Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Сайрам ауданында «Оқушылар үйі» мемлекеттік комуналдық қазынашылық кәсіпорнының балансындағы қала сыртындағы «Болашақ» жазғы сауықтыру лагерінде болып, оның жұмыс барысымен танысты.
Лагерь бір мезгілде 314 баланы қабылдауға қауқарлы. Жазғы сауықтыру демалысындағы балалардың жасы 7 мен 14 жас аралығын қамтиды.
Өз кезегінде Дінислам Болатханұлы тиісті мамандарға оқушылардың демалысын қызықты өткізуге, арнайы бағдарлама жасап, спорттық жарыстар, байқаулар мен кездесулер, танымдық ойындары жүргізуге, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды.
Сайрам ауданындағы «Оқушылар үйі» МКҚК-ның педагогтары, штаттық кестеге сәйкес лагерде 8 ауысымда қызмет етуде. Атап айтсақ, олардың қатарында тəрбиешілер, дəрігер, медбике, музыка сүйемелдеушісі, денешынықтыру тәрбиешісі, аспаздар және техникалық қызметкерлер бар
Осы жылы лагерде аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан 2131, мүмкіндігі шектеулі 69, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 61, мектеп интернатынан 151 баланы, ал ата-аналар төлем ақысымен 100, сонымен жалпы 2512 баланы демалдыру жоспарланған. Әр ауысымның ұзақтығы 10 күнді құрайды. 2023 жылдың жазғы маусымындағы демалыс ауысымдарының саны - 8 ауысым.
Балаларға нормативтік құжаттардың талаптарын сақтай отырып бес мезгіл ас беріледі. Оның үш мезгілінде ыстық тамақпен қамтылса, 2 мезгілінде жеңіл ас қаралған.
Оқушыларға әр ауысымның демалу мерзімі кестеге сәйкес жүргізіледі.
«Лагерь жұмысымен жан-жақты таныстым. Бастысы балалардың көңіл-күйі көтеріңкі. Лагерь қызметкерлері ұсынған күнделікті бағдарлама өз жоспарында орындалып жатыр екен. Балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалуын басқармадағы тәрбие және қосымша білім беру бөлімі жіті бақылап отыр» - дейді басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы.