдайда ауыл мектептері келешекте оқу-ағарту саласының жетекшісіне айналатынына сенемін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелері, біздің алдымызға қойған міндеттері мен берген тапсырмалары бойынша барлық білім мекемесінде тиісті шаралар атқарылып, нақты жұмыстар істеледі», - дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.